"Дәл қазір қазақ қоғамы оңала қойатын жоқ шығар..."
Қазақтың белгілі халық жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден өтер алдындағы соңғы сұхбатында неге елге оралғысы келмейтінін айтқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Halyq Uni тілшісі жазушыдан өткен жылы арнайы үйіне барып сұхбат алған болатын.
Cұхбатта жазушыға “Елге оралғыңыз келмей ме?!” деген сұрақ қойған. Оған ол кісі келесідей жауап берген:
“Жоқ, оралмаймын! Бір жағдай бар айтпаса болмайтын. Шет елде тұрып үйренген адам Қазақстанға қайтып барғысы келмейді. Өйткені біздің қоғам – орыс қоғамы! Отаршылдықтың зардабы әлі күнге дейін сезіледі. Көшеде еркін жүре алмайсың. Бәріне бөтен сезілесің. Қазақстан қоғамы менің кейіпкерімді жек көреді. Болмаса менің кейіпкерім – ақылды, дарынды, намысты, ұлтшыл жас жігіт. Неге жек көрді?! Өйткені, ол – Кеңес Одағы адамы емес екен. Ал кейіпкерді жасаған мен де Кеңес Одағының адамы емеспін. Сол себепті сенің отырған отырысың, сөйлеген сөзің, адамдармен қарым-қатынасың бәрі сөлекет болып көрінеді. Сол себепті сені бәрі жек көреді. Ал енді біздің орта ендігі уақытта түзелетін шығар. Жастар өсіп келе жатыр. Шетелге шығып, оң-солын көріп жатыр. Бірте-бірте оңалып кетер. Бірақ, дәл қазір оңала қойатын жоқ шығар...”, – деп жауап беріпті халық жазушысы.
Еске сала кетейік, белгілі классик, Қазақтың халық жазушысы Мұхтар Мағауин бүгін таңертең АҚШ-та өз үйінде өмірден өткені туралы жазған болатынбыз. Барша қазақ халқына және жазушының отбасына Qaz365.kz ақпараттық агенттігі ұжымының атынан қайғырып көңіл айтамыз.