2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғандағы өсім деңгейі 40 пайызға көбейген
Бүгін Астанада KEGOC Эмитент күні өтті. Компания 2024 жылғы қаңтар-наурызда бойынша 21,412 млрд теңге сомасында шоғырландырылған таза пайда тапқан. Бұл туралы KEGOC экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәселен, негізгі қызметтен түскен кіріс көлемі 85,1 миллиард теңгеге жеткен. Яғни, 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғандағы өсім деңгейі 40 пайызға көбейген. Көрсеткіштердегі оң өзгерістердің негізгі факторы – тарифтер мен көрсетілетін қызмет көлемінің өсуі, сондай-ақ бірыңғай сатып алушы мен теңгерімдеуші нарықтың нақты уақыт режимінде тиімді жұмыс істеуі. Бұл бастама 2023 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген.
«KEGOC акционерлер алдындағы барлық міндетін тиісті деңгейде, тұрақты орындайды. Компания жылына екі рет дивиденд төлейді. Бұдан бөлек, қолданыстағы дивидендтік саясат есепті кезеңдегі таза табыстың кемінде 60%-ын дивиденд төлеуге бағыттауға мүмкіндік береді», - дейді Айгүл Әкімбаева.
2024 жылдың 30 мамыр күні «KEGOC» АҚ 2023 жылдың екінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 21,9 млрд теңгеге дивидендтер төледі.
Бұл бір жай акцияға шаққанда 79,50 теңгені құрады. Компания нарықта акцияны алғаш шығарған сәттен бастап, 260 млрд теңге сомасына дивидендтер төледі.
Бұл ретте, SPO (қайталама орналастыру) кейін айналыстағы акциялар санының ұлғаюына қарамастан, 2023 жылғы дивидендтер бір жай акцияға шаққанда 157,24 теңгені құрады. Осылайша, компания акционерлерінің 2023 жыл бойынша кірістері 10,6%-ға жеткен. Соңғы есепті кезеңдердегі оң нәтижелерді, сондай-ақ дивидендтік саясатты ескеретін болсақ, компанияның акциясы жақын арада өсу әлеуетіне ие деп толық айтуға болады. Бұған қаржы аналитиктерінің оптимистік болжамдары дәлел.
Halyk Finance-тегі KEGOC акциясың 1 888 теңгеден 1 906 теңгеге дейін; Freedom Finance-тағы болжамды бағасы – 1550 теңгеден 1790 теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ Jusan Invest болжамы – 1 845 теңге, BCC Invest – 1 778 теңге және SKY bridge Invest – 1 764 теңге деңгейінде расталып отыр.
Осы орайда БАҚ өкілдері «жүйелік оператор тарифтерді қымбаттатуды жоспарлап отыр ма?» деген сұрақ қойды. Айгүл Әкімбаеваның айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021-2026 жылға дейін бір тариф белгілеген.
KEGOC өкілдерінің айтуынша, компанияның акциялары ұзақ мерзімді инвестициялау үшін сенімді әрі тұрақты құрал. Бұл компанияның нарықтағы жоғары кернеулі магистральдық желілерге ие жүйелік оператор мәртебесіндегі жағдайымен расталады. Яғни ол арқылы елде өндірілген барлық энергияның жартысынан көбі беріледі.
KEGOC Стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Эльвира Қонақбаева қатысушыларға биылғы мамыр айында компанияның 2032 жылға дейінгі даму жоспарының (стратегия) өзектендірілгенін жеткізді.
Оның сөзіне қарағанда, компанияның Қазақстандағы бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі жүйелік операторының функцияларын іске асыру жөніндегі пайымы, еліміздегі энергия жүйесінің сенімділігін, қолжетімділігін және озық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі миссиясы өзгеріссіз қалады.
«Жаңартылатын энергия көздерін, инновациялық технологияларды дамыту жүйелік оператордан ұлттық электр желісін озық дамытуды және жасанды интеллектті пайдалана отырып, заманауи технологияларды енгізуді талап етеді», - дейді Эльвира Қонақбаева.
Қазақстанның БЭЖ-нің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатты іске асыру аясында KEGOC-та инвестициялық жобалар портфелі 2035 жылға дейін жаңартылды. Бұл – генерацияны, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі ауқымды жоспарларды тиімді интеграциялауға мүмкіндік береді.
Басқарушы директордың айтуынша, диспетчерлік басқарудың тиімділігін арттыруға, авариялық өшірулердің салдарын азайтуға, цифрлық қосалқы станцияларды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін өндірістік міндеттерді шешу үшін жасанды интеллектті пайдалана отырып іске асырылатын жобалардың тізбесі белгіленген.
2024 жылдың басынан бері «KEGOC» АҚ рейтингін халықаралық рейтинг агенттіктері растағанын айта кеткен жөн.
Олардың қатарында:
Fitch Ratings – ұзақ мерзімді рейтингті «BBB-»-дан «BBB» деңгейінде растап, «Тұрақты» болжамға дейін көтерді (2024 жылғы 2 ақпан);
Moody’s Investors Service – рейтингті «Оң» болжамы бойынша «Baa2» деңгейінде растады (2024 жылғы 12 ақпан);
Standard & Poor’s Global – рейтингті «Тұрақты» болжамымен «ВВ+» деңгейінде растады (2024 жылғы 19 наурыз).
«KEGOC» АҚ – Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы функцияларын орындайды. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 85% үлеспен негізгі акционер «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға тиесілі.