×

Былғары бар, табан жоқ: Қазақстанда аяқ киім өндірісі неге тоқырап тұр

Отандық өндірістің үлесі небәрі  — 4,3%.

Былғары бар, табан жоқ: Қазақстанда аяқ киім өндірісі неге тоқырап тұр
Коллаж Qaz365.kz

Қазақстан халқы киіп жүрген аяқ киімінің 90%-дан астамы — шетелден әкелген импорт өнім. Көбін Қытай, Өзбекстан, Ресей мен Түркиядан әкеледі. Елде бірлі-жарым аяқ киім фабрикасы бар, бірақ көбі әскерилерге арнап аяқ киім тігеді, не арнайы салалық мемтапсырысты орындайды. Ал қарапайым тұтынушыға арналған отандық өнім тым аз. Демек, отандық аяқ киім өндірісі кенже қалып, жыл сайын миллиардтаған теңге сыртқа кетіп жатыр.

Шешім журналистикасы жанрында жазылған бұл мақалада отандық аяқ киім өндірісінің жай-күйін талдап, нарықтағы үлесін қалай арттыруға болатынына шешім іздедік. Әлбетте, шешім кілті ең әуелі мемлекет қолдауына тіреледі десек те, мәселені шешудің қарапайым жолдары да бар.

БҰЛ МӘСЕЛЕ НЕЛІКТЕН ӨЗЕКТІ?

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы мәліметінше, спорттық, қорғаныс және ортопедиялық аяқ киімдерді есептемегенде, 2024 жылы Қазақстанда 25,8 млн жұп аяқ киім сатылған. Бір қызығы, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 45%-ға азайып, 2011 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түскен

Бюро дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда 45,8 млн жұп дана аяқ киім сатылып, оның 44,4 млн жұп данасы сырттан әкелінген.

Ал 2024 жылы сатылған 25,8 млн жұп аяқ киімнің 24,8 миллионы — импорт өнім. Яғни, отандық өндірістің үлесі небәрі  — 4,3%. Соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш те осы — 4,3%. Жалпы ахуалды мына кестеден де көруге болады:

Коллаж Qaz365.kz

Импорттың үлесі өте жоғары. Егер бір аяқ киімнің орташа бағасы 15 мың теңге деп есептесек, қазақстандықтар былтыр шетелдік аяқ киімге шамамен 372 млрд теңге, ал бағасы 20 мың теңге болса — 500 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.

Бұл сандар еліміздің аяқ киім нарығында да сыртқы экономикалық тәуелділігін айқын көрсетеді. Нәтижесінде:

  • Ұлттық валюта бағамы тұрақсыз бола түседі,
     
  • Қаражат шетелге кетіп, ішкі нарықта айналымға түспейді,
     
  • Жергілікті өндіріс тоқырайп, сала дамымайды,
     
  • Білікті маман тапшылығы күшейеді,
     
  • Инновация мен жаңа технологияларды енгізуге ынта болмайды.

Қазақстанда тұтынушы нарық ғана қалыптасып, өңдеу өнеркәсібінің дамуы тежеліп тұрғаны аяқ киім өндірісінің хал-ахуалынан да байқалады.

Қазақстанға аяқ киімді негізінен Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Вьетнамнан  әкеледі. Мына инфографикадан 2024 жылы қай елдерде өндірілген қанша жұп дана аяқ киім импортталғанын көруге болады:

Коллаж Qaz365.kz

Шетелден әкелетін аяқ киім түрлері сан алуан: резеңке, пластик, тоқыма, теріден тігілген. Тізімдегі 5 елден бөлек, Индонезия, Италия, Камбоджа, Испания, Украина, Үндістан, Бангладеш, Қырғызстан, Түрікменстан және тағы басқа ондаған мемлекеттен  аяқ киім тасымалдайды.

Айта кетейік, 2021 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанда аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Бұрын елге аяқ киімдердің 48,5%-ы контрафакт жолмен кіргізілген екен. 

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС НЕЛІКТЕН КЕНЖЕ ҚАЛЫП ОТЫР?

Қазақстанда аяқ киім өндірісі неліктен дамымай жатыр? Осы сұраққа жауап табу үшін Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми сауал жолдадық. Мақсатымыз – импорт үлесінің тым көп болуына не себеп және  отандық өндіріс үлесі неліктен  мардымсыз күйде екенін анықтау.

2023 жылы Қазақстанда 1,7 млн жұп аяқ киім шығарылғанымен, 2024 жылы бұл көрсеткіш неліктен 1 млн жұпқа дейін неге азайғанын және елімізде қанша зауыт пен фабрика бар екенін, олар 2022–2024 жылдары қандай мемлекеттік қолдау алғанын да сұрадық.

Статистика көңіл көншітпесе де, министрлік жауабы оптимизмге толы боп шықты.

«Саланың оң дамуы жалғасуда: өндірістер жаңғыртылып, шығарылатын өнім ассортименті кеңейіп, кәсіпорындар саны ұлғайып келеді» - делінген министрліктің ресми жауабында.

Министрліктің есебінше, қазіргі таңда аяқ киім өндірісі саласында 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ал жалпы тері және оған қатысты өнімдер өндірісінде 1,1 мыңнан астам адам еңбек етеді. «Жамал-ай», «ТаразКожОбувь», «Семей», «Алматы аяқ киім фабрикасы», «Казлегпром-Алматы» және т.б. ірі кәсіпорындар бар.

Дегенмен, сала мамандарының пікірі басқаша. Нақты өнім көлемі азайып, нарықтың басым бөлігін шетелдік өндірушілер алып отыр.

ЕҢ ӘУЕЛІ — БЫЛҒАРЫ МӘСЕЛЕСІ

Жалпы аяқ киім тігуге екі негізгі компонент қажет: сапалы тері мен табан.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Qaz365.kz ресми сауалына жолдаған жауабында «2024 жылы отандық тері кәсіпорындары 186 мың бас ірі қараның терісін өңдеп, 52 млн шаршы метр тері өндірген» деп жазылған. Осы шикізаттан жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 1,1 млн жұп аяқ киім тігілген (Ұлттық статистика бюросының дерегінде, 1 млн жұп дана деп көрсетеді - авт.). 2024 жылы Қазақстанда ,2 млн-нан астам ірі қарадан 2,8 млн тері алынған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,2%-ға төмен көрсеткіш.

Министрлік 7,6 млн м² иленген тері (wet-blue) өндіріліп, тері мен жүнді терең өңдеу мәселесі бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне берілгенін хабарлады.

Әйткенмен, Астанада «Самғау» брендімен елге танылған кәсіпкер-шебер Самғау Нәсіпханұлы қазір аяқ киім өндірісінде негізгі қиындық — сапалы тері тапшылығы екенін айтты. Ол бүгінде былғарының бір бөлігін Шымкенттегі зауыттан алса да, сапалы өнім жасау үшін шетелге жүгінуге мәжбүр. Айтуынша, ұзындығы бір жарым метрлік сапалы былғарыны шетелден 1 мың долларға сатып алған. Отандық тері зауытының өнімдеріне көңілі толмайтынын аңғардық.

Самғау Нәсіпхан/Фото: Qaz365.kz

«Отандық теріден жасалған аяқ киімнің бағасын 15-40 мың теңге аралығында қойдық. Ал шетелден әкелінген аяқ киім бұдан қымбат. Шетелден былғары алдыруымыздың тағы бір себебі – тәжірибе жинағымыз келеді. Бізде тек тері өндіретін фабрикалар бар. Ашылып, қайта жабылып жатыр. Тері өндірісін ашып жатқан адамнан өкімет «мұның аяқ киімге, сөмке, киім-кешек тігуге жарай ма?» деп сұрауы керек. Малды өсіру кезінде терісіне укол салу,  оқыраны дұрыс өлтіру, дұрыс сою деген сияқты шаруалар өте көп. Мұның барлығын уақытылы жасамаса сапалы тері шықпайды», – деді ол.

Қазақстан тері және жүн өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев қазіргі жай-күйді сынға алады. Оның айтуынша, елде малды сою, сақтау, тұздау, өңдеу процесі түбегейлі күйреген. Сөзінше, мемлекеттен қанша уақыттан бері бұл салаға көңіл бөлінбеген.

«Жоспарлар болса да, ақша бөлінеді, теріні өңдейді – болды. Логистикалық тізбек құрып, өнімін өзіміздің елде жеткізіп, сөрелерге сату деген болған жоқ. «Теріні өңдеңдер» деп ұрандағанымен, сатылмайды. «Мал өнімдері» корпорациясы мен «Қазагроөнім» қаржыландырғанымен, мұның бәрінде логистикалық қорытынды болмады. Ал қазір негізгі мақсат – кешенді жоспар ұсынып жатырмыз. Теріні дұрыс жинақтап, сапасын, малды союды қадағалап, пышақтың ізін тигізбей, механикалық жолмен сойып алып, әдемілеп, өңдеп, аяқ киім тігуге дейін жеткізіп, өнім ретінде сатпаса, бізге одан ешқандай пайда болмайды», –  деді ол.

Нұрман Нүптекеевтің айтуынша,  Қазақстанда теріні өңдеп, қаншама күш жұмсап сатса да, отандық нарықта 20 долларға бағаланады. 20 долларлық бір былғарыдан 15–20 жұп аяқ киім тігуге болады. Егер бір аяқ киім  20 доллардан сатылса, сол былғары 400 доллар болып қайтады.

«Біз қаншама ақшаны сыртқа жіберіп жатырмыз. Мемлекет жеңіл өнеркәсіп комитетін құрып, соған арнайы ақша бөлуі керек. Университеттерде жабылып қалған жеңіл өнеркәсіп кафедралары мен мамандықтарды қалпына келтіру керек. Сонда ғана кластер құрылады. Сонда біз ешқашан ұтылмаймыз. Әйтпесе, қазір шикізат көзі ретінде ғана болып отырғаннан кейін бізге әркім келіп, әңгіртаяғын ойнатып кете береді. Отандық былғарыны алмай, бағаны түсіреді. Бағаны түсіргеннен кейін оның сапасы да құлдырайды. Қадірі болмайды. Қазір мал терісі далада шіріп жатыр. «Мал терісін ешкім алмайды» деп ауылда шаруалар айқайлайды. Мұның бәрі бір-бірімен ұштасып жатқан дүние», – деді қауымдастық төрағасы.

Қазіргі таңда біршама сапалы тері шығаратын зауыттар Алматы мен Шымкентте ғана бар.

«Бірақ олардың өнімін жоғары сапалы дей алмаймын. Әскердің аяқ киіміне жарайтын тері шығарғанымен, жалпы жұрт киетін аяқ киім тігуге жарамайды. Семей зауытында шығаруға болар еді. Бірақ сол жерде айналым қаражаты жеткіліксіз. Сондықтан олар іске қоса алмай отыр», - деді ол.

«САПАЛЫ ТЕРІ БОЛСА, ЗАУЫТ САЛУҒА ДАЙЫНБЫЗ»

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов пен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановты тері өндірісінің мәселелері жөнінде сөзге тартқанбыз.

Мәжілісмен Саурықов еліміздегі аяқ киімге деген сұраныстың 4%-ын ғана отандық өнім жабатынын білмегенін айтып, бұл көрсеткіш тіпті бұдан да аз шығар деп ойлағанын жасырмады.

Ерболат Саурықов/Фото: Qaz365.kz

«Бізде мал көп. Бірақ соның терісін де, жүнін де мүлде пайдаланбаймыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселеге жауап бере де алмады. «Ақтөбеде тері өңдейтін зауыт салынып жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Сонда Ақтөбеден басқа жақта мал жоқ па? Біз ең бірінші малдың терісі мен жүнін өңдейтін зауыттарды іске қосып алуымыз керек. Содан кейін ғана аяқ киім өндірісіне кірісуге болады. Әйтпесе, құдыққа су сұрай барсаң, шелегіңді ала бар дейді. Құдыққа шелексіз қалай барасың? Әр ауылда, әр үйде қажет болса, тері, жүн өңделуі керек. Содан кейін ғана келесі кезең – аяқ киім шығаруға кірісе аламыз», - деді депутат.

Вице-министр Азат Сұлтанов отандық тері өндірушілер шығаратын былғары сапасыз екенін мойындайды. Сөзінше, түріктің Iskefe холдингі (Былғары шығаратын алпауыт компания, бүкіл әлемдегі желатин өндірісінің 6% үлесіне ие - авт.) өкілдері 2022 жылы Қазақстанға келіп, отандық тері зауыттарының өнімдеріне сараптама жасаған. Алайда тері сапасыз болғаннан кейін «әуелі сапалы тері шығарыңдар, содан кейін зауыт ашу мәселесін қарастырамыз» деп кеңес беріпті.

Азат Сұлтанов/Фото: primeminister.kz 

«Біз екі жылдан бері таза теріні шетелге сатуға шектеу қойдық. Түрік компаниясы «сапалы тері берсеңдер, бастаймыз» деді. Бізді зерттеді. Жалпы бізде тері бар. Бірақ сапасымен жұмыс істеу керек», - деді вице-министр Сұлтанов.

Жақында тері шаруашылығы саласын Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына бергені мәлім. Министрлік қазір тері мен жүн жинайтын зауыттарға айналым ақшасын беріп, әр аймақта тері қабылдайтын пункт ашқызуды жоспарлап отыр. Министрліктің ресми есебіне сәйкес, Қазақстанда теріні бастапқы деңгейде өңдейтін 9 кәсіпорын бар, жалпы  қуаттылығы – жылына 3,3 млн дана. Соның ішінде негізгі өңдеушілер:

— «Қазлидермех» (Павлодар),

— «Үміт» тері өңдеу зауыты (Арқалық),

— «Алматы тері өңдеу зауыты» (Алматы қаласы),

— «Turan-Skin» ЖШС (Шымкент).

Егер отандық зауыттар сапалы тері шығара алса, Iskefe холдингі Қазақстанда 27 млн доллар инвестиция салып, ірі қара терісін өңдейтін және желатин шығаратын зауыт салуға дайын екен. Демек, отандық аяқ киім өндірісінің өзекті проблемасы осындай мәселеге тіреліп тұр.

ЕКІНШІ МӘСЕЛЕ: ТАБАН ӨНДІРІСІНЕ НЕ ҚАЖЕТ?

2020 жылдан бері Шымкенттегі «LUX SHOES» компаниясында еліміздегі табан шығаратын жалғыз цех ретінде жұмыс істеп келді. Олар жылына 150 мың жұп табан өндіреді. Бұл мәлімет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Qaz365.kz порталына берген ресми жауабында атап көрсетілген. Бірақ бұл көрсеткіш елдегі жылдық аяқ киімге деген сұранысына шаққанда (25 миллион жұп) теңізге тамған тамшыдай ғана. Бұл компанияда аяқ киім тігеді, Яғни, басқа зауыттар мен шеберханалар табанды амалсыздан шетелден сатып алуға мәжбүр.

Шымкентте «Заря» брендімен танылған аяқ киім зауытын қайта жаңғыртқан шымкенттік Әлімжан Ибрагимов теріні отандық зауыттардан, ал табанды сырттан сатып алып отырғанын айтты.

Әлімжан Ибрагимов/Фото: Qaz365.kz

Бастапқыда Түркиядан алып жүрген. Бірақ ауыр аяқ киімге тапсырыс азайған соң, Қытайдың Гуанжоу қаласына барып, іздеп, табан жасайтын материалды алдыратын болған.

«Гуанжоу қаласынан табан жасайтын аппаратқа тапсырыс беріп қойдым. 1,5 айда келуі керек. Табан өзімізде шықса жақсы-ақ еді. Зерттей келе табан шығаратын шикізат Қазақстанда жоқ екенін анықтадым. Қытай мен Италиядан алдырамыз», - деді ол.

Әлімжан Ибрагимов айтып отырған шикізат дегеніміз – мұнай-химия өнеркәсібінен шығатын компоненттер. Қазақстанда мұнай-химия өндірісі терең дамымаған. Авиациялық керосин, сұйытылған газ, битум, парафиндер, кокс өндірілгенімен, аяқ киімнің табанын жасауға болатын синтетикалық каучук, этиленвинилацетат (EVA), термопластикалық эластомер, поливинилхлорид сынды компоненттер өндірілмейді. Осының ішінде синтетикалық каучук өндірісін “ҚазМұнайГаз” ресейлік Татнефть компаниясымен бірге жасап шығаратынын хабарлаған. Жобаны 2026 жылы ғана іске қосу жоспарланып отыр.

«Біз табан шығаратын «LUX SHOES» компаниясына тапсырыс берсек, олар бізге жібереді. Бірақ олар сол табанның компоненттерін Италиядан алдырып отыр. Өндіріс цикліне қажетті компоненттің бәрі өзімізде шыққаны керек. Алайда теріні Түркиядан, табанды Италиядан алып отырғаннан кейін әлбетте, тіккен аяқ киімнің бағасы шыққан шығыннан құралады», - деді Әлімжан Ибрагимов.

Оның сөзін Самғау Нәсіпхан да құптайды.

«Бізде аяқ киімнің бауы да, ішкі астары, ұлтарағы да – өзіміздікі. Тек табан өндірісі жоқ. Табанды Түркиядан, Италиядан 21-22 доллардан алсақ, келген жол шығынымен 25 долларға барады. Шикізаттың өзі сондай қымбат болғаннан кейін әлбетте, баға түпкі құнға қосылады. Табан EVO және поливитоннан жасалады. Құрамына қарай түрі көп. Оны өндіру үшін кемі 100-150 адам жұмыс істейтін арнайы зауыт болуы керек», - деді аяқ киім тігетін Самғау Нәсіпхан.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанда табан шығаратын бірден-бір компания «LUX SHOES» деп хабарлағаннан кейін аталған компанияға да хабарласқанбыз. Ол компанияның өкілі Данияр Сұлтаналиев қазір зауытта табан шығармайтынын айтты.

«Табанды басында біз шығардық. Бірақ оны шығарудан түсетін маржа аз болғаннан кейін тоқтаттық. Бастап көргенбіз. Оны істеуге болады. Табанның түрі көп: термо-табан (мұнай қалдықтарынан жасалатын), каучук-табан (резеңке), эво-табан бар. Осы үш түрін шығарғанбыз. Шикізатына байланысты қай бағадан келсе, соған сай аяқ киімге баға қоятын едік. Термотабандар мен эво-табандар қымбатқа келетін. Эво-табандардың грануласын Қытайдан, термотабандардың материалдарын Түркиядан, ал каучук-табандардың керек-жарағын Өзбекстаннан алдыратын едік. Қазір табан күйінде ғана сатып алып жатырмыз», - деді ол.

«LUX SHOES» компаниясы қазір тек әскери қызметкерлерге аяқ киім тігеді. Жалпы бұқараға  арналған модельді аяқ киімді шығару үшін жыл сайын жаңа модельдерді ойлап тауып, соған сай табан шығару қажет екен.

«Мұның бәріне көп шығын кетеді. Жыл сайын модельді жаңарту оңай емес. Аяқ киім тігу қиын емес, бірақ мамандар қажет. Мәселен, біздің дизайнеріміз Түркиядан келген. 3D форматта жұмыс істейді», - деді Данияр Сұлтаналиев.

МЕМЛЕКЕТТЕН ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРГЕ ҚАНДАЙ КӨМЕК БАР?

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы 2018 жылы бекітілген. Бұған қоса жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бар. Соған сәйкес, жеңіл өнеркәсіп тауарларын мемлекеттік сатып алуда отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін импорттаушыларды алып тастау тәртібі белгіленген. Елімізде өндірілмейтін шикізатқа кедендік баждарды төмендету мәселесі қаралып жатыр. 

Министрлік жауабында, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңа жобаларға және ескілерін жаңғыртуға түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 3% аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржы бөлінгені жазылған.

Министрлік қолдау шараларының қатарына 2021 жылы 1 қарашадан бастап Қазақстанға әкелінген немесе Қазақстан аумағында өндірілген аяқ киім тауарларына қатысты міндетті таңбалауды жатқызады. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау енгізілгеннен кейін импортталған аяқ киім өнімдерінен қосымша құн салығы және кедендік баж түсімі 2021 жылғы 7,8 млрд теңгеден 2023 жылы 31,9 млрд теңгеге дейін өскен.

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ НЕДЕ?

Аяқ киім өндірісін дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау күшейіп, салада толыққанды өндірістік кластер қалыптасуы керек. Бұл – біз сөйлескен барлық спикердің ортақ пікірі. Мәселен, Нұрман Нүптекеевтің айтуынша, тері өңдеу саласы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып та қойған. Егер Түркияның Iskefe холдингімен келісім жүзеге асса (меморандум бар), елімізде сапалы тері өндіріледі.

Аяқ киім – азық-түліктен кейінгі ең қажет тауар. Сондықтан бұл нарықта сұраныс ешқашан тоқтамайды. Енді елімізде аяқ киімге деген сұраныстың 90 пайыздан астамын шетел өнімдері алып отырғанын ескерсек, кемі 10%-ды өзімізде өндіру үшін не істеу керек?

Жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтар аяқ киім тіге бастауы үшін мемлекеттің жеңіл өнеркәсіп саласында беретін жеңілдетілген несиесін пайдалана алады. Несиенің екі түрі бар:

- Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жеңіл өнеркәсіп жобаларына жылдық 3% мөлшерлемемен несие;

- Жастарға арналған 2,5%-дық шағын несие: 21-ден 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 миллион теңгеге  дейінгі шағын несие. 

Осы несие арқылы өндірісін жолға қойғысы келетін жастар аяқ киім өндірісіне арналған аппаратты Қытайдан сатып алса, бастапқы өндіріс үшін отандық теріні пайдалануына болады. Ал табанды әзірге шетелден тапсырыс беріп ала алады. Кәсіпкерлер ұлттық нақышта тігілген аяқ киімге сұраныс жоғары екенін айтты. Мұны ескерсек, бұл бағыт – маркетинг тұрғысынан да тиімді. Өйткені, қазір ұлттық аяқ киімді орта жастан асқан азаматтар көп киеді. Әрі сондай жастағы азаматтарға сыйлық ретінде де көп тарту етеді. Жастардың арасында да трендке айналдыру мүмкіндігі бар.

Біз сөйлескен аяқ киім тігуші кәсіпкерлердің бірі кәсібін үйдегі шеберханадан, екіншісі екі адам болып дүңгіршектен бастаған. Екі-ақ адаммен ашылған цехтар бүгінде 0,5 млрд теңге айналымы бар фабрикаларға айналған. Демек, аяқ киім өндірісін бастау – тек мемлекетке емес, кәсіпкердің өзіне де байланысты болып, қажырлы еңбекті талап етеді.

Нұрән Әділет

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →