×

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай Мұхтар Мағауин туралы естелігін жариялады

Мақаланың толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай Мұхтар Мағауин туралы естелігін жариялады
Фото: ашық дереккөзден

Назарларыңызға белгілі жазушы Тұрсын Жұртбайдың жақында өмірден озған классик жазушы Мұхтар Мағауин туралы жазған «Мұхтардың «Қос ағашы» атты мақаласын ұсынамыз. Мақала «Айқын» газетінде жарияланған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мұхтардың «Қос ағашы»

Тура осыдан жиырма бес жыл бұрын Мұхтар Мұқанұлы Мағауинге қарата айтқан: «Төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азаулының Ыстанбұлдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін» деген тілегіміз қабыл болды. Өйткені ол соңғы жиырма бес жылдың ішінде шығармашылықтың қызығына айызын қандыра сусындап, табанынан от шашқан нарқызылдай зар күйіне түсіп, бауырын жаза жазды.

Армансыз көсіліп келді. Бойы да, ойы да бұрынғыдан ширақ тартты. Өрісі де кеңіді. Бұрын қолы жеткен адам шетелге шығып кетіп демалатын еді. Ал Мұхтар аға­мыз  күз бен көктем арасын шетелдегі сарайында өткізіп, жаз жайлауында ғана туған еліне келіп, Көпбейіт – Көктүбектегі ата қыстауында аунап-қунап қайтып жүрді. Бұл да тағдырдың оған берген ерекше сыйы. Бәйбіше мен баланың қызығын бәріміз де қал-қадерімізше көріп, сыйына бөленіп жүрміз ғой. Бірақ бұл ретте де Мұхтар ағамыздың құрметі өзгемізден өзгеше өріс алды. Балалары мен жарының аялы алақанына мұндай еркін еркелеп, мәпеленген әке арамызда сирек. 

Сондай сүйініштің аясында ел азамат­тары­на аздаған ғана өкпесін арқалап, Пра­гадағы, Мэрилендтегі немерелеріне қазақша үйретіп, кәдімгі кеңістіктегі көп атаның бірі емес, ірісі боп өмір сүрді. Жай жатқан жоқ, қазақтың жыртысын жыртып, рухани қазынасын молайтып, көркем әлемін байытып жатты. Өзі бір кездері көңіл ауаны ретінде сүйініп аударған, елден алыс, ағайыннан ауаша, тұйық күн кешкен Соммэрсет Моэмнің кейіпкерлері сияқты шалғайда жүрді. «Қияндағы қыстаудағы» құлжалар сияқты анда-санда жонын күдір­ейтіп Алматыға келді. Астанаға ізін сала қойған жоқ. 

Сондайда сағыныңқырап қалған інілік сартап көңілмен зәудем хабарласа қалып, жөн сұрассаң: «Сен немене, менен интервью алайын деп тұрмысың? Оның несін сұрай­сың. Елің таланған, жерің тозған, адамың азған. Парламентің – пәлешіл. Тек Алашы­м­ның рухы өлмесін!» деп бастырмалата жөнелетіні де бар еді. Сол баяғы өршіл де, шамшыл мінезінің басылмағанына қарап: «Е, ағамыздың көңілі күпсіз, ойы орнықты екен. Сағыныштың сар жалқыны жүрегін алмапты. Мұны білгенде мұндай қатқылдау  сөз естімей-ақ, хабарласпасам да болады екен! Енді есте болсын» дегендей қырсық ой қылт ете қалатын. 

Соңынан қайтадан жазғандарына үңіліп, оның ішіндегі ұлтына деген ұлы да уытты толғаныстарды оқып: «Сыр жасырып, бой тасалап жүр екен. Бәрі де ішінде сақталыпты. Алқалы ойын тек қаламға ғана сеніп тапсыруға бекініпті. Кейіпкер­лерінің жармақтанып, қос жарылып жүргені сияқты өзінің де ойы өзі суреттеген Бақан­ас­тың бойындағы Қос Ағаш сияқты қос айырылып жүр екен-ау! Ділі қатты ағаның тіліне бола бұртимайын», – деп өзімді-өзім жұбататынмын.

Қалай дегенмен де, түңілмейсің, қайта өткен күннің кей елесі көз алдыңа келеді.

Шындығында да, осы «Қос Ағаш» жазылғанға дейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа да,  «Тамыз әңгімелерінен» кейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа. Мұнда жазушының «Мені» басты кейіпкер дәре­жесіне көтерілген, ал негізгі, қосалқы, үстеме, жанама сюжеттер сол «Менге» қыз­­мет етеді. Жазылу мәнері – әртүрлі ыр­ғақ­қа құрылған, баяндау тәсілі – құбыл­малы, әдеби әдістері  алмағайып алмасып отырады, шендестірулері – ширақ әрі күрделі, тұспалдары – тылсым, емеуріні – екі-үш мәнге ие, нысанасы – әрі  биік, әрі терең, оқиғаға өзін де, өзіңді де араластырып, уақыт пен кеңістіктің желісімен жетектеп, қилы-қилы әсерде қалдырады.

Сонымен қатар бұрын Мағауиннің прозасында қанық анықталмаған сарказмдық кекесіндердің өзі сюжеттің міндетін атқарып кетеді. Кейде жүрдек жазу мәнері тасырқап барып қайтадан екпін алады. Сағыныш пен өкініштің өзіне де бірде кекесінмен, бірде мысқылмен, бірде жылы жымиып қарайды. Оқиғаның басталуы, дамуы, көркемдік шешімі, нысаны қат-қабат қатталып, көркем ойдың салмағы сомданып шыға келгенде шап-шағын әңгіменің салмағы шартабақтай ауыр тартады. 

Лирика мен мысқыл араласқан осындай күрделі көркем иірімде тұлғаланған әр қаһарманның әрқайсысына ортақ бір сипат тән. Ол – сол кейіпкер әлемінің қос жарыл­уы. Яғни, әлгі қаһарман бір оқығаныңда  жазушының өзінің «Мені» сияқты әсер қалдырады. Қайыра оқығаныңда ол мүлдем басқа, антиқаһарман болып шығады. Мысалы, «Тревеннің әңгімесіндегі» ажалдың бейнесі, тіпті, «Одағай әңгімелердегі» әр оқиға осылай жинақтала жұмырланған. 

Ал «Құмырсқа – қырғын» мен «Қос ағаш»,  «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Оралу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуріні қатпар-қатпар. Біржақты, бірсезімді, біртүйсікті кейіпкер жоқ. Махаббат пен ғадауаттың ортасында алмағайып күй кешкен тағдырдың жанкештілері жүр. Көркемдік әдіс-тәсіл мен шығармашылық психологиясымен арнайы айналысатын зерттеушіге таптыр­май­тын тақырыптың өзі. 

Мен бұл әңгімелерден алған әсерімді бойыма да, ойыма да сіңіре алмай, бір әңгімелесіп қалғанда Мұхтар Мұқанұлының өзіне осы пікірімді сабақтай келіп:

– Баяғы жазушы Мағауин мүлдем бөлек. Мына «Тамыздан кейінгі әңгі­мелердегі» Мағауин – шығармашылықтың жұлын-жүйкесін шүйкелеп берген нағыз еуропалық мәнердегі жазушы. Кейде бұрынғы Мағауин осы әңгімелерді жазу үшін дайындық жасап келгендей әсер қал­дырады, – дедім мақтауымды асырғым келіп. 

Ол әдеттегідей тез шытына қалып:

– Сонда сен бұрынғы Мағауинді жазушы емес дегің келіп отыр ма? «Аласапыран», «Тазының өлімі», «Шаһан шері» сияқты шығармалар жүз жылда бір-ақ рет жазылады. Енді жазылмауы да мүмкін, – деді. 

Мен де қасарысыңқырып:

– Иә, олар жүз жылда бір рет жазылуы мүмкін. Ал мына шығармалар, романның жүгін арқалап тұрған шығармалар ешқашан да жазылмайды, – дедім.

Мәселе ол шығармалардың жүз жылдан кейін жазылып, жазылмауында емес. Ең басты мәселе – жазылып қалғанында және қайталанбастай иіріммен тоғыс тапқанында. Өйткені дәл осындай, яғни тәуелсіздік тұсы­нда рухани бодандықты басынан кешір­г­­ен Мұхтар Мағауин сезінген сезімдерді тағы бір қаламгердің қайтадан сезіне алуы неғайбыл. Сол пікірімді дәлелдегім және әр әңгімесі мен мақаласына орай пікір білдіргім келіп ұзақ уақыт бойы дайындалып та жүрдім. Бірақ ретін салмайын десе ойлаған ісің ілгері баспайды екен. Сол тұстағы пікірлерімнің жаңғырығын, міне, енді пайдаланайын деп отырмын. 

«Күмбез» әңгімесінің соңына: «Егер осында суреттелген оқиға  көркем қиялдың нәтижесінен туған көркем шындық болса, онда Мұхтар Мағауин шын даналыққа жетіпті. Шын оқиға болғанның өзінде, енді он, жиырма, жиырма бес жылдан соң көркем шындыққа айналады», – деп жазып­пын. 

Мұндағы жазушы өз көзімен көргендей етіп жазылған кәдімгі шындықтың өзі жағаңды ұстатады. Айтты-айтпады, біз аруақтардың бейітінің өзін сатып күн көріп жүргеніміз өтірік пе?!  Бұрын арымызды сатқанға күйінуші едік, енді ата-бабамыздың аруағын сатып күн көретін болдық. 

О, тәубе! 

Ал осыны Мағауиннен басқа кім көркемдік шындық дәрежесіне көтеріп жазды?

«Құмырсқа – қырғын» әңгімесі туралы: «Егер бұл әңгіме кеңес кезінде жазылса, онда Мұхтар Мағауин  тірі классик емес, нағыз алашшыл-ұлтшыл, буржуазияшыл диссидент атанар еді. Қазір тақырыпқа еркіндік жасалды. Әңгіменің астарындағы шындық  публицистикада ашық айтылып жүргендіктен бе, әдеби сын мылқау тылсымдықты сақтады. Оның үстіне, авторы бас асауы басылмаған, сырбаздығы мен сыншыл ойы тең өрілген, өзіне-өзі және келер оқырманның жоғары бағасына қатты сенетін, мақтағаныңның өзінде бір сөзіңнен ши шықса жазғаның үшін өкіне­тіндей ғып жазғыратын, шамшыл да шын­шыл Мұхтар Мағауин.  Сондықтан да әдеби сыншылар сырттай ықтап, марғаулық танытқан сияқты. Егер де Әбіш Кекілбай мен Шерхан Мұртаза жазса, сөзсіз дана дер едік. Оған мен де қосылар едім. 

Әттең, «Құмырсқа-қырғынның» астарын ешкім әлі де пайымдай алмай жатыр-ау! Оның ішінде дәл қазірдің өзінде ешкім айта алмайтын, екінші бір емеурінді тұспал жатыр. Ол – Ананың өзі! Аты аталмайды. Бірақ әңгімені оқығанда ол кейіпкер ретінде елес береді. Ол бейне жылдар өткен соң лакмус қағазының түсі сияқты астарлана шығады. Сонда: «Мұхтар Мағауин  шындық­ты зарлатып отырып, запыранын сорғалатып отырып жазыпты. Біз білмеппіз ғой! – дей­тіні анық. Мұндағы кейіпкердің мені – жазушының өзі. Егер құмырсқаның өзін жазса, қазіргі оқырманның оған өресі жет­пейді, оқымайды. Құмырсқаның іні де, илеуі де жоқ, яғни, жер сатылып кеткен. Ер­­теңгі өмір, жер жегісі, түптің түбінде жүй­­кең­ді жейтін болады!» деп пікір түйін­деппін. 

Қазір де сол ойдан айни қойғаным жоқ.

«Қуыршақ»  – Мағауиннің жазушылығын ертеректегі жазған туындысы «Әйел махаббатымен» байланыстыратын (мұны «Еркек махаббаты» деп атаса да болатын) жастық кешуі туралы хикая. Ең сәтті әңгі­мен­ің бірі. Баяндау мәнері де, құрылымы да, сюжеттің дамуы да кәдімгі классикалық үлгіде құрылған. Алайда мұндағы кейіпкердің «мені» жазушының «баяндаушының емес) «менімен» астасып кетеді. Автор кей кезде кейіпкердің орнын алмастырып кетеді. Баяндауы бір желінің бойына тартылған, ширақ. Оқығаннан өзіне тарта жөнеледі, кей тұста автордың толғауымен алмаса ұласады. Мұның барлығы болған оқиғаға, әсіресе, соңғы шешімге оқырманды сендіру үшін жасалған әдеби тәсіл. Мұндай ішкі қуат пен шынайылыққа алпыстан асқан жаста жету – ұлы ішкі қуатты қажет етеді» деп тұсына жазып қойыппын. 

Менің ойымша, бұл әңгімені талдамау керек, жай ғана оқып шыққан лазым. Сонда ғана оның барлық көркемдік қуатын сезіне аласың.

«Ең үздік оқушыдағы» немере де, не­меренің романы да, оны тыңдап, пікір айтқан ата да данышпан. Мұны әдеби тәсіл деп те, жазушының жан сыры деп те, тіпті, кішкентай ғана авантюристік әдеби тюрк деп те қабылдауға болады. Қылауы мен қисыны жарасқан, сақа жазушының өзін сескендіретін, бала психологиясының ло­ги­ка­лық тосын шешімі арқылы оқыс ойға қалдыратын шағын да шақпа туынды.  Өйт­кені сарабдал сыншының өзін шімір­кендіріп, «немересінің романын жан-жақты талқылауды кейінге қалдыруы» талай тұс­палды аңғартады. Оқырманның шешуіне қалдырылған тұспал бойынша: не лирикалық қаһарман қайтып қолына қалам алмайды, не немересі тұспалдаған шындықты жазу ғана қалады. Мүмкін, немересі де қайтып қалам ұстамауы мүмкін. Онда бұл ата өмір­і­нің трагедиямен аяқталатыны анық. Ал немере жазушы осы бетімен өнерін өрістете берсе, онда ... әлгі романды үлгі тұтқан мұғалиманың   керін әрбір қазақ кешеді деген сөз. Одан да әңгіменің талқыл­ау­ын шынымен де кейінге қалдырған дұрыс». 

Солай болғаны дұрыс-ау! Бірақ қазақ ұлтының күні не болмақ. Шағын, ойнақы әңгіменің астарында ұлттық трагедия жатыр.

Ал «Қос Ағаш» та бүкіл дала философия­сының тамырының үзілуі мен қазақтың тағдыры тұспалданған. Мұнда лирика да, сыншыл сезім де, емеурін де бар. Кешегі даланың көркі болған Бәйтеректер қайда? Енді мынау сайын даланың салқын самалымен саясында сусындататын қос бұтақты алып Қос ағаштар қайда? Марқасқа Мағауиялар қайда? Олардың басын жай ойнатқан кім? О, Қос ағаш! Сен қазақ хандығының құрылғанына куә болмап па едің! Дала мен бабаның рухы емес пе едің! Тасқын шайған, су орған арса-арсасы шыққан өзен жағасында сояудай сойдиып тұрған қалқа жоқ. Бақанастың бойындағы шыбықтар мен суға түскен бүгінгі балаларды кім саясына алады? Хандығыңның ныса­насы, ер бабалардың рухы мынау еді деп көрсететін тұқыл да қалмаған. Бұл әңгімеде аспан мен дала, ата мен бала, арман мен өмір арасын байланыстырған ұлы аңсар бар. Ол аңсар жазушының ішкі аңсарымен астасқанда мәңгілік ел туралы сарынға айналып кетеді. Қос ағаш – қос өмір, қос тағдыр, қос әлем, қос қоғам. Қос ағаш – фани мен бақидың арасындағы ұлы сарынды тамыр. Ол – өмір ағашы, көне түркіше Мықан ағашы. Ол – тамыры көкке, жапырағы жерге қараған жазмыш ағашы. Әңгімені оқығанда осындай ассо­сациялық коллизиялар ойыңды қармап алады».

Бұл – тұспал мен емеурінге құрылған әңгімелердің бір парасы туралы дер кезінде жазылып қалған ойлар. 

Қазір сол «Тамыздан кейінгі» әңгіме­лердің екінші бір астарын, сарказмдық сыпатын аңғарып отырмын. Мұнда тұспал да бар, бірақ мұндағы тұспал ызалы тұспал. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»  деген тәмсілді еске түсіретін және тура бидің қаламымен жазылған жаза сөзі. Бәріне емес, соның ішінде тікен тамырлы екі әңгімеге ғана тоқталайын. 

Алғашқысы «Қылмыс» деп аталады. Атақты бір тарихшы өзін қорлаған ұзынсирақтардың әйелін құтқарамын деп суға кетеді. Сөйтіп, ұлт мүддесін жалған бибауырмалдыққа құрбан етеді. Автордың пайымдауынша: Алпамыстың қылмысы бұл емес, опасыз жар мен қансыз нағашы­сының тәрбиесімен қағынып өскен ұлды – әкесінің еңбегін жоққа шығарып, алашапқын боп жүрген Подонокті өмірге әкеліп кеткені екен. 

«Подонок» атты екінші әңгіме әлгі подо­ноктің тәуелсіздік жылдарындағы «подоноктік» сатқындығы. Дүниежүзі тарихшылары жиналған симпозиумдар мен конференцияларда: қазақтың тәуелсіздік алуы – заңсыздық. Олар ел бола алмайды. Қазақ тілі диалекті ғана. Ресейсіз өмір сүре алмайды. Өйткені бұл ұлт – құл болу үшін жаратылған ұлт. Мен жабайылардан шықсам да, жабайылардың тілін үйренуге арлана­мын,– деп жар салады. Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, ше­телде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше өрлей түседі. Қас­таншықпағыр пиғылды ту еткен оппозиция өкілдерінің көсемі атанады. Сөйтіп жүргенде өз үйінің табалдырығына сүрініп, мұрны бұзылады. Оны қазақ емес, қазақстандық баспасөздер, көлігімен кісі басып өлтірген Жовтисті адам құқығын қорғағаны үшін түрмеге қамалды  деп даурығып жүрген оппозиционерлер сияқты,  оның бет-аузының тас-талқан болғанын мемлекеттен көреді. «Аш пәледен қаш пәле» деп үйренген, іштей оның пікірін жақтайтын Үкімет ақыры оған күндіз-түні күзететін қарауыл бөледі. Есірген Подонок енді «Қазақсыз Қазақстан» деген ұран көтеріп шығуға дай­ындалып, ұлы жоба жасап жатқан көрінеді. «Елдің тыныштығын ойлағандар» оның бұл әрекетін мақұл көріпті-міс. Біз оқиғаның сыртқы қаңқасын ғана баяндап отырмыз. Ал мәтіннің ішіндегі көркем оймен шендестіріле берілген сарказмдардың уыты тұла бойыңды қышыма шаққандай дуылдата шымырлатады.

Бұл екі әңгімені ғана емес, «Ұлтсыздану ұраны» атты кітаптағы барлық шығарманы дәл осындай деңгейдегі саяси памфлет десе де болады. Бұл реттегі Мұхтар Мағауин­нің сарказмдері мен ызалы қаламы әлемнің кез келген сатиригімен шендесе алады. Әттең, соның барлығы да қалтарыста қалып қойды.

Оның есесіне Шыңғыс ханның қазақ мемлекеттігінің тарихынан алатын орны туралы пікірі дауға ұласып кетті. Подонокті басына көтерген тобырға Шыңғыс хан мен Мағауиннің тізесі мен ызасы қаттырақ батқан сияқты (Бұл арада мен Мұхтар Шахановты меңзеп отырғамын жоқ. Екі Мұхтар қатар күресіп жүргенде, екеуінің арасынан әділет іздегенсіп, арандатып жүрген Подоноктерді меңзеп отырмын). Мұндайға араағайындық жасағанды жаным сүймейді. Жасанды жауапты одан бетер жек көремін. Дегенмен де, мәселенің анығы – Шыңғыс хансыз қазақ мемлекет­тігінің тарихы болмақ емес. Онсыз біз ұлттық қасиеттеріміз бен белгілеріміздің бәрінен айырылып қаламыз. Тарихтан сызыламыз. Оны М.Мағауин «Қазақ тари­хы­ның әліпбиінде» барынша орнықты баяндаған. Біле білсек, қазақ ұлтына Шыңғыс хан мен Мағауин емес, Подонок қауіпті еді. Ондай подоноктер арамызда әлі де қошаметке ие. Осыны да парықтай алмай қойдық-ау!

Бүгінгі күннің тақырыбын көркем шығармаға арқау етуге әлі ерте деген жасанды сылтауды Мұхтар Мағауиннің жоғарыдағы әңгімелері мен «Жармақ» романы күн тәртібінен сызып тастады. «Жармақ» – саяси памфлет пен психология­лық көркем саралауға құрылған трагедиялық шығарма. Мұндағы бір адамның екіге жарылуы тарихи және өмірлік шындықтан туып отыр. Бір бетіне – ұлт намысын, екінші бетіне – ұлтсыздықты ұран етіп алған дүбара тұлғаның қос жарылуы, жүрегі мен санасының екіұдай арпалысуы, махаббаты мен жар төсегін бөліскен жары­м­естілік, бір адамның өзін-өзі соншама сүйе отырып жек көруі, өзінен-өзі жерінуі романда публицистикалық рухта сараланып, трагедиялық шешіммен аяқталады. 

Басты кейіпкер өзінің екінші бетіндегі даңқ пен дақпырттың табы басылған сатқындықтың қарғыс таңбасын өшіріп, бір бетті, ар-ұятты, ұлтының мүддесі үшін өмір сүруді армандайды. Өзінің екінші жартысы Жармақ Парламентке өтіп, тура Подонок сияқты өз ұлтын арандатып, «Қазақтарсыз Қазақстан» деген ұранды мемлекетаралық деңгейде жүзеге асыруға көшкенде оның екінші жартысы – өзіне-өзі қол салады. Ол сол өзінің өлімі арқылы ғана Жармақты сатқындықтан арашалап қалады. Өйткені онсыз екінші сыңарынсыз Жармақтың өмір сүруі мүмкін емес көрінеді. Маратымыз – Мұрат, Мұратымыз – Марат. Марат өзін өлімге қию арқылы Мұраттың жолын кеседі. Яғни, ұлттың мұраты үшін Марат өзін де, Мұратты да құрбан етеді.

Мұндай шарасыздықты әрбір қазақ зиялысының басынан кешіп жүргені аян. Тіпті, осындай амалсыз тәуекелге барған шығармашылық иелерінің тылсым тағдыры жанымызға батып жүргені де аян. Берісі он-он бес әдебиет, мәдениет өкілінің өз жанын өзі қасым еткені бізді сескендірсе керек. Олар да Марат сияқты өз еркімен өмірден бас тартуы арқылы қалғанымызға ой салғысы келіп, жанын пида етті ме деп те ойлайсың. Ойлайсың да еркін өмірдің тұйыққа тірелуін азат қоғамды тұйық қоғамға әкеп тіреген себептерден іздейсің. Соның жауабының бір парасы Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романында публцистикалық пафоста сарқыла көркем сараланған. 

Шайтанқұлақ арқылы аз сөйлесіп, көп сыр түюге ұмтылған сәтімде «Жармақ» туралы сыр тартпақ болғанымда ол  алысқа орағыта қайырып, әңгімелерін көлденең тарта берді (Ол әңгімелер ғұмыры қысқа болған «Алтын тамыр»  журналында  жарияланды). Соған қарағанда қазіргі Жармақ емес, тарихи жармақтар туралы көркем ойын көмей күйі ретінде жасырып қалды ма деген ұшқын санамызға саңлау түсірді. Әйтеуір, біз білетін Мағауин ешқашан да елі үшін алаңдамай жүрген емес. Әр игі ісінің сәтін салсын – деп тілейтінмін. 

Қазіргі қазақ әдебиеті тоқырауда – дейміз. Жоқ, бұл мүлдем қате түсінік, жаңсақ пікір. Өзгені былай қойғанда, Мұхтар Мағауиннің кейінгі он-жиырма жылдағы шығармалары бұрын-соңды туған әдебиетімізде бой көрсетпеген әлемдік деңгейдегі туындылар. Тек соны оқып, түсініп, мойындап, талдап, тұспалын халыққа аша жеткізу ғана парыз болмақ. Өйткені бұл роман – бүгінгі қазақ әдебиеті­нің жаңа арнасының басы. Көркем шығар­маға қойылатын ендігі талап та сол деңгейден қалыптаспақ. Бұған алаңымыз жоқ.

Алаңымыз – ағаның алыста жүргені еді. Енді еліне жат бауыр болып кете қоймас. Бірақ бой тарта саяқ кеткені – Алаш рухты азаматтың бар екенін сезініп жүруі тиіс еліне қиянат сияқты көрінетін. Бұл емеурініміз, мүмкін, асылық та болар. Мүмкін, жанында еркелей жүріп, бауыр басып қалған жан жылуын жиі сезінгіміз келгендіктен де шығар. Ал оған бауыр басып қалған жалғыз біз емес, исі ел емес пе? Ал елін бауырына басып үйреткен тағы да сол Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің өзі.

Маған осындай да Мұхтар ағамыздың өзі де сол өзі жырлаған Қос Ағашқа ұқсап кетеді. Ол – азаматқа тән өмірлік көзқарас қайшылығы бар, жазушыға тән тағдыры бар, оқымыстыға тән ой тартысы бар тағдырлы тұлға. Бұл сөзімді де сол алғашқы мақаламдағы сөз емеурінін өткен шақпен ауыстырып:

«Мұхтар Мағауин төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас, Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азаулының Ыстанбұлдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» деп тұрған дегдар шағында өмірден озды. Шығармалары жұртының көңілін ұзағынан сүйіндірсін» деген  салауатпен тәмамдаймын.

Бұған қосарым,  тірісінде жанына тыныштық бермеген ызың-тызыңдар осы дүниеде қалып, рухына офа берсе екен деп тілеймін.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

жазушы

5 қараша, 2009 жыл –

27 қаңтар, 2025.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ортадағы қақтығыс және уайым тек сахнада ғана емес, көрермендер залында да сезілді
Кітап қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың өмір жолына арналған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →