×

Орта Азияның нарықтағы қақпасы енді ашылды

Кәсіпкермен сұхбат

Орта Азияның нарықтағы қақпасы енді ашылды

Qaz365.kz порталында кәсіпкерлер сұхбаты жиі шығады. Qaz365.kz-тің бүгінгі қонағы – алматылық кәсіпкер Керімжан Үрістем. Барахолкаға жүк тасушы боп кіріп, бүгінде өндіруші кәсіпкерге айналған Керімжан Үрістемнің оқиғасы сізге де қызық болуы мүмкін.

Qaz365.kz: Сіз туралы біз білетін мәлімет, алғаш базарда жүк тасушы болып, соңынан өз кәсібіңізді ашқаныңыз. Қазір бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырсыз. Өзіңізді біздің оқырманға таныстырып өтсеңіз?.. 

Керімжан ҮРІСТЕМ: Негізі Қытайда туып-өскенмін, 2008 жылы өзіміздің атажұртқа арман қуып, бір жағынан неше жыл аңсаған туған жерде өмір сүрсем деп келгенмін. Ол кезде кәсіп ашамын деген ой болған жоқ. Мұндағы жағдайдың қандай екені, қай іспен айналысқан оңтайлы болатыны мен үшін құпия болды. Алғашында бір айдай жұмыс таппай жүріп қалдым. Анда барам, мында барам, ол кезде шеттен келгендерді шетқақпайлайтын жайт көп болды. Жанымды баға алмай, түк таппай қалған соң амал жоқ, базардағы бір тәтемізге жүк тасушы болып кірдім. Арба сүйреймін, қоймасына тауар түсіріп, оны контейнеріне жеткізіп беремін. Күндік табысым 1500 теңге, тамағыма, оны-мұныма жетеді. Арба сүйреп жүріп бизнестің шет-жағасын үйрендім. Ақырын-ақырын орайы келгенде өз дүкенімді ашып алдым.

Qaz365.kz: Қандай дүкен аштыңыз?

Керімжан ҮРІСТЕМ: Көтерме саудада тұрмыстық заттар саттым. 2008 жылдан 2010-ға дейін екі жыл жүк тасыдым, одан шығып 2010 жылдың  маусым айында өз кәсібімді бастадым. Екі жыл бойы жинаған 500 доллармен тәуекел деп «Байсат» базарында бастадым. Аллаға шүкір, сауданың берекесі бар.

Qaz365.kz: Ол заттарды Қытайдан алып келіп саттыңыз ба?

Керімжан ҮРІСТЕМ: Барлығы Қытайдан емес, Қазақстанның өзінде де тікелей жұмыс істейтін фирмалар бар. Одан бөлек Түркия, Ресей, кейінгі кезде көрші Өзбекстан мен Қырғызстаннан да тауар алдыра бастадық. Барлығы бес мемлекетпен келісім шарт бар. 

Qaz365.kz: Пайда табудан өзге қандай мақсат болды?

Керімжан ҮРІСТЕМ: Байқап қарасаңыз сол жылдары базарда өзге ұлт өкілдері көп жұмыс істейтін, біздің қазақта «сауда бізге қол емес» деген бір қызық түсінік қалыптасқан, базарда істеуге намыстанды ма әлде ондағыларды амалдың жоғынан, білімсіздіктен жүр деп ойлайтын секілді. Содан болар базарда жұмыс істейтін адамдар мәдениет дегеннен жұрдай деген теріс ұғым қалыптасып қалған. Сауда деген берекесі бөлек дүние оны сезіне білу керек. Неге бұл салада қазақтар аз?..  Бұл саланы неге өзіміздің жігіттер дамытпайды, деген оймен әрі дөңгелетіп кете аламын ба, алмаймын ба деп ойланбай-ақ, кірісіп кеттім. Алғашында дүкеннің иесі де, сатушысы да, жүктасушысы да бір өзім болдым. Осылай жарты жыл өтті.   

Сол уақытта аяқ-киім базарында, я қытай тілін я орысша қарық қылмайтын, қазақша мүлде білмейтін тәжік ұлтының өкілдері аяқ-киім сатып жүрді. Аяқ-киім саудасы қазір де сондай. Ойыншық қатарына кірсеңіз де дүнген ұлтының өкілдері қаптап жүреді. Олардың барлығы жұмысқа өз ұлтының өкілін алады, мұным ұлтшылдық емес, көзге көрініп тұрған шынайы көрініс. Тұтынушының 70 %-ы қазақ. Ойыншық саласын солар-ақ көтеріп отыр. Қазір ыдыс-аяққа да кіріп жатыр. Мұным қызғаншақтық емес, мысалы менің қол астымда қазір 30 адам жұмыс істейді. Барлығы қазақтың ұлдары мен қыздары, 30 адам деген 30 отбасы деген сөз. Олардың барлығына еткен еңбегіне қарай табысымнан ақша бөліп беріп отырмын. Меніңше, бұл да қазаққа қызмет! Көзге көрінбесе де, бір жағы өз кәсібімізбен пайда тауып, бір жағы елге қызмет етіп ел азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз.

Qaz365.kz: Онлайн сауда қарқынды дамып кеткендіктен, базардағы сауда бәсеңдеп қалды деген пікір бар, бұл қаншалықты рас?

Керімжан ҮРІСТЕМ: Онлайн сауданың дамығаны үш жылдай болып қалды. Ол пандемия кезінде басталды. Онлайн сауда да сауданың қазіргі заманға сай бағыты, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды, болашақта ол дами беруі мүмкін, дамып күндердің күні шегіне жетеді. Ол кезде оффлайн сауда да, онлайн сауда да қатар жүре беруі мүмкін. Қазір біздің мемлекет шағын және орта бизнеске жеткілікті көңіл бөліп жүрген жоқ. Мысалыға қазір Қытайдың «Pinduoduo», «1688» онлайн сауда желілері арқылы банк карталарын тіркеп, тікелей Қытайдан тапсырыс беріп сауда жасап жүргендер көп. Ол үшін ешкім салық төлеп жатқан жоқ. Мемлекет бұдан қалай пайда тауып отыр оны да түсінбейсің. Ортада жүрген логистикалық компанияларға түсетін пайда болуы мүмкін, бірақ олардың да қалай, қанша салық төлеп жатқаны беймәлім. Біз де базардың салығын толық, 100 % төлеп жатырмыз деп айта алмаймыз, орта және шағын бизнес болған соң базар әкімшілігі толық бақылау жасай алмай қалатын жағдайлар болады. Солай бола тұрса да, бір қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанымызды жасырмаймыз. Онлайн сатып алушылар тікелей өндірушіден делдалсыз арзан тауар алдым дегенімен де, оның өз зияны бар. Қазір мына Қытайда тикток арқылы тікелей эфирге шығып, тауар сатып млрд қаржы айналдырып жатады. Дәл осындай сауда қазір Қытайдың өзекті мәселесіне, бас ауруына айналып, мемлекет оны бірте-бірте шектеп жатыр. Бір қызығы қытайлықтар кезінде мұны жаңа әдіс аштық деп жариялаған еді. Енді оны бақылаудан шығарып алып, реттей алмай отыр. Көптеген сауда ғимаратын салып тастады, оларды қазір жалға тегін берсе де ешкім тұрғысы келмейді. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Бос ғимарат көп, жұмыссыз адам да көп, бұл мемлекеттің алдына ғимаратты қалай толтырамыз, адамдарға қалай жұмыс тауып береміз деген сұрақты көлденең тартты. Оффлайн сауданың, жеке дүкенінде сауда жасап жүрген адамдардың мемлекетке қандай пайда тигізіп жатқаны енді байқалып жатыр. Енді Қытай билігі қомақты қаржы  бөліп онлайн сауданы шектегелі отыр. Қазақстан тарапы да мұның дұрыс емес екенін түсініп, кішкене шектеу қойса дұрыс болар еді.

Жақында Жапонияның бизнес стратегия жағынан өте білікті маманы Қытаймен арадағы онлайн сауда Қазақстанның өз ішіндегі онлайн сауданы тұншықтырып, ол үлкен өзгерістерге ұрындырып, ар жағы үлкен қателіктерге апарады деген қауіпін айтты. Қытайдың онлайн саудасына Қазақстанның тек бизнес өкілдері тосқауыл бола алмайды, оған мемлекеттік деңгейде дұрыс стратегия жасап қана тосқауыл қоюға болады деді.

Qaz365.kz: Бүгінде көпшіліктің сұранысына ие болған «Оlja-Peak» деген жобаңыз жайлы айтыңызшы:

Керімжан ҮРІСТЕМ: «Олжа» сөзі түсінікті, «бек» деген шын, ақиқат деген мағынада. Біз осыны ескеріп,  «Оlja-Peak», яғни нағыз олжа деген мәнде жоба бастадық. Екі жыл бұрын Жапонияда оқып келген Сәулет есімді алыс туысым «Аға, менде осындай идея бар...» деп келді. Ол – Алаш идеялогиясын жарнама арқылы емес, өнім арқылы дәріптеу екен. Өнім арқылы дегеніміз дәптер, қалам сыртына, телефонның қабына, шоперлердің бетіне Алаш арыстарының суреттерін қойып, нақыл сөздерін жазу. Мұны естігенде бірден қолдайтынымды айтып, қанша қомақты сома болса да бөлетінімді айттым. Дизайнге жауапты сол жігіт, мен ақша бөліп, бизнесте қажет кеңес беріп отырмын. Қазір бұл өнімдер халық арасында танымал болып келе жатыр.

Qaz365.kz: Тек Алаш арыстарының сөздерін жазасыздар ма?  

Керімжан ҮРІСТЕМ: Тек Алаш арыстары емес, барлық қазақ зиялыларының нақыл сөздерін жазуға тырысамыз. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы тағы басқа ұлт зиялыларының нақыл сөздері мен өлең жолдарын жазамыз. Тек нақыл сөздер емес, мәселен, дәптердің басты мұқабасына «Қыз қуу» ойынын, соңғы мұқабасына «Көкпар» ойынының суретін қойып, халқымыздың мәдениетінен хабар беретін салт-дәстүрлердің  суретін де қоямыз. Алайда, бұл өнімдер Қазақстанда емес, Қытайда басылып шығады. Жапониядағы кәсіпкерлер де мұндай тауарларын өз елінде шығармайды, олар да Қытайдан шығарады, себебі ол жақта арзан.

Qaz365.kz: Кәсіпкер ретінде мұндай тауарлар біздің елде қанша уақыттан шығарылуы мүмкін деп ойлайсыз?

Керімжан ҮРІСТЕМ: Егер бейбітшілік болып, логистика дамыса, біздің елде өндіріске кететін шығын арзандаса ғана мүмкіндік туады деп санаймын. Алайда, өзімізде өндірсек, кеткен шығынды ақтаймыз деп тауардың бағасын қымбаттатып алуымыз мүмкін. Қазір де кейбір тауарларды, Қытайдан алдырғанға қарағанда арзан түседі деген тауарларды өзіміз өндіріп жатырмыз. Мысалы, сэндвич панелі мен ПВХ материалын өндіреміз. Қазір ғимараттарға жазылатын жарнамаға осы ПВХ қолданылады. Өндірісті қолға алу үшін шикізат та, өндіріске қажет заттар да өзімізден шыққаны тиімді. Өндіріске қажет заттар өзімізден болып,  шикізатты сатып алар болсақ тағы қиын болады. Одан бөлек гүлдің ыдыстары мен кірші (тазик) өндірумен айналысамыз.

Өндірістің осындай көзге көріне бермейтін қыр-сыры көп. Өндіру тиімді, өндіруден гөрі алып келе салу тиімді тауарлар болады. Оның жай-жапсарын білмей жатып, кәсіпкерлер мен мемлекетке сын айту ұшқары ойлайтын адамдардың ісі.

Qaz365.kz: Өнімдеріңізге жастардың қызығушылығы қандай?

Керімжан ҮРІСТЕМ: Өте жоғары. Кеңес Одағы кезінде туып-өскен біздің буынға қарағанда, Егемен Қазақстанда туып өскен балалардың патриоттығы өте жоғары. Өздері мұндай өнімді шығаруға шамасы келмесе де, біздің істегенімізді көріп, қолдау көрсетіп, тауарларымызды алады. «Оlja-Peak» деген жобамыз секілді, Pinduoduo-мен серіктесіп қазақ бауырлар қуыршақтарды қазақша сөйлетіп, қазақша киіндіруді қолға алды.

Qaz365.kz: Шағын және орта бизнесді қолдау үшін мемлекет тарапынан пайызы аз несиелер беріледі, ондай кәсіпкерлерді тексеруге да мараторий жарияланған. Десе де, нарықта бәсеке күшті, оған төтеп беру қиын болып тұр. Бұл туралы ойыңыз қандай?

Керімжан ҮРІСТЕМ: Орта Азияның нағыз нарыққа қақпасы енді ашылып жатыр. Мысалыға, көрші Өзбекстан нарығы көп мүмкіндікке ие, бірақ тұтыну әл-ауқаты біздікіне жету үшін әлі 10 жылдай уақыт бар деп ойлаймын. Экономиканың өрлеуі мен дамуды адам санымен байланыстыру дұрыс емес. Біздің жердің асты қазба-байлыққа толы деп ауыз толтырғанымызбен, жердің үстіндегі егін шаруашылығы немесе мал шаруашылығының өзін дұрыс ұқсата алмай жатырмыз.

Qaz365.kz: Қазақстанның тұтыну әл-ауқаты қандай?

Керімжан ҮРІСТЕМ: 15 жыл бұрын, таңдау аз болғанынан ба екен, тауардың бағасына ғана мән беретін немесе қытайдың тауары мен түріктің тауарының бірін таңдау қажет болса, түріктердікіне көбірек көңіл бөлетін. Ал қазір қытай тауарларының ішінде де сапалылары бар екенін халық түсінді. Тағы бір айтатын жайт, егер ол кезде адамдар бағасына көбірек мән берсе, қазір қымбат болса да сапасына қарап таңдау жасайтын болды. «Қазір қытайлар не үшін сапалы өнім шығара бастады?» дегенге жауап берсек, осыдан 10-15 жыл бұрын ол жақта әркім өз үйінде кішігірім цех ашып алып тауар өндіре беретін, мемлекет оның бәріне бас-көз бола алмағандықтан сапасыз өнімдер қаптап кетті. Қазір мемлекет ондай кішігірім цехтардың шетінен көзін жойып, тек үлкен өндіріс орындарын қалдырып, тауар сапасын қатаң бақылауда ұстап отыр.

Qaz365.kz: Мәліметі мол сұхбат бергеніңізге рақмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады
15.11.2024ж. 11:55

Қазақстанда құны алтынмен тең цифрлық инвестициялық монета шығарылады

Монеталар Астана халықаралық биржасының «TABYS» мобильді қосымшасы арқылы сатылады
KEGOC басқармасы 5 адамнан, ал директорлар кеңесі 7 адамнан тұрады
Бұл бизнесті жеңілдету және инновациялық жобаларға қатысу мүмкіндігі беріледі
Олар тұрғындарды шетелде жаңа пәтер мен көлік сатып алуға қызықтырған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →