×

Ақтөбе өңірінде  «Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтіп жатыр

Ақтөбе өңірінде  «Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтіп жатыр

Этнофестивальдің бірінші күні – «Тағылым»; екінші күні – «Дәстүрлер жаңғырығы»; Үшінші күні – «Салбурын» атауымен белгіленген. Тағы бір маңызды шара - 4–6 желтоқсан күндері ауыл-аймақтарда соғымның дәстүрлі сыбағасы таратылып, үлкен-кішіге құрмет көрсетілуінде, деп хабарлайды Qaz365.kz.


 
«Тағылым» күнінде білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін танымдық сабақтар мен шеберлік сағаттары өтті.
 
Бүгін «Сыбаға – 2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі салтанатты түрде Ақтөбедегі  Өнер орталығының алдында «Алтыбақан» мәдени ойын-сауық бағдарламасымен басталды. Ұлттық ойындар мен дәстүрлі әуендер тоғысқан, ұлттық нақышқа толы сахналық көріністер фестивальдің басталуына сән беріп, келген жұртшылықты өнер мерекесінің рухына бөледі. 
 
Этнофестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің аймақта екінші жыл қатарынан өткізіліп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында  «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» - деп атап өткен болатын.  Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Ғылыми-техникалық прогресс қанша дамығанымен, қолда бар жетістіктердің іргетасын қалаған құндылықтардан бас тартуға болмайтындығын өскелең ұрпаққа жеткізу басты міндет», - деді өңір басшысы. 

Айтып өту керек, Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форум аясында 20 мемлекеттен келген делегация және 7 елші шараға қатысты. Әкім қонақтарға ризашылығын білдіріп, ұлттық мәдениетті дамытуға атсалысып жүрген шеберлер мен өнерсүйер қауымға алғысын жеткізді.
 
Ұлттық болмысымызды дәріптеп, ата-бабадан мирас болған рухани қазынаны заманауи үлгіде насихаттауға бағытталған этнофестиваль аясында «Дәстүрлер жаңғырығы» атты үлкен концерттік бағдарлама өтті.