Мурал - тұрғын үйлердің қабырғасын, қаспетін әрлейтін өнердің жаңа бір түрі, бағыты. Қоғамға бір идея, мағынаны жеткізу-түсіндіруді көздейтін мәдени үрдіс бүгінде ел көлемінде кең етек алған. Бұқараның ықыласына бөленіп жүрген мурал туындылары Талдықорған ғимараттарын да айшықтауда. Жетісулық суретшілер жуырда тағы бір сондай көркем туындыны тарту еткен болатын - достық пен береке-бірлікті дәріптейтін өнер туындысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналыпты. Qaz365.kz тілшісі муралдың қашан, қалай және қандай мақсатпен салынғанын суретшілер тобының жетекшісі Еркеғали Иманғалиден сұрап білді.
– Еркеғали, ең алдымен әдемі туындыларыңыз үшін рахмет айтамыз! Жалпы, мұндай идея қайдан келді? Атаулы датаға орайластырылған шығар, тапсырыспен салдыңыздар ма?
– Рахмет, жұртшылықтың көңілінен шықты деген үміттеміз. Иә, тапсырыс - Ассамблеяның 30 жылдығына тарту деп қабылдасаңыздар да болады. Суретте кішкентай балалар – әртүрлі ұлттардың перзенттері, кішкентай бүлдіршіндер. Әрқайсысы өздерінің ұлттық киімдерінде. Көк туымыздың бейнесіндегі жүрек пішіннің ішінде пазл құрап отырған балалар бейнеленген. Оның астарында - жас мемлекетімізді барлығымыз бірлесіп, бірігіп құрап-құрастырып жатырмыз деген ой жатыр. Екіншіден - Қазақстанның болашағы жас буынның қолында деген идеяны сурет арқылы жеткізгіміз келген... Бұл қазір өте өзекті тақырыптың бірі. Халықтар достығын, бейбіт Әлемді дәріптеуге кішкентай болсын өз үлесімізді қоссақ деген тілек еді. Ал соны іске асыруға қолдау жасаған да тапсырыс беруші Жетісу облыстық «Достық үйі» болатын.
– Жалпы, муралдың қарапайым суреттен қандай айырмашылығы бар?
– Басты айырмашылығы қолжетімділігінде деп ойлаймын. Мысалы, автор ретінде менің жұмысымды тамашалау үшін мұражай немесе галереяға барудың еш қажеті жоқ. Суреттер әрқашан елдің назарында, далада, міне осындай тұрғын үйлердің, ғимараттардың қабырғасында көрініс тапқан. Сол сияқты қандай да бір қателігің де жұрттың көз алдында тұрады. Одан кейін сенің жұмысыңның идеясын әркім әртүрлі түсінуі мүмкін. Муралдың жанынан өтіп бара жатқан адам дәл сол сәттегі эмоциясымен қабылдайды. 30 жылдыққа тарту еткен туындымыз арқылы біз ұлт пен ұлыстар арасында ешқандай айырмашылықтың жоқтығын, барлығы тең екенін көрсеткіміз, жеткізгіміз келді. Адамнан адамның еш артық не кемшілігі жоқ. Ал оған әдейі кішкентай балаларды бейнеледік. Себебі, балалар тек қана жақсы эмоциялар сыйлайды.
– Тамаша! Ерекшелігін білдік, ал өзіндік ньюанстары, мурал салу қиын шығар? Мысалы, мына тундыларыңызға қанша уақыт кетті?
– Жалпы, процестің өзі қаңтарда басталды. Кездесулер. Содан, келесі екі ай – ақпан, наурыз эскиздерін салып, дайындалдық. Ал негізгі жұмысқа екі аптаға жуық уақыт кеткен болатын. Негізгі шаруаға, муралдың өзіне төрт-ақ күніміз кетіпті. Осылай!
– Еркеғали, мурал салу үшін міндетті түрде суретші болу шарт па? Мысалы, сіздің мамандығыңыз қандай?
– Өзім Жетісу мемлекеттік университетінің дизайн мамандығын бітіргем. Мурал салумен айналысқаныма бес жылдай болды. Ең алғаш пандемия кезінде кірісіп кеттік. Талдықорғанда байқаған шығарсыздар, «Дәрігерлер – біздің батырлар» деген туындылар бар. Соның авторы біздің топтың суретшілері. Барлығы сол 2020-жылдан басталды . Содан бері біраз жұмыс істеп тастадық. Міндетті түрде суретші болу шарт емес деп есептеймін, қолыңнан келіп тұрса болды емес пе?
– Өнер атаулының түпкі мақсаты адамға, қоғамға бір пайда әкелу деген қағида тұрғысынан қарасақ, муралдың бізге берері не?
– Біркелкі сұр ғимарат, тұрғын үйлер кейде адамның көңіл-күйін түсіреді. «Серый массив» дейді. Қалаларды әрлеп, безендіруде, көңілсіз реңктерді сейілтуде мурал ұтымды шешім әрі бұл арт-дизайн. Былайша айтқанда қаланы көркемдеудегі заманауи әдістің бірі. Енді бекерден-бекер сұраныс артып жатқан жоқ шығар. Адамдарға жақсы эмоция сыйлайтын өнер болған соң, сұраныстың арта бергені дұрыс деп ойлаймыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
– Сіздерге де алғыс айтамыз.