×

Алматы қаласының іскерлік белсенділігі 53,3%-ға өскен – Мақсат Халық

"Біздегі инвестицияның 90%-ы негізінен шикізатқа бөлінген"

Алматы қаласының іскерлік белсенділігі 53,3%-ға өскен – Мақсат Халық

2023 жылы Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімі нақты мәнде 10,1% ұлғайып, 24,8 трлн. теңгеге жетті. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Экономикалық даму қарқынды

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берілді.

Президентке осы кезеңде Алматы экономикасының негізгі салаларындағы өсім қарқыны жоғары болғаны туралы баяндалды. Атап айтқанда, мегаполистегі көлік қызметінің көлемі 17,5 пайызға, құрылыс 5,7 пайызға және байланыс бағыты 4,4 пайызға өскен. Мегаполис экономикасына 360 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған. Өсім 5,8 пайызға тең.

Сонымен қатар биыл сәуір айында Алматыдағы жылдық инфляция 9,1 пайызға дейін бәсеңдеген. Жыл басынан бері 19,5 мың жұмыс орны ашылған. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ биыл ақпан айында қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамту жөніндегі резерв схемасын жасау жұмыстары басталды. Құрылысты осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға беріліп, «Юбилейный», «Каменское плато» және басқа да аудандарға су жеткізіле бастады.

Осы тұста биылғы көрсеткіштерді былтырғымен салыстырсақ айтарлықтай даму бар. Мәселен 2023 жылы Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімі нақты мәнде 10,1% ұлғайып, 24,8 трлн. теңге болды, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Экономиканы дамытудың драйверлері өңдеу өнеркәсібі (+17,5%), сауда (+14,5%), қаржы және сақтандыру қызметі (+12,0%), ақпарат және байланыс (+11,3%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (+6,9%), көлік және қоймалау (+5,7%) болды.

Мегаполис экономикасының дамуы жоғары инвестициялық және іскерлік белсенділікпен қатар жүрді. 2023 жылы Алматы қаласына 1,8 трлн. негізгі капиталға салынған инвестициялар теңгесі 25,3% өсті, бұл ретте жеке инвестиция 35,5% артты.

Былтыр шағын және орта бизнес субъектілері 19,3 трлн теңгенің өнім шығарды, нақты өсімі 15,8%. Белсенді жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны 340,1 мың бірлік, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,2% артық.

Экономиканың қарқынды дамуы жұмыссыздық деңгейін 2022 жылғы 5,0%-дан 2023 жылы 4,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жалпы, Алматы қаласының Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 20,6%-ға дейін өсті.

Алматы – бизнестің қаласы

Алматының экономикалық қала ретінде рөлі өте жоғары. Себебі негізгі бюджеттің құраушы бөлімін де беріп отырған – осы шаһар. Алматыда қызмет көрсету, сауда, тігін өндірісі, мейрамхана мен қонақүй бизнесі, IT мен білім беру салалары өте қатты дамыған. Сол үшін де «кәсіпкерлер қаласы» дейміз. Себебі іскерлік орта осы жерде шоғырланған.

Соңғы өзгерістерге қарайтын болсақ, спутник қала ретінде жаңа жоба ашылды. Ол Қонаев қаласымен екі аралықты байланыстырушы негізгі қала болмақ. Бұл – жақсы бастама. Алайда экономикалық проблемалар да бар.

“Бізде «Alatau IT City деген жоба болатын. 2003 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында жасалған. Яғни Орталық Азиядағы бірінші жоғары технологиялық коммерциялық өнеркәсіп нысаны. Ұлттық деңгейдегі технопарк құру бойынша ең алғашқы ірі жоба. Ол жеңілдетілген салық пен кедендік режимі бар арнайы экономикалық аймақ болады деп жоспарланған. 2015 жылы ол жердің 15 мың тұрғыны, балабақшасы, екі жоғары оқу орны бар үлкен IT Smart қалаға айналады деп күтілді. Инфрақұрылымын қалыптастыруға Үкімет бюджеттік қаражат бөлді. Қазір  Alatau IT паркі ретінде ғана қалды. КБТУ білім ордасы шоғырланды. Бүгінде жанданып жатқан Спутник қала – сол Алатаудың күйін кешпесе екен дейміз”, - дейді экономист Мақсат Халық.

Бір қаланы ғана урбанизацияның аясында дамыта беру – экономика жағынан тиімсіз әрі дұрыс та емес. Сол үшін ол жерге де инфраструктура жүргізу қажет. Яғни толық сапалық өмірін қамтамасыз ету өте маңызды. Бұл үлкен шығын әкелетіндіктен, жеке спутник қалаларды салған жөн. Мысалы, университеттер көптеп салынса, Алматыдағы кептеліс саябырсып, сол маңға қарай ауысады. Нәтижесінде қаланың «екінші тынысы» ашылады.

Жұмыссыздық төмендеп келеді

2022 жылы жұмыссыздар саны – 5%-ды құрады. Ал 2023 жылы ол көрсеткіш 4,8%-ға төмендеген. Онда да бұл Жұмыспен қамту орталығында тіркелгендердің есебі. Бұл ретте еңбек өнімділігіне жарамды, бәсекеге қабілеттілігіне де мән беруіміз қажет. Кейбір жұмыссыз жандар осы талаптарға, еңбек өтілі не жас шамасы бойынша сай келмеуі мүмкін. 

Одан соң орташа жалақы 382279 теңгені құрады. Бұл елдегі орташа жалақыдан жоғары. Алматыда елдің бәрі кәсіппен айналыспайды. Бизнес бастауға, дамытуға таптырмас ірі мегаполис десек те, жаһандық өзгерістер, экономикалық тұрақсыздыққа алып келді. Салдарынан жұмыссыздар саны артты.

“Базарда тауарлары өтпей тұралап қалған кәсіпкерлер де жоқ емес. Автобазарларда сауда жоқ. Себебі қазір Қытай, Түркия елінің заводтарымен тікелей бизнес жасау трендке айналды. Бір қызығы, соған қарамастан қаланың экономикалық ахуалы күні бүгінге дейін көш бастап тұр. 2024 жылдың тоқсандық қорытындысы бойынша Алматы шаһарының іскерлік белсенділігі 53,3%-ға, ал экономикалық индикатор индексі 1,7%-ға өскен. Экономиканың қарқынды дамуы – өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін төмендетеді”, - деп атап өтті Мақсат Халық.

Инвестиция – қала өсімінің драйвері

Қазір Алматыдағы экономиканың тұрақты өсу бойынша 2 трлн теңгеден астам инвестиция тарту есебінен қамтамасыз етілгені айтылды. Біздегі инвестицияның 90%-ы негізінен шикізатқа бөлінген. Ал 10%-ы өңдеу өнеркәсібін құрайды. Алматы сауданың орталығы болғандықтан, осы тұрғыдан келгенде қаланың мүмкіндіктері жоғары. Соңғы 10 жылда болмаған рекордтық өсім жайында айтылуда. Бұл – әрине, жақсы көрсеткіш. Қаланың экономикалық дамуының жанданғанын білдіреді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Мәжіліске келіп түскен жобада ставкаларды саралау көзделеді
Қазақстандағы халқы ең көп облыста өндірістің түр-түрін таңдап, дөңгелетіп әкеткендер баршылық

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →