Өңір фермерлері наразылық танытып, қаражаттарын әлі алмағанын айтып дабыл қаққан
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл облысындағы шаруалардың наразылық акциясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында шарулар ереуілге шыққан болатын. Айтуларынша, жергілікті қызылша өсірушілер мемлекеттен субсидия алмайды, ал аудан әкімі тиісті құжатқа қол қоймай отыр.
«Үкімет резервінен 392 шаруашылықтың шығынын өтеу үшін 3,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда оның 1,7 млрд теңгесі игеріліп, 246 шаруашылық қаражаттарын алды. Наразылыққа шыққандарға қатысты айтар болсақ, олардың құжаттарында қателіктер бар. Сондықтан да олар қазіргі уақытта қаражаттарын ала алмай отыр. Егер олар барлық қателіктерін жоятын болса, онда еш кедергісіз алады. Тізімде 392 шаруашылық бар. Әлі де 2 млрд теңгені игеру қажет. Тіпті осы қаражатты игере аламыз ба, жоқ па деп алаңдап отырмыз», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Айдарбек Сапаровтың нақтылай түсуінше, өңірдің бірқатар фермері өтемақы алуға ұсынған құжаттарындағы деректер сәйкес келмейді. Сонымен қатар қате толтырылған құжаттар да бар.
Бұған дейін Жамбыл облысының алты ауданында қуаңшылық болып, Меркі өңірінің шаруалары үкіметтен көмек сұрағанын хабарлаған болатынбыз. Онда 941 гектар қант қызылшасы бүлінген.