×

Ең сапалы мыс, рекордтық көрсеткіш пен алып техника — KAZ Minerals өндірісті қалай дамытып жатыр

 Қойнауы қазба байлыққа толы сондай өңірдің бірі Аягөз ауданы, Ақтоғай кентінің маңындағы тау-кен өндірісі

Ең сапалы мыс, рекордтық көрсеткіш пен алып техника — KAZ Minerals өндірісті қалай дамытып жатыр

Бір шетінен бір шетіне ұшқан құстың қанаты талатын қазақ даласының қай түкпіріне барсаңыз да жер қойнауының кереметі көз тартады.  Қойнауы қазба байлыққа толы сондай өңірдің бірі Аягөз ауданы, Ақтоғай кентінің маңындағы тау-кен өндірісі. Бұл жерде әлемдік деңгейдегі өндіріс орындарымен терезе теңестіре бастаған KAZ Minerals компаниясының бір филиалы KAZ Minerals Aktogay өндіріс орны мыс пен молибден өндіреді. Qaz365.kz тілшісі өндіріс орнында болып қайтты.

Биыл ашылғанына 10 жылдың жүзі болатын аталған компанияның тыныс-тіршілігімен танысқанымызда аз уақытта көптеген іс тындырып жатқан қарқынды жұмыс процесіне куә болдық.

Негізінен KAZ Minerals компаниясы – еліміздегі заман талабына сай карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуды нақты жолға қойған өндіріс орыны. Бұл тұрғыдан зауыт жұмысының өрісін кеңейтудің жылдан-жылға маңғызы артып келеді.

Абай облысындағы Ақтоғай, Орлов (Жезкент) және Павлодар облысындағы Бозшакөл кеніштерінде мыс өндіру процесі ойдағыдай атқарылып жатыр.

KAZ Minerals компаниясының иелігіндегі Шығыс Қазақстан облысында екі кеніш пен кен байыту фабрикасы мен Қырғызстанда Бозымшақ мыс-алтын кенішіндегі қызу тіршіліктің көрсеткіштеріне де көз салсақ, көңіл қуантады.

Мәселен, өткен жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 403 мың тоннаға жетсе, 51 мың тонна концентраттағы мырыш, 162 мың унция алтын мен 4 млн унция күміс өндірілгеніне қарасақ, алдағы уақытта да жұмыс көрсеткішінің арта түсетінін аңғару қиын емес.

Ақтоғай аумағындағы өндіріс жұмысы жер қыртысындағы қазба байлықты бұрғылау, тасымалдаудан басталады. Шетелдік ауыр жүк көліктері күнделікті ағылып кен тасымалдап жатқан карьердің басшысы Думан Сүлейменовтің өз ісінің білікті маманы екенін арнайы келген БАҚ өкілдерімен ой бөліскен сәтінен көрініп тұрды.    

Оның айтуынша, қопарылған тау қойнауының ең терең жері 210 метр, ал орташа ұзындығы 2 шақырым аумақты алады. Жер қойнауынан алынатын кен тотыққан және сульфидті екі түр бойынша ұсынылады екен. Кеннің ары қарай қайда өңделетіндігі осыдан анықталады. Оксидті кеннен сапасы 99,99% катодты мыс өндіріледі. Ал құрамында мыстың орташа мөлшері 0,32% шамасындағы сульфидті кен осындағы екі сульфидті фабрикаға жіберіледі. Екі фабриканың әрқайсысының жұмыс өнімділігі жылына 25 млн тоннаны, барлығы 50 млн тоннаны құрайды.

– Мұндағы тау-кен өндірісінің жұмыстары шетелдік ауыр жүк көліктерінің тасымалдауымен жүзеге асады. Техникалардың барлығы да бүгінгі заман талабына сай қызмет атқарады. Мәселен, Жапонияның Hitachi компаниясы шығарған экскаватордың 5 данасы, ЕХ 3600  техникасының 3 данасы орташа есеппен сағатына 2700-ден 3700 тоннаға дейін кен өндіреді. Тасымалдау үшін әкелінген САТ 777, 785, 793 маркалы жүк көліктерін өз ісінің білікті мамандары жүргізеді. Hexagon компаниясының тау-кен өндірісін тиімді басқаруға және барлық үрдістерді нақты уақыт режимінде бақылап, есептерді автоматты түрде жаңартып тұратын диспетчерлік жүйесі барлық жұмыс процесін бақылауға алып тұрады, – дейді Ақтоғай кен өндірісінің басшысы Д. Сүлейменов.

Жалпы, кен орнындағы пайдалы қазбаны тасымалдау негізінен ауыр жүк көліктерінің еншісінде. Екі фабрикадағы мыс концентратының шығымы жылына 215 мың тоннадан 230 мың тоннаға дейін барады. Кеніштің тиімді және өндіріс жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлау-инженерлік, геотехникалық, геология-маркшейдерлік қызметтер сынды бірқатар көмекші қызметтер де қарастырылған. Олар кеніштің жағдайын тәулік бойы талдап, бақылайды.

Кеніштің геотехникалық тұрақтылығын бақылайтын озық типтегі геотехникалық қызметтің маңызы айрықша. Осы қызмет арқылы кеніш ернеуінің жағдайы үнемі қадағаланып тұрады. Одан бөлек сканерлер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары сынды геодезиялық және маркшейдерлік жұмыстарды жүргізуге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл түсірілім мен деректерді өңдеу уақытын қысқартуға септігін тигізеді.

Жалпы, KAZ Minerals Aktogay кен байыту орнында әр ауысым сайын 3,5 мың адам 15 және 21 күн жұмыс кестесінде еңбек етеді. Бірінші кезекте зауыттағы өндіріс қауіпсіздігі басты орынға қойылған. Кен өндірудің орташа жылдық көлемі 85,6 млн. тоннаға дейін жетеді.

Сәтжан Қасымжанұлы,

Абай облысы

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады
15.11.2024ж. 11:55

Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады

Монеталар Астана халықаралық биржасының «TABYS» мобильді қосымшасы арқылы сатылады
KEGOC басқармасы 5 адамнан, ал директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады
Бұл бизнесті жеңілдету және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндігі беріледі
Олар тұрғындарды шетелде жаңа пәтер мен көлік сатып алуға қызықтырған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →