Ұлттық қор – балаларға: 45 мың теңге ай сайын беріле ме

Qaz365.kz редакциясы

Ұлттық қордан балаларға берілетін ақшаны есептеу қалай жүзеге асады?

Фото: egemen.kz

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Президент ұсынған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін мәлімдеген.

2006 жылы және одан кейін дүниеге келген Қазақстанның барлық баласына жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50%-ы түсіп тұрады. Табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл ішіндегі орташа сомамен есептеледі. Барлық бала бірдей сома алады.

Алғашқы төлем 100 доллардан, яғни 45 мың теңгеден түсті. Тексеру үшін kids.enpf.kz сайтында баланың ЖСН енгізіп, «тексеру» түймесін басу қажет.

18 жылда баланың шотында қанша ақша жиналады?

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын арнайы шот балаларға автоматты түрде ашылады. Жиналған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады.

Болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады. Алайда бұл сома өзгеруі мүмкін – бәрі Ұлттық қордың кірістілігіне байланысты.

Ал бағдарламаға 17 жастан бастап қосылған баланың шотына бір жыл ішінде небәрі 100-150 доллар түседі.

Шоттағы ақша доллармен есептеледі және 18 жасқа толғанда доллармен беріледі. Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. 2006 жылы және одан кейін дүниеге келген Қазақстанның барлық баласына жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50%-ы түсіп тұрады. Табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл ішіндегі орташа сомамен есептеледі. Барлық бала бірдей сома алады.

Егер 18 жасқа толмаған бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.

Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.

Ақшаны қайда жұмсауға болады?

18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты тек екі мақсатта пайдалана алады.

Біріншісі – баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте тұрғын үйді тек Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі.

Екіншісі – білім алу. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар.

Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған.

Ұлттық қордың табысы қалай есептеледі?

Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Инвестициялық табыстың 50 пайызы кәмелетке толмаған балалар арасында теңдей бөлінеді.

Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады.

Әр жылдың 20 қаңтарына дейін бағдарламаға қатысатындардың соңғы тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін шотқа ақша аударылады.

Қаражат қашан зейнетақы шотына түседі?

Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады.

Бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.

Бір үйдің балалары "Отбасы банктен" ортақ депозит аша алады

Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты "Отбасы банктегі" ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын "Отбасы банкіне" аударып, бірігіп пәтер сатып алу қарастырылған.

Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады.

Еске салайық, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қордан балалардың шотына неге 160 доллар емес, 100 доллар түскенін түсіндірген болатын.