×

Жаңа кодекс бойынша бизнестің салығы 3 пайыздан екі пайызға азаяды – вице-министр

Қазір жылына 500 миллион деген лимит бар

Жаңа кодекс бойынша бизнестің салығы 3 пайыздан екі пайызға азаяды – вице-министр
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап¬сырмасымен Үкімет мемлекет пен биз¬нестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзір¬леп жатыр. Аталған құжат алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуге тиіс. Бүгін осыған қатысты «Nextgen Finance Forum 2024» өтті. Сол жиында айтылған негізгі ойларға тоқталдық, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазақстанның қаржы вице-министрі Ержан Біржанов арнайы салық режимі бойынша түрлі ставкалардың инфляцияға қалай әсер ететінін түсіндірді.

«Арнайы салық режимі бойынша түрлі ставкаларға қатысты айтар болсақ, олар инфляцияға әсер етуі мүмкін. Бүгінгі таңда бизнестің басым бөлігі арнайы салық режимі бойынша жұмыс істеп, өз өнімдерін жеке тұлғаларға сатып келеді. Режимнің бөлшек-сауда деп аталуының өзі оның клиенттерге арналғанын аңғартса керек», – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, бүгінде жеңілдетілген режим бойынша бизнес 3% салық төлесе, жаңа салық кодексі бойынша 2% төлейді. Бұл өз кезегінде бағаның төмендеуіне әкеп соғады. 

«Құжаттар мен 8%-дық ставкаға келсек, егер тауарды заңды тұлға сатып алса, оның салық шегерімі үшін заңды негізі болады. Егер алдағы уақытта осы заңды тұлға бұл тауарды сататын болса, есепке алынған салық шегерімі оған аздау салық төлеуге мүмкіндік береді. Тиісінше, ол бұл соманы бағаға қоспайды, өйткені оның тауарды сатып алғаны туралы құжаттық дәлелі бар», – деді Ержан Біржанов.

Ал кәсіпкер Екатерина Ким жаңа кодекстің кәсіпкерлерге үлкен жүк артып отырғанын айтады. Оның айтуынша, заң күшіне енген соң кәсіпкерлер өте көп мөлшерде салық төлеуге мәжбүр болады. 

«Біз бизнес қауымдастықтың, сарапшылардың барлық ұсынысын жинадық. Біз мұны мемлекет естісін деп жасадық. Бүгінгі форум кезінде мемлекет кейбір ұсыныстарды түртіп алды. Мемлекеттің бизнесті осылай естуі өте қуантады. Кодексті талқылау кезінде бизнеске өте аз уақыт берді. Біз Салық кодексі осындай болады деп ойламадық. Заң қатаң бола түсті, салық әкімшілігі мен тексеріс артқан. Мұның бәрі бизнеске теріс әсер етеді», – деді Екатерина Ким.

Кәсіпкердің айтуынша, бизнес пайда болатын жаңа режимдерге қарсы. 

«Біз 3 жылғы мораторийге салық әкімшілігі не екенін ұмыттық. Енді салық тексерістер көбейе түспек. Бұрын бизнесті соттарда қорғаған баптар жоқ болып не қатаң бола түскен. Бұл кодекс қабылданса, кәсіпкерлердің 80 пайызы көлеңкелі бизнеске өтеді деген болжам бар», – дейді ол.

Сондай-ақ жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді ашық талқылау қажет екенін атап өтті.

«Қазір жылына 500 миллион деген лимит бар. Егер сенің мейрамхана желің болса немесе әртүрлі дүкенің болса, 500 млн өте аз сома. Қарапайым телефон сатқанның өзінде айналым көлемі үлкен болады. Тіпті, 500 млн-нан көп табуың мүмкін. Бірақ сол кезде 20-30 млн корпоротивтік табыс салығы мен қосылған құн салығын төлеуге мәжбүр боласың. Бұл кәсіпкерлерге өте үлкен салмақ салады. Сондықтан кәсіпкерлермен бірге жаңа салық кодексін талқылауға шақырамын. Көпшілік жаңа заңда болатын өзгерістерден бейхабар», – дейді кәсіпкер Екатерина Ким.

Еске салсақ, енді жаңа салық кодексіне «сән-салтанат» салығы енгізіледі. Мұнда 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүліктер, қымбат көліктер, яхта, кеме, тіпті қымбат алкогольді ішімдіктер мен табак өнімдері кіреді. Сонымен қатар салық 10 жыл бұрынғы көлікке 30%, 20 жылдық көлікке 50%  арзандайды. Енді, салыққа берешек 20 АЕК жетпесе, яғни, қарыз 73 мың теңге шамасында болса, бірден шоттар бұғатталмайды. Салық органы бірінші кезекте ескерту жібереді. Жаңа салық кодексінің жобасы 5 шілдеге дейін халық талқылауына ұсынылды. Кез-келген қазақстандық ашық порталына кіріп, өз пікірін қалдыра алады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Мәжіліске келіп түскен жобада ставкаларды саралау көзделеді
Қазақстандағы халқы ең көп облыста өндірістің түр-түрін таңдап, дөңгелетіп әкеткендер баршылық

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →