×

Арсен Томский қандай мамандарға дәл қазір ақша төлеуге дайын екенін айтты

Томский қажетті сала мамандарын немесе оларды танитын адамдарды байланысқа шығуға шақырды

Арсен Томский қандай мамандарға дәл қазір ақша төлеуге дайын екенін айтты
DR

inDrive компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Арсен Томский Алматыдағы қысқы смогтың себебі мен оны азайту жолдарын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін мамандар іздеп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі digitalbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, егер сіз атмосфера физикасы, геофизика немесе климаттық процестерді модельдеу саласында білімі мен тәжірибесі бар маман болсаңыз, онда жалақысы төленетін нақты ғылыми жобаға қатысуға мүмкіндік бар.

«Біз Almaty Air Initiative жобасы аясында атмосфера физигін, геофизикті және климаттық модельдеу саласының мамандарын іздейміз. Олар инверсиялық қабаттың құрылымын зерттеп, ауа қозғалысының динамикасын, турбуленттілік пен көтерілу ағындарының әсерін есептеуі тиіс. Сондай-ақ жылы ауа смогты сейілтуге қабілетті ме, қанша ағаш отырғызу қажет және бұл модель қаншалықты тиімді болатынын анықтау керек. Бұл – ақылы ғылыми жоба, жұмысты мен немесе қор қаржыландырады», – деді Арсен Томский.

Алматының смогқа тұншығу себебі

Кәсіпкердің айтуынша, Алматыдағы қысқы түтіннің басты себебі – қаланың географиялық ерекшелігі.

«Алматы оңтүстігінде таулармен, солтүстігінде төбелермен қоршалған “шағын шұңқырда” орналасқан. Күздің суытуымен 800–1000 метр биіктікте инверсиялық қабат түзіліп, ауаның қозғалысына кедергі жасайды. Ал қаланың ішінде жылу электр станциялары, жеке үйлер мен көліктер атмосфераға орасан көп қалдық шығарады. Осылайша, қала “газдық тұзаққа” түсіп қалады», – деп түсіндірді ол.

Мәселенің ғылыми шешімі

Арсен Томский қазақстандық ғалым Серік Бүркітбаевтың идеясын тиімді шешім ретінде келтірді.

«Ғалым Қапшағай маңындағы солтүстік төбелерге көптеп ағаш отырғызуды ұсынды. Күндіз ағаштар жылуды сіңіріп, түнде оны шығарып, жылы ауа ағынын тудырады. Бұл ағын инверсиялық қабатты бұзып, смогты жоғары көтеріп, қаладан сыртқа шығара алады. Себебі түнгі уақытта түтін дәл осы бағытта жиналады», – деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бұл бастама – Алматының экологиялық ахуалын жақсартуға арналған Almaty Air Initiative жобасының маңызды бөлігі.

Томский осындай сала мамандарын немесе оларды танитын адамдарды байланысқа шығуға шақырды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →