×

Жасанды интеллект пен цифрлық теңге: Freedom Inside жиынында не айтылды?

Жасанды интеллект пен цифрлық теңге: Freedom Inside жиынында не айтылды?

Бүгін елордада Freedom Holding Corp. компаниясы ұйымдастырған Freedom Inside атты жаңа форматтағы дискуссиялық платформа өтті. Бұл – цифрлық экожүйелердің болашағы туралы ашық пікір алмасу алаңы. Ауқымды жиынға Freedom Holding Corp. компаниясының акционерлері, бизнес саласының көрегендері, прогрессивті мемлекеттік тұлғалар, инвесторлар, креаторлар және технологиялық көшбасшылар қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz

Баяндамалардың бір бөлігі компанияның халықаралық стратегиясына арналды. Сондай-ақ форум қатысушылары цифрлық сервистердің дамуы мен технологиялық өнімдер нарығын талқылап, пікірін ортаға салды. Форум спикерлерінің қатарында Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Қазақстанның халық әртісі, әнші әрі композитор Димаш Құдайберген, америкалық NVIDIA технологиялық компаниясының ТМД елдері бойынша бизнес дамыту жөніндегі өңірлік директоры Антон Джораев, Astana Hub негізін қалаушы және CEO-сы Мағжан Мадиев бар. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Ұлттық банк CBDC жобасын пилоттық режимде іске қосты. Бұл – орталық банктің цифрлық ақшасы болып саналатын жаңа жүйе. Бүгінде оны енгізу тек нарықта ғана емес, мемлекеттік секторда да жүзеге аса бастады. Атап айтқанда, мемлекет қатысатын ірі инвестициялық жобалар мен мемлекеттік тапсырыс берушілер арасында цифрлық ақша сынақтан өткізіліп жатыр. Осылайша, бұл бастама ұлттық валютаның үшінші нысаны ретінде қарастырылуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер тек Egov платформасымен шектелмейді. Жеке банктерге де OpenAPI арқылы мемлекеттік сервистер мен деректер базасына қосылуға мүмкіндік берілген. Бұл мемлекет пен жеке сектордың бірлесіп, азаматтарға қолайлы әрі тиімді өнімдер мен қызметтерді дамытуына жол ашады. Нәтижесінде қызмет алу үдерісі жеделдеп, сапасы арта түседі. Мұндай ынтымақтастық жаңа тәсілдерді енгізуге, қызмет көрсету жылдамдығы мен қолайлылығын арттыруға ықпал етеді. Жаслан Мәдиев  жасанды интеллект туралы заң аясында белгілі бір этикалық стандарттар ескерілгенін атап өтті. Сондай-ақ бұл технологияларды барынша мұқият әрі тиімді енгізуге көмектесетін терминология қалыптастырылуда.  

–Заң аясында азаматтарды түрлі манипуляциялар мен алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында жасанды интеллект өнімдерін таңбалауға қатысты бірқатар талаптар қарастырылған. Институционалдық ортаны дамыту шеңберінде арнайы алаң құру да маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі халықаралық сарапшылар кеңесі. Кеңес құрамына әлемдік деңгейдегі жетекші мамандар енген. Аталған кеңес өткен жылдың қазан айында Digital форумы аясында іске қосылып, алғашқы отырысы өтті. Бұл жиын жасанды интеллектті білім беру саласында дамыту мәселесіне арналды. Келесі отырысты биыл мамыр айында Алматыда өткізу жоспарланып отыр. Форум жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту тақырыбына арналмақ. Кеңес құрамында әлемдік деңгейдегі танымал сарапшылар бар. Олардың қатарында Google компаниясының зерттеу бөлімінің бұрынғы басшысы, жасанды интеллект саласының жетекші мамандарының бірі Питер Норвиг, халықаралық деңгейде танылған AI маманы, бірнеше кітаптың авторы доктор Кай-Фу Ли бар, – деді министр. 

Сонымен қатар, адами капиталды дамыту бағытында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Alem AI» халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. EXPO аумағындағы көпшілікке таныс сфералық ғимарат толық жаңғыртудан өтіп, бұрынғы «Болашақ энергиясы» музейінен жаңа деңгейдегі технологиялық орталыққа айналды. Аталған халықаралық орталық 8 қабаттан тұрады және жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. 

Қазақстандық кәсіпкер, қаржыгер, Freedom Holding Corp. компаниясының негізгін қалаған Тимур Турловтың айтуынша, 2019 жылдың қазан айында компания листингке шыққан, ал жария компания мәртебесіне одан да ертерек, 2015–2016 жылдары ие болған. Сөзінше, 2019 жылғы листинг кезінде акциялардың бағасы 14-15 доллар шамасында болса, 2026 жылдың сәуір айында 150 доллардан асып, шамамен 10 есеге өскен. Бұл нәтижеге қол жеткізуде орасан зор еңбек пен кәсіби, талантты команда үлкен рөл атқарды. 

– Біз құрып жатқан нәрсе – бизнес конгломераты емес, бұл адамдардың күнделікті өміріне бірнеше деңгейде кіріктірілген платформа. Көптеген ойыншылар өте мықты транзакциялық платформаларды құрды, және олардың кейбірін біз әлі де ел ішінде қуалап жатырмыз. Мен оны құрметтеймін, бірақ транзакциялық платформалар клиентті тек қолайлылығы мен арзан баламасы болғанша ұстайды. Қазіргі технология деңгейіміз бойынша, әлемдегі ең ірі, миллиардтаған долларлық технологиялық компанияларды қарасақ, біз мәдениеті мен технологиялық деңгейі бойынша көптеген керемет компанияларға енді қай жағынан болса да кем емеспіз. Негізгі идеямыздың бірін банк командасымен соңғы жылдары жүзеге асыра алдық. Ол – нарыққа біздің инвестициялық валютамыз Freedom-ды таныстыру еді. Әр жолы сіз қандай да бір кэшбэк алған сайын, сіз біздің акционерлерімізге айналасыз, – деді Тимур Турлов. 

Жиында іскерлік бағдарламадан бөлек, форум қарым-қатынас пен идея алмасуға арналған кеңістік ұсынды. Барлығы 30-дан астам спикер сөз сөйледі. Пікірталастар Тәуелсіздік сарайындағы екі сахнада өтті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →