Абат Айымбетов Түркия Суперлигасына ауысты

Qaz365.kz редакциясы

Енді Түркия чемпионатында екі қазақстандық футболшы доп тебеді

Фото: «Адана Демирспор» парақшасынан

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Түркияның «Адана Демирспор» клубының ойыншысы атанды. Бұл жайында команданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Келісімшарт 1,5+1 жүйесі негізінде жасалған. Ол түркиялық командада сенегалдық шабуылшы Мбайе Ньянгтің орнын басады. 

Айтпақшы, бұл команда сапында біраз жұлдыздар бар. «Манчестер Юнайтед» сапында Чемпиондар лигасында топ жарған, Португалия құрамасымен Еуропа чемпионы атанған Нани, Италия футболының «еркесі» Марио Балотелли осында жүр. 

«Адана Демирспор» 2021/22 жылғы маусымнан бері Түркия суперлигасында ойын көрсетіп келеді. Түркия суперлигасының 23-турынан кейін команда 31 ұпаймен сегізінші орында тұр.

Абат Айымбетов бұған дейін «Ақтөбе», «Қайрат», «Астана» сияқты Қазақстанның үздік командаларында доп тепкен.