Бұл бастамалар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жұмыс орындарын арттыруға бағытталған
Қазақстан Үкіметі отандық кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсету және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жаңа шара қабылдады. Бұл бастамалар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жұмыс орындарын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламалары арқылы жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мың жоба жүзеге асты. Бұл экономиканың нақты секторында жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік берді.
Биылдан бастап микро және шағын бизнес өкілдеріне арналған портфельдік субсидиялау жүйесі енгізілді. Бұрын «Даму» қоры арқылы берілетін субсидия енді тікелей екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асады.
Жаңа тетік бойынша кәсіпкерлер:
200 млн теңгеге дейін несие ала алады;
мерзімі – 3 жылға дейін;
сыйақы мөлшерлемесі – 12,3%.
Бұл шешім кәсіпкерлерге қаржыға қолжетімділікті жеңілдетіп, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Үкімет «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты. Ол бойынша бизнес иелері:
10 жылға дейінгі мерзімге,
12,6% мөлшерлемемен,
7 млрд теңгеге дейін несие ала алады.
Бағдарлама іске қосылғаннан бері 392 млрд теңгеге 1 095 жоба қаржыландырылды.
«Даму» қоры базасында екі жаңа кепілдік беру қоры құрылды. Олар өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика және білім беру салаларындағы жобаларды қамтиды.
2025 жылдың 9 қазанына дейін бірінші қор 281 млрд теңге сомасында 1 618 жобаға қолдау көрсетті.
Сонымен бірге «Baqylauda» цифрлық жүйесі кәсіпкерлік қолдау бағдарламаларының тиімділігін онлайн бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 2,17 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4% көп.
ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 38,6%-ға жетіп, өнім шығару көлемі 18,7 трлн теңгеге дейін өсті.
2024 жылы қабылданған «Бизнес жүргізуді жетілдіру туралы» заң кәсіпкерлерге елеулі жеңілдіктер әкелді.
Тексерулер саны 2019 жылмен салыстырғанда 42% азайды,
10 мыңнан астам артық талап жойылды,
«1 in 2 out» қағидаты енгізілді: жаңа талап енгізілсе, екеуінің күші жойылады.
Кәсіпкерлер үшін жаңа «eGov Business» мобильді қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен кәсіп иелері бірнеше минут ішінде 30-дан астам мемлекеттік қызметті онлайн форматта ала алады.
Үкіметтің бұл бастамалары бизнесті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып, кәсіпкерлерге нақты қолдау мен сенімді серіктестік ұсынады.
Мақсат – шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін арттырып, елдің экономикалық өсімін жеделдету.