Ашылу салтанатында Сәбит Мұқановтың повесі негізінде қойылған “Шоқан” спектаклінің премьерасы болды
18 қараша күні Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Мәдениет жіне спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Қазақстанның Халық артисі Айман Мұсақожаева, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Канн кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова, генерал-лейтенант Абай Тасболатов және зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері болды.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
“Барша қызылжарлықтар үшін айтулы оқиға – Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл тарихи сәт еліміздегі театр өнерінің жылнамасына енеді. Егемендік алған жылдар ұлттық мәдениетіміздің қарыштап өрлеуінің жаңа дәуірі саналады. Елімізде жас таланттардың шығармашылық әлеуетін арттыру үшін барлық жағдай жасалуда.
Ширек ғасырға жуық тарихы бар Сәбит Мұқанов атындағы қазақ театрның киелі сахнасында 100-ден астам драмалық шығармалар қойылып, көрерменнің көзайымына айналды. Ұжым шығармашылық ізденістің арқасында республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде талай биіктерді бағындырды.
Өнер ордасының қабырғасынан әлемге танымал киноактриса Самал Ісләмова, режиссер Фархат Молдағали сияқты дарынды жастар түлеп ұшты. Қазақ мәдениеті өнердің барлық саласында ғаламдық мәдени мұраның танымал бөлігі болуы тиіс. Сіздерге осы бағытта мол шығармашылық табыс, жарқын ізденістер, сәтті жобалар және көрермендердің махаббатын тілеймін”, – деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.
Қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтай отырып, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Солтүстік Қазақстанның аумағы атақты ақындар мен жазушылардың киелі мекені екенін атап өтті.
“Теріскейдің темірқазық театры жаңа ғимаратқа кіріп, қазақ өнері, ұлт руханияты үлкен қуанышқа кенеліп жатыр. Бұл – тек Солтүстік Қазақстан облысының ғана емес, тұтас халқымыздың ортақ олжасы. Себебі, киелі Қызылжар топырағы – сахараны сахна еткен қаншама сал-серінің киелі бесігі. Ежелден елге тұғыр болған қарт Қызылжар – қазақ өнерінің төрі мен төркініндей.
Бұл берекелі мекенде Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов сияқты халқымыздың біртуар тұлғалары дүниеге келген. Сондықтан біз үшін бұл өңір қашанда сазбен сырласып, тарихпен тыныстап жатқандай болады”, – деді министр Дәурен Абаев.
Шындығында бүгінгі күн солтүстікқазақстандықтар үшін көптен күткен және елеулі оқиға болғаны анық. СҚО-да бірегей архитектурасы бар тағы бір нысан пайда болды. Алдағы уақытта жаңа қазақ театры қаланың басты көрікті жеріне айналатыны сөзсіз.
“Театр-рухани, мәдени және тарихи орталық. Қоғамды дамыту үшін экономикамен қатар өнер саласын да дамыту керек. Елде білімді, мәдениетті және еркін ойлы азаматтарды қалыптастыру үшін жағдай жасау маңызды. Бізге рухани құндылықтарға негізделген қоғам қажет. Өнерге жақын адам әркез жоғары стандарттарға ұмтылады”, – деді Құмар Ақсақалов.
Ресми бөлімнен кейін арнайы шақырылған қонақтар мен өнерсүйер қауым Сәбит Мұқановтың повесі негізінде қойылған “Шоқан” спектаклінің премьерасын тамашалады.