×

Димашты бекер шығардым ба деп қоямын – Ертай Нүсіпжанов

Журналист телеарнадан неге көрінбей кеткенін жазды

Димашты бекер шығардым ба деп қоямын – Ертай Нүсіпжанов
Коллаж: Qaz365.kz

Бір кездері «Қазақстан» ұлттық арнасында «Аламан» айтысын жүргізіп танылған, журналист, тележүргізуші Ертай Нүсіпжанов неліктен телеарнадан көрінбей кеткенін жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

«Журналистикаға екінші курс аяқтаған жылы 19 жасымда келдім. Қазақ радиосына конкурспен қабылдандым. Қара шаңырақ қабырғасында жүріп «Жас алаш», «Айқын», «Алаш айнасы» сынды республикалық басылымдарға әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарда тұрақты түрде мақала жаздым. Шыңдалдым. Үш жылдан соң «Қазақстан» телеарнасына ауыстым. Сөйтіп, бас-аяғы 7 жылдың ішінде, редактор, сценарист, бағдарлама жүргізуші, продюсер қызметтерін атқардым. Телеарнада тікелей эфирде айтыс ұйымдастырып, «Аламан айтысты» 2 жыл жүргіздім. 26 жасымда телеарнадан аларым, үйренерім қалмады. Іштей тоқырауды сездім. Сөйтіп, басшылыққа жағдайымды айтып,  «Әкімшілік басқару» мамандығына магистратураға Қытайдың грантын ұтып алып, оқуға түстім», – дейді Ертай Нүсіпжанов.

Қытайдан елге оралған соң, ол Димаш Құдайбергеннің Қытайға «I am a singer» іріктеуіне қатысуына көмектескен.

«Қытайға Димаш Құдайбергенді шығардым. Өкінішке қарай, ол туралы елде қауесет тарады. Күмән келтіргендер шықты. Жалғыз өзім атқарған еңбегімді сол кезде мәдениет министрі болған А.Мұхамедиұлы бүкіл бір министрліктің жұмысы етіп көрсеткісі келді. Ол туралы сұхбаттар берді. Сол аралықта мені Димашты танытқан журналист деп таныстырып, Пекин қаласына Орталық телеарнаға арнайы сұхбатқа шақырды. Қытай тілінде сұхбат бердім. Бұл туралы бүкіл Қытай медиасы айтты, жазды. Қытай елеп, мені көтермелеп, ал өз елімде еңбегіме күмән келтіргені жаныма қатты батты», – дейді журналист.

Ол одан кейін көрген әділетсіздіктерін тізіп шыққан. «Хабар» агенттігінің Қытайдағы тілшісі болуына жақын қалғанда сол кездегі басқарма төрағасының орынбасары Ринат Кертаевтың қол қоймағанын да айтқан. 

«Ал қазіргі қызметім – дубляж саласында. Ауылда жеке шаруа қожалығымыз бар. Қытаймен жұмыстарым бар. Журналист болған соң елдің, қоғамның жайын ойламай қоймайсың. Азаматтық көзқарасымды айтып, жазып тұрамын. Айтпақшы, осы Димашты бекер шығардым ба деп қоямын кейде», – дейді Ертай Нүсіпжанов.

Айта кетейік, ол бұған дейін  Димаш Құдайбергеновтің шетелдік жобаға қалай таңдалғаны туралы жазған еді. Журналист оны бағдарлама ұйымдастырушыларына «Қазақстанның ең танымал әншісі» деп таныстырған көрінеді. 

«Кейін жобада солай деп хабарланды. Ал шын мәнісінде біз ол кезде Димашты қазіргідей «бағаламайтын» едік. Ол әрі ең танымал әнші емес те еді! Тіпті қазір Димаштың айналасында қызмет етіп жүрген көптеген қандас бауырларымыз да менен: «Ол қай әнші еді?» – деп сұрайтын. Көрсетсем, білмейтін! Турасын айтсақ, Димашты қытай емес, қазақтар толық танымайтынбыз. Димаштың бірде маған: «Ертай аға, мен «Славян базарынан» кейін елге біраз танылып едім, қазір қайта «құлдырап» барамын. Осы жобаға қатыссам тамаша болушы еді…» дегені де өте көп нәрсені аңғартады», – деген болатын.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Бұл туралы 2024 жылдың көктемінде хабарланды
Бұл комикс - оқырмандарға қызық әлемге сапар шегу мүмкіндігін сыйлайды
Бұл жөнінде “baurynasalu.film”  Instagram парақшасында хабарланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →