Компания бастамаларды қолдап жүрген серіктестерін марапаттады
14 қазан күні Алматыда Air Astana әуе компаниясының серіктестері мен жеткізушілеріне арналған Ашық есік күні және ESG Awards марапаттарының екінші рәсімі өтті. Шара барысында компания тұрақты даму саласындағы бастамаларды қолдап жүрген серіктестерін марапаттады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ашық есік күнінің мақсаты – қазіргі серіктестермен әріптестікті нығайтып, жаңа жеткізушілерге компанияның сатып алу жүйесін таныстыру және тұрақты сатып алу саласындағы жоспарларын бөлісу.
Air Astana іс-шарада әрбір кәсіпкер тіркеле алатын цифрлық сатып алу платформасын ұсынды. Бұл жүйе жеткізушілерді тіркеуден бастап келісімшарт жасауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
«Біртұтас стандарттар мен цифрлық форматқа көшу сатып алу үдерісін барша жеткізуші үшін ашық әрі ыңғайлы етті», – деді сатып алу және жабдықтау жөніндегі вице-президент Диляра Күнхожаева.
Көрмеде компания сатып алатын өнімдер – униформа, арнайы киім, аяқ киім, борттық және гигиеналық тауарлар, ыдыс-аяқ және өзге де бұйымдар ұсынылды.
ESG Awards марапаты экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару саласындағы бастамаларға үлес қосқан серіктестерге беріледі.
«Біз серіктестерімізге жауапты жеткізу тізбегін дамытуға және орнықты даму құндылықтарын қолдауға қосқан үлестері үшін алғыс айтамыз», – деді Air Astana орнықты даму департаментінің директоры Юлия Лим.
Биыл компания 11 серіктесті марапаттады. Олардың қатарында халықаралық корпорациялар, отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнес өкілдері бар.