×

Экономиканы либерализациялау кезінде саяси тұрақтылық маңызды рөл атқарады – сарапшы

Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің отандық экономикадағы үлесі 50%-дан асып кетсе, ол тежегіш күшке айналады

Экономиканы либерализациялау кезінде саяси тұрақтылық маңызды рөл атқарады – сарапшы
Фото aa.com.tr

Жақында мемлекет басшысы экономиканы либерализациялау туралы жарлыққа қол қойды. Мұның бәрі мемлекеттің нарыққа араласуын шектеп, жаңа бағытта дамуына жол ашады. Белгілі экономист Мақсат Халық либералды нарықтық экономика жүйесінде саяси тұрақтылық маңызды рөл атқарады деп отыр.Ол бұл туралы Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Бүгінгідей еркін нарық заманында мемлекеттің көп жерге араласатыны ешкімге де жасырын емес. Экономиканы либерализациялау мәселесі көтерілгенде, Президент отандық экономиканың даму стратегиясына көңіл бөліп, сол бағытта даму керегімізді айтып отыр», - дейді қаржыгер.

Ол  біздегі экономика қазір либералды бағытына қарай қадам басып келе жатқанын айтады. Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің отандық экономикадағы үлесі 50%-дан асып кетсе, ол тежегіш күшке айналады. Экономист мұны былай деп түсіндірді.

«Соңғы ресми деректерге сүйенсек, ірі бизнес – 49%, орта бизнес – 56%-ды құрады. Мәселен, әртүрлі саладағы мемлекеттік активтерді басқаратын инвестициялық холдинг «Самұрық Қазынаның» құрылуы мемлекеттік экономиканың үлесін арттыруда. Солай бола тұра, ол экономика дамуының негізгі тежегіш күші де болып отыр. Себебі үкіметте нақты экономикалық көзқарас пен айқын бағыт-бағдар жоқ», - дейді Мақсат Халық.

Мемлекет ұстанған позиция

Үкімет 2029 жылға дейін даму үрдісі бойынша нақты стратегиясын бекітті. Бұл ретте отандық экономика қалай дамиды? Сарапшы өз нұсқасын айтты.

«Алдағы 5 жылға нақты стратегия бекітілгенімен, қандай негізде дамитынымыз, қайда сүйенетініміз айқын емес. Яғни отандық экономиканың дамуында мемлекетіміздің қандай позиция ұстанатыны бізге беймәлім. Себебі экономиканың өзіндік даму мектептері мен түрлі салалары бар.  Мысалы, Франсуа Кенэ мен Анн Тюрго негізін салған физиократтар мектебінде мемлекет кәсіпкерлер жұмысына тікелей араласады. Ал экономиканың ең басты бағыты саналатын классикалық экономикада мемлекет сырттан бақылаушының ғана функциясын атқарады. Осы теорияға салсақ, біздің нақты қандай позиция ұстанатынымыз анықталмаған», - дейді ол.

Заңдылық орындалып жатыр ма?

Қаржыгер мемлекеттің кәсіпкерлер жұмысына араласуы – либералды экономиканың құндылығын жоятынын айтады. Бұл үрдіс бар кезде, нақты экономикалық модель көрінбейді-мыс.

          «Нарық заңдылығы орындалуы үшін либералды экономика құндылығы басты орында тұруы керек. Өкінішке қарай, бюджет пен салық саясатында біз мұны көре алмай отырмыз», - дейді ол.

Жалпы мемлекеттік-экономикалық құрылымға қарайтын болсақ, экономикалық нақты модельдің қай бағытта дамитыны 2003-2025 жылға арналған индустриаландыру стратегиялық бағдарламасында көрсетілген.

«Иә, ол стратегия жақсы жазылғанына толықтай келісемін. Бірақ мен айтып отырған дүниеге кішкене ғана жақындайды. Кезінде бұл стратегиялық бағдарламаның басы-қасында Иманғали Тасмағамбетов тұрған. Сол уақытта Қайрат Келімбетов те бұған араласты. Бірақ ол бағдарлама орындалған жоқ. Ал оған бөлінген қаражаттың қайда кеткені  белгісіз...», - дейді Мақсат Халық.

«Қаңтар» оқиғасынан кейін тағайындалған министрлер

Қаржыгердің айтуынша, либералды нарықтық экономика жүйесінде саяси тұрақтылық маңызды рөл атқарады. Алайда біздің жүйеде бұл мәселе әбден ушыққан.

«Қаңтар» оқиғасынан кейін келген қаржы министрлеріне қарасақ,  бір қисын байқалмайды. Яғни сол мансапқа қандай мақсатпен, не үшін келгені, Қазақстанды қалай дамытатыны белгісіз. Мысалы, министр Олжас Бектеновте бір логикалық қисын көрінеді. Себебі өз орнындағы адам. Экономикалық саясатты жемқорлық дендеп алған. Бұл жүйені реттеп, тамырына балта шаппайынша, реттелмейді, өзгеріс те болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу арқылы ғана экономиканы ілгерілете аламыз», - дейді ол.

Активтер қайтарымы елге не береді?

«Көп деректерде 200 млрд доллар қаражат деп айтылады. Ол тұтас Қазақстанның ЖІӨ-і. Егер бұл сомманы еселесек, екі Қазақстан болады. Сәйкесінше дәл қазіргі Қазақстанның әл-ауқатын да екі есе жақсартуға мүмкіндік бар. Әрине, ол қаражаттың бірден қайтпайтыны түсінікті. Менің ойымша, сол қаражатты бірден Ұлттық қорға аударған жөн. Өйткені ол әрдайым бақылауда болады. Яғни Ұлттық қордан қандай да бір трансферттік аударым жасау қиындық туғызады. Себебі президент қолымен нақты келісім болғанда ғана рұқсат етіледі», - дейді сарапшы.

Қазір осыған байланысты ашылып жатқан арнайы есеп пен құрылып жатқан коммиссия жайында да қаржыгердің айтары бар болып шықты.

«Бізге сол коммиссияның мүшелері кім екені белгісіз. Осындай мәселе бар кезде, қандай да бір жобаның аяғына дейін сәтті аяқталатыны сенім тудырмайды. Бұл дегеніңіз – тағы да ақшаның бір қалтадан екінші қалтаға кетуі мүмкін деген түсінік қалыптастырады. Халық алдында жүрген азаматтар сол коммиссия мүшелігіне кіріп, толық есеп берсе құба-құп. Бұл іспен Заң қабылданғаннан кейін прокуратура айналысып жүрген еді. Соңғы дерек бойынша 1.7 трлн теңгеге дейін қайтарым болған», - дейді ол.  

Инфляциямен қалай күресеміз?

Экономист Мақсат Халық елдегі өндіріс жағдайы көңіл көншітпейтінін айтады. Бәсекеге қабілетті алпауыт озық елдердегідей экономикамызда жандану болу үшін өндіріс пен өнеркәсіп, ғылым саламыз да көш ілгерілеуге тиіс. «Ал оған кім жауапты?» деген сұрағымызға былай деп жауап қатты:

«Отандық экономикада инфляциямен күресе алмай отырған Үкімет Ұлттық банкті кінәлайды. Ал шындығында бұған тікелей Үкімет қана жауапты. Өндіріс пен өнеркәсіп саласы елде ақсап тұр. Бізде ол жағы мүлде дамымаған. Сәйкесінше бұдан соң ақшаның құнсыздануы байқалады. Өндірістің өркендеуі тікелей Үкіметке байланысты екенін ескерсек, мәселенің қайда жатқанын оңай аңғаруға болады», - дейді Мақсат Халық.

Қаржыгердің айтуынша, бюджетте үлкен тапшылық бар. Ал оны реттеу үшін прогрессивті табыс көзі бір жолға қойылуы керек. «Ақша-несие» саясатында инфляцияны қаншаға түсіреміз деп бас қатырудамыз. Бірақ оның төмендейтін түрі жоқ.

          «2025 жылға дейін отандық экономика 4% болуы керек еді. Қазір 10%-ға жуықтап отыр. Несиелік инструменттердің барлығының пайызы жоғары», – дейді ол.  

Білікті қаржыгер мемлекеттік құрылымның тиімді эффектісі болмайтынын айтады. Үлкен ірі компаниялар менеджерлігі көрсете алмауының басты себебі – жеке сектордағыдай өз күшімен, нақты мақсатпен дамымайды.

Субсидиялар нарыққа қалай әсер етеді?

«Бізде субсидиялар көп бөлінеді, бірақ ол нарық дамуын тежеп отыр. Бұлай дейтінім, Ауыл шаруашылығына жыл сайын түрлі субсидия бөлінгенімен, оны жеңіп алатын ірі шаруашылықтар екенін барлығы біледі. Егер субсидия тоқтаса, ауыл шаруашылығы саласының өнімдерінің бағасын көтерілетінін айтып, тағы ұпай жинайды. Мейлі ғой, солай-ақ болсын. Алайда мұның екінші жағы да бар. Дәл осы үрдістің жалғасын таба беруі – бәсекеге төтеп бере алатын, өз күшімен дамып келе жатқан шаруалардың жұмысын басып тастайды. Ал нарықта нақты бәсеке туғызатын ойыншылар да солар. Тек мемлекеттен ғана көмек алатындар уақыт өте жаһандық өзгеріске бейімделе алмай, артта қала береді», - дейді ол.

Экономист Мақсат Халық субсидиямен ғана жан бағып отырған кәсіпкерлер ертең-ақ банкротқа ұшырауы мүмкін дейді. Себебі нарықта бәсекеге қабілеттілері сапалы өніммен бірге қолжетімді баға ұсынса, халықтың сұранысы артады. Ал мемлекеттің ғана қаржысымен күн көретін компаниялар, болашақта да соны талап ете бермек. Мұның соңы кәсіпкерді тығырыққа тіреп, тоқырауға алып келеді. Сондықтан тиімдіменеджерлікті  тек жеке секторлар өзінің сапалы жұмысымен көрсетіп жүргенін айтады.

Үкімет Ұлттық қорға арқа сүйеп алған жоқ па?

Қаржыгердің айтуынша, жыл сайын шамамен 2 трлн теңге Ұлттық қордан ақша алынады. Және бұл депутаттардың араласуынсыз орын алады. Қағаз жүзінде 3 жылға 6 трлн теңге аударылады деп көрсетілгенімен, сол қаражаттың көп бөлігі небәрі 1-ақ жыл ішінде аударылады дейді сарапшы маман.

«Біздің депутаттар Ұлттық қордың жұмысына ықпал ете алмайды. Сәйкесінше қазір бюджеттік қорлардан тыс қорлар көбейген. Үкімет түрлі қорларды құру арқылы Ұлттық қордың қаражатын пайдаланып отыр. 1 теңге жетпей жатса да, бірден ақшаны сол бюджеттен алады. Негізінен, Ұлттық қордағы қаражат тек төтенше жағдай мен дағдарыс кезінде, сондай-ақ келешек ұрпаққа жаратылуға тиіс ақша. Үкіметіміздің Ұлттық қорға арқа сүйеп алғаны ешкімге жасырын емес», - дейді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор табысының 50 пайызы балаларға аударылады деп 2022 жылғы жолдауында айтқан болатын.Сөйтіп «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың алғашқы несібесі ақпан айында түскен болатын. Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың бір бөлігі балалардың есепшоттарына жіберіледі деген жаңалық жарияланған кезде, яғни 1,5 жыл бұрын үкіметтегілердің өздері әр балаға 150-160 доллардан шығады деп болжаған.

 «Үкімет бюджет тапшылығы жайында көп айтады. Бұған дейін де айтылған, айтылып та жатыр және айтыла да бермек. Бір отбасы үшін бұл қаражат айтарлықтай көмек, мемлекеттің қолдауы. Ал енді бір отбасы оған мұқтаж да емес. Енді бірі мұнай мен кенге бай Қазақстан үшін осынша ғана қаражат бөлу тым ұят. Қанша адам болса, сан алуан пікір бар. Өзім қаржыгер ретінде Ұлттық Қордан биыл аударылған ақша азаматтық ұстаным мен қаржылық сауаттылыққа алып келеді деп қуандым. Себебі жеке қаражатты тиімді басқару жолдарын баладан бұрын, алдымен ата-анаға үйрету керек. Экономикалық ахуалды бақылап, қаржылық сауаттылыққа көңіл бөлген адам ұтылмайды», - дейді экономист.

Ол  жаһандану кезеңіндегі венчурлік қаржыландыру туралы сөз қозғады.

«Венчурлік» деген сөздің өзі – инновация дегенді білдіреді. Ол әлбетте ғылыммен байланысты болуы керек. Венчурлік қаржыландыру – әлемде 3-революцияны жасады. Қазір «жасанды интеллект» деп аталатын 4-революция басталды. Microsoft, Apple сияқты әлемдік гиганттар сол венчурлік қаржыландыру негізінде пайда болды. Қазақстан жағдайында отандық инновациялық жаңа жобалар мен ғылымның дамымағаны шындық. Алайда барлығы демеймін. Жақында «Жаңа пост» деген логистикалық компанияға көзім түсті. Қытайдан тауар әкеліп, сатады. Қазір қатты қарқын алып, дамып жатыр. Содан ұққаным мынау: жалпы қай саланы болмасын IT-мен ұштастыра алсақ, озық инновациялар әлеміне енеміз. Оған шүбә жоқ. Оның үстіне мұндай тың дүниелер Қазақстансекілді дамушы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады», - дейді Мақсат Халық.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады
15.11.2024ж. 11:55

Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады

Монеталар Астана халықаралық биржасының «TABYS» мобильді қосымшасы арқылы сатылады
KEGOC басқармасы 5 адамнан, ал директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады
Бұл бизнесті жеңілдету және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндігі беріледі
Олар тұрғындарды шетелде жаңа пәтер мен көлік сатып алуға қызықтырған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →