×

Жаңа Салық кодексі: кәсіпкерлер 1 наурызға дейін шешім қабылдауы тиіс

Жаңа Салық кодексі: кәсіпкерлер 1 наурызға дейін шешім қабылдауы тиіс
iStock.com / David Gyung

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған сәйкес арнаулы салық режимдерінің саны қысқартылып, үшеуі ғана қалды. Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге салық режимін таңдау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа Салық кодексінде мынадай үш арнаулы салық режимі қарастырылған:
– өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
– оңайлатылған декларация негізіндегі режим;
– шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим.

Комитеттің Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген атап өткендей, бұған дейін жеті болған арнаулы режимдер оңтайландырылып, үшке дейін қысқартылды.

Оңайлатылған декларация негізіндегі режим

Бұл режимді қолдануды жоспарлаған кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама тапсыруы тиіс.
Егер көрсетілген мерзімде хабарлама берілмесе, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.

Хабарламаны:
– салық төлеушінің кабинетінде;
E-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы;
– тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде;
– банктердің мобильді қосымшалары арқылы (қазіргі уақытта Kaspi Bank қосымшасында) тапсыруға болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим

2026 жылғы 1 наурыздан бастап 2025 жылы патент негізіндегі арнаулы режимді немесе арнайы мобильді қосымша арқылы режим қолданған тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде есептен автоматты түрде шығарылады.
Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі. Алайда егер салық төлеуші өзге салық режимін таңдау туралы хабарлама тапсырса, автоматты есептен шығару жүргізілмейді.

Шаруа және фермер қожалықтары

Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл жағдайда қосымша хабарлама тапсыру талап етілмейді.

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге белгіленген мерзімді өткізіп алмауды және өз қызметіне сәйкес салық режимін алдын ала таңдауды ұсынады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →