×

«Арманым ұлы күйшімен кездесу еді»: жапон жігіт Секен Тұрысбековпен бірге күй шертті

Жақында Арбатта концерт берген күйшіні алматылықтар жақсы таниды

«Арманым ұлы күйшімен кездесу еді»: жапон жігіт Секен Тұрысбековпен бірге күй шертті
Фото: ашық дереккөзден

Жапонияның Акира Такегучи деген күйші азаматы бар. Ол домбыраның құлағында ойнап, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Қазақстанға бір ай бұрын келген Акира өз тыңдармандарын қалыптастырып үлгерген. Жақында ол күйші Секен Тұрысбековпен кездесіп, өмірдегі арманы орындалғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұлттық аспапта ойнайтын азаматтың арманы – домбырашы, күйші Секен Тұрысбековпен жүздесу болған екен. Акира Такегучидің күйші, Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбековпен жүздесуіне, арманының орындалуына «Хабар» арнасының «Оян» бағдарламасы мұрындық болған.

«Ол менің сүйікті сазгерім. Домбырада ойнау шеберлігі қатты ұнайды. Кездессем менен бақытты адам болмас еді», - дейді Акира Такегучи.

«Оян» ұжымының ұйымдастыруымен Акира Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында күйші Секен Тұрысбековпен кездесті. Секен Тұрысбеков күйге деген ықылас мүлде басқа тілде сөйлейтін азаматтарға аударманы қажет етпейтінін, оған көкірек көз, құлақтың саңылауы керек екенін айтты.

Секен ағасымен Акира бірден домбыра үнімен тіл табысып кетті. Олардың жүздесуі тек күймен шектелген жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі жапон музыкантына домбырада ойнаудың қыр-сырын көрсетіп, бірнеше кеңес берді.

«Бүгінгі кездесуден өте керемет әсер алдым. Қуанышымда шек жоқ. Оның бойынан нағыз қазақы рухты көрдім, үйреткен техникаларын да бірден жаттауға тырыстым. Бұл күнді ешқашан ұмытпаймын және осы тәжірибе маған келешекте көмектеседі деп ойлаймын», - дейді Акира Такегучи.

«Көңіл толқыны» күйін Акира Секен ағасымен бірге шертті.

«2008 жылы Жапонияға бардым.. Олардың бір қызығы күй туралы қысқа-нұсқа аннотация сұрайды. Қандай күй болса да. Сол «Көңіл толқынын» ойнардың алдында күй «Семей Невада», Хиросима, Нагасакиге арналған дедім. Жыламаған жапон жоқ. Қайтадан «Көңіл толқынын» орындап беруімді өтінді. Сол жақта «Көңіл толқыны» күй әлеміндегі гимнге айналды. Солай қалыптасып қалған», - дейді Секен Тұрысбеков.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →