Алғашқы концерт мамыр айына жоспарланған
Қазақстанда жыл соңына дейін халықаралық деңгейдегі кемінде бес концерт ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz
Оның айтуынша, 2026 жылы елімізде әлемге әйгілі әртістердің қатысуымен бірқатар ауқымды музыкалық іс-шара өтеді. Алғашқы концерт мамыр айына жоспарланған. Онда Timbaland, Nicole Scherzinger, Busta Rhymes және басқа да танымал орындаушылар сахнаға шығады.
Сонымен қатар баяндама барысында ұсынылған слайдта Tyga, Keri Hilson және Flo Rida сынды халықаралық жұлдыздардың да Қазақстанда концерт беруі мүмкін екені көрсетілген.
Талғат Ғазизовтің айтуынша, мұндай іс-шаралар туристік ағынды арттыруға, елдің халықаралық мәдени имиджін нығайтуға және Қазақстанды ірі концерттік алаң ретінде танытуға бағытталған.
Жалпы, биыл елімізде әлемдік деңгейдегі әртістер қатысатын кемінде бес концерт өткізу көзделіп отыр.