×

Қазипа Қалиқызы:  Ұлттық оюдан заманауи брендке дейін

Қазипа Қалиқызы:  Ұлттық оюдан заманауи брендке дейін

Ұлттық ою-өрнекті заманауи сәнмен ұштастырып, оны тек мәдени мұра емес, нақты кәсіпке айналдыра білген тұлғалардың бірі — этнодизайнер, кәсіпкер Мұхаметқали Қазипа Қалиқызы. Отыз жылға жуық уақыт бойы қазақтың ою-өрнегін жүйелі түрде зерттеп, жүздеген авторлық үлгі мен топтама жасаған ол бүгінде ұлттық сән индустриясында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Qaz365.kz тілшісі ұлттық киімге сұраныс артқан бүгінгі кезеңде Қазипа Қалиқызымен шығармашылығы мен кәсіпкерлік жолы, ізденісі мен тәжірибесі жайында әңгімелескен  едік. 

— Ұлттық ою-өрнекке негізделген жолыңыз қалай басталды?
— Қазақтың ою-өрнегіне қызығушылығым 30 жыл бұрын басталды. Осы уақыт ішінде оюды жай сәндік элемент ретінде емес, тұтас бір идея, композиция, тіл ретінде зерттеп келемін. Ұлттық қолөнерді заманға бейімдеу менің басты бағытым.

— Шығармашылық қоржыныңыздың ауқымы қандай?
— Қазіргі таңда қоржынымда 1000-ға жуық ою-өрнек бар. Оларды әртүрлі тәсілмен композициялап, киімге, матаға, тұрмыстық және интерьерлік бұйымдарға енгізіп жүрмін.

— Сіз алғаш енгізген жаңашылдықтар туралы айтып өтсеңіз.
— Көйлек тігуде органза мен сетка материалдарын ұлттық нақышпен үйлестіріп қолдануды алғаш енгізгендердің бірі болдым. Сонымен қатар, ұлттық нақыштағы жоғары сапалы, кестеленген үй бұйымдарының толық үлкен топтамасын жасап шығардым. Қазір 100-ден астам үй бұйымынан тұратын жеке коллекциям бар. Бұл бұрын-соңды болмаған жоба.

— Қазіргі таңда қандай бағыттарда жұмыс істеп жатырсыз?
— Ою-өрнектерді жіппен және маржандармен кестелеу принттеу, матаға бастыру, таңбалау әдістерін кеңінен қолданамын. Сонымен қатар, авторлық композициядағы маталар шығарып жатырмын. Бүгінге дейін 70-тен астам киім үлгісі, 50-ден аса мата дизайны жасалды. Барлығы бірін-бірі қайталамайды.

— Өндіріс қай жерде жүзеге асады?
— Өкінішке қарай, маталарды Түркияда жасатамын. Себебі елімізде бұл бағыттағы өндіріс әлі жүйелі дамымаған.

— Қай топтамаларыңыз халық арасында сұранысқа ие болды?
— Әйелдерге арналған «Айдай», «Айжұлдыз», «Назар», «Айсұлу», «Құралай», «Баян» шапан топтамалары, сондай-ақ ер азаматтарға арналған «Достық», «Айбат», «Ақжол», «Еркін» «Батыр» сериялары кең сұранысқа ие болды.
Сонымен бірге ұлттық нақышты сақтаған заманауи бомбер мен жилет үлгілерін қолға алдым. Бұл бағыт жастар арасында жақсы қабылданды.

— Ұлттық киімдерге сұраныс қалай өзгерді?
— Бүгінде ұлттық киімдерге сұраныс айтарлықтай артты. Бұрын олар тек мерекелік немесе сахналық образ ретінде қабылданса, қазір күнделікті стильдің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл — ұлттық сананың өскенінің айқын көрінісі.

— Мекемелерде ұлттық киім кию үрдісі туралы не айтасыз?
— Қазір көптеген мекемелерде әр жұма ұлттық киім кию дәстүрге айналып келеді. Бұл — халықтың өз өнеріне жақындай түскенінің белгісі.
Біз ірі компаниялармен  мектептермен бірлесіп, мекеме қызметкерлеріне арналған шапандар тігіп жүрміз. Сонымен қатар, Елорда мен Ақтау , Алматы қалаларындағы танымал брендтермен серіктеспін.
Той-томалаққа, үлкен жиындарға, қадірлі қонақтар мен үлкен кісілерге, сондай-ақ күнделікті киюге ыңғайлы, сәнді шапандарымыз да жоғары сұранысқа ие.

— Кәсіпкерлік пен білім беру саласындағы жұмыстарыңызға тоқталсаңыз.
— Жоғары оқу орындарының дизайн кафедраларымен ынтымақтастық орнаттық, студенттер бізде тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар, мен тіккен киімдер арқылы кәсібін жүргізіп отырған бірнеше брендпен тұрақты жұмыс істеймін. Қазіргі таңда бірнеше қалада франшиза ашу жұмыстары басталды.

— Бүгінде әйелдердің бизнестегі рөлі қандай деп ойлайсыз?
— Қазіргі қоғамда әйелдердің бизнестегі рөлі айрықша күшейіп келеді. Әйел тек отбасының ұйытқысы емес, сонымен қатар жауапкершілікті өз мойнына ала алатын, стратегиялық ойлайтын кәсіпкер екенін дәлелдеп отыр. Әйелдер бизнеске табыспен қатар мән, сапа, эстетика әкеледі. Өз тәжірибемде әйел кәсіпкерлердің ұқыптылығы мен шыдамдылығы бизнесті тұрақты дамытуда үлкен рөл атқаратынын көріп жүрмін.

— Осы жолдағы басты қағидаңыз қандай?
— Мен 30 жыл бойы қазақтың ою-өрнектерін киіммен, матамен, түрлі бұйымдармен байланыстырып келемін. Оюды әртүрлі бағытта композиция ретінде қолдануды зерттедім. Бұл — ұлттық қолөнердегі менің өз қолтаңбам.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →