Базардың бұрынғы иесі қашып кеткен
Сауда қызметін реттеу туралы заңға байланысты Астана, Алматы және Шымкент қалалары үшін 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін, облыстар үшін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін базарларды жаңғырту мерзімі белгіленген. Бірақ бұл мәселе жақын арада шешіле қоятын емес секілді. Мысалы, Алматының көптеген базары дайын емес екендерін айтып, уақыт сұрап жатыр. Тіпті, біреуінің басшысы шетелге қашып кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгінгі таңда Алматыда барлығы 26 базар түрлі себептермен жаңғыртудан өтпеген. Оның ішінде 15 базар «Жол картасына» кірген. Кейбіреулері үшін жаңғырту мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айының соңына дейін белгіленіпті. Осыған қарамастан, сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев парламенттік сағатта аталған мерзімге дейін жаңғырту процесін аяқтамайтын нарықтарды жаңғырту және тарату керек деген еді.
Вице-министр “халық базарға барғанда батпақты көшеге тап болмауы керек, жабық ғимарат болуы қажет” деп отыр. Бірақ алматылық саудагерлер уақыт сұрайды. Тіпті, «Еуразия» базары сауда орталығының 50-ден астам кәсіпкері жұмыссыз қалу қаупінде тұр. Себебі, құрылтайшылары өзгерген. Бұрынғы иесі Игорь Овсянников қашып кеткен. Оған халықаралық іздеу жарияланған.
Базардың жаңа қожайындары ғимаратты өзгертуді қалап отыр. Сондықтан бұрынғы саудагерлерді көшірмекші. Ал сауда иелері өз бутиктерін тоғыз жыл бұрын сатып алғандарын айтады. Сол үшін 4,5 миллион доллар беріпті. Бірақ бір қызығы, құжаттары дұрыс емес.
«Біз модернизацияны істедік. 2014 жылы кәсіпкерлер ақша салғанбыз. Дәл қазір далада қалатын түріміз бар. Сонда сатушылардың құқығын кім қорғайды? Қай министрлік мүддемізді қорғайды? Алты айдан бері жан-жаққа хабарласып жатырмыз. Ешкім қозғалмайды. Кәсіпкерлер 4,5 миллион доллар ақша салған. Енді содан айырылып қалмақшы. Игорь Овсянников болса Мәскеуде рахаттанып жүр. Оны алып келуге болар еді», – дейді Сәуле есімді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, халықаралық іздеу жарияланса да, ешкім Игорь Овсянниковты елге әкелуге асықпайды екен.
Бұған дейін Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты «Еуразия» базарының экс-директорын қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялау туралы шешім шығарған еді.
Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген.
Саудагерлер жалпы сомасы 4 миллион доллардан астам үлес қосқанын айтады. Жарна мөлшері бутиктердің ауданына байланысты. Бір шаршы метр 2 мың доллардан берілген. Әрбір бутикте кем дегенде 20 шаршы метр. Шағындары 40 мың долларға сатып алынған, ал үлкендерге 60 мың долларға дейін берілген.
Сот күдікті Овсянников 2014 жылдың қаңтарынан бастап 2016 жылдың наурыз айына дейін Алматы қаласында алаяқтық және сенімге қиянат жасау арқылы «Еуразия» сауда базарын саламыз деген сылтаумен кәсіпкерлердің қаржысын иемденіп алғанын анықтады. Сөйтіп, оларға аса ірі көлемде материалдық шығын келтірген.
Айта кетейік, Игорь Овсянников 90-шы жылдары Алматыдағы «Барахолка» базарының иесі болған. Кейін базар аумағын сүру басталған тұста Алатау ауданындағы Солтүстік айналымнан осы «Еуразия» базарын салған.