×

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті

Этнофестиваль жоғары деңгейде өтті

Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті
Сәрсенбек Қызайбекұлы

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Алматы қаласында кезекті халықаралық этнофестиваль болып өтті. «Боралдай» сақ қорғандары археологиялық паркінде екі күн бойы 12 елдің үздік спортшылары мен қолөнершілері, этномузыканттары өз өнерлерін ортаға салды. Айта кетейік, айтулы шара Қала күніне орай «Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Өткенсіз – болашақ жоқ. Қазақтың халық болып қалыптасуы үшін кешегі сақ, ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың, түркілер мен қыпшақтардың, көшпенді тайпалар мен ұлыстардың мәдени-рухани жаңғыруына сара жол салып бергені ешкімге жасырын емес. Дәл осы көшпенді елдердің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ежелгі тарихы мен тілін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше әсерге бөледі.

Алматы қаласының Мәдениет басқарма басшысы Ғани Майлыбаев:

«Екі күндік халықаралық этнофестивальге 12 мемлекет қатысып отыр. Алғашқы қатысушылардың бірі – Малазия елі. Араға 4 жыл салып, Алматы қаласында осы бір шара қала тұрғындары үшін қайта жүзеге асып отыр. Фестивальдің алғашқы күні болса да, шараны тамашалауға 10 мыңға жуық адам жиналды. Биылғы жылдың басты ерекшелігі – киіз үй үш есе артық тігілді. 40-қа жуық мейрамханалар тұрғындар үшін қызмет етіп, асау үйрету бойынша шеберлік сағаттары өткізіледі.  Сондай-ақ қала басшысы мен «Шанхай» ынтымақтастық ұйымының  қолдауымен Алматы тұрғындары  мен меймандары үшін 500-ге жуық өнерпаздар өз өнерлерін көрсететін болады. Көпбалалы аналардың қолөнерлері жәрмеңкеде сатылсын деп, арнайы бір киіз үй тегін беріп отырмыз. Мұны да осы жылдың артықшылығы деуге болады. Өз өнерін көрсететін жас таланттар мен шетелден келген делегацияларға да арнайы киіз үй тіктік. Алматымызда мәдениетіміз бен өркениетіміздің өзегі болған айшықты жәдігерлерімізді ұлықтап, жыл сайын дәстүрден жаңылмай,  алдағы уақытта да осындай шараларды ұйымдастыруға ниеттіміз», – дейді.


Халықаралық фестиваль кезінде көшпенділердің жауынгерлік ойындары, саятшылығы, ат баптауы, тағамдары, қолөнері т.б көптеген тұрмыс-тіршілігі  көрсетіліп, жиналған халық түрлі сайыстарды тамашалады. Қызықты шеберлік сабақтарға қатысып, көшпенділердің өткен дәуіріне саяхат жасады.

Башқұртстан, Мажарстан, Өзбекстан Әзірбайжан, Дағыстан, Чувашия, Түркия, Малайзия, Алтай,  Қырғызстан мен Бурятия сынды 10-нан астам мемлекеттің өнерпаздары мен спортшылары қалың көпшіліктің ықыласына бөленді.
50-ге жуық киіз үйлер тігілген  «Боралдай» сақ қорғандары археологиялық паркіндегі этноауылда көшпенді елдердің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті толық көрсетілді. Жастар алтыбақан теуіп, шат-шадыман болса, бүлдіршіндер балалар алаңында түрлі ойын ойнап, қуанышқа бөленді.
Шараны тамашалаушылар асық ату, қыз қуу, теңге салу, көкпар, қол күрес, аударыспақ, жамбы ату, қазақша күрес, асауға құрық салу сынды ұлттық ойындарға да куә болды. Этнофестивальдегі дәл осы көрініс қазақ халқының ертеден-ақ ұлттық ойындарын дәріптеп, ұрпағының ерік-жігері мықты, табынды да қажырлы болуына мән берген халық екенін тағы бір рет ұқтырғандай. Себебі атадан балаға мұра боп жалғасқан көшпенді еліміздің ұлттық ойындарының қайсысын алсақ та, ынтымағы мен бірлігі жарасқан біртұтас ұлттың мәдени мұрасынан хабар береді. Осындайда Абайдың «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?» деген даналығы еске түседі. Қазақтың дархан далада желік қуып, табиғаттан қуат алып, оны ұлттық ойындары арқылы өскелең жастың бойына сіңіргенін ешкім жоққа шығара қоймас. Себебі тәрбиенің бастауы – денесі шыныққан шымыр ұрпақта деп бірінші байлыққа баса назар аударған. Екі күндік халықаралық этнофестиваль кезінде көрсетілген дәл осы қазақтың ұлттық ойындары қала меймандары мен тұрғындарын өзін еркін сезініп, ізденімпаздық пен тапқырлыққа үндеді.

Сондай-ақ шара кезінде тас диірмен тарту, келі түю сынды көненің көзі болған көшпенді елдердің жәдігерлері де көптің назарына ұсынылды.  Сонау нәубет заманда талай отбасын аштықтан құтқарып, тоқшылықтың белгісі болған – диірмен тірі жанның тіршілікте тынымсыз еңбек ету керегін түсіндіргендей әсерге бөледі. 
Этноауылдағы бір уақытта өтіп жатқан түрлі шаралар қаланың күйбең тірлігінен шаршаған қалың жұртшылықтың сергіп, екі күн бойы мамыражай күй кешуіне серпін берді.
Садақшылар мен найзашылар аймағында өткен түрлі сайыстарға қарап, ежелгі көшпенді елдердің әскери жүйесіне оң баға беруге болады. Түркі халықтарының эпостары мен жырларында осы садақшылар мен шоқпаршылар, қылышкерлер мен айбалташылар жайлы сөз болуы тегін емес. Себебі «Ер қаруы – бес қару» деп талай ұрыс майданында елі мен жері үшін жанкештілікпен шайқасқан жауынгерлердің суық қаруын асынып, сайманын сайлағаны әскери тактиканың өзіндік тиімді жүйесін қалыптастырғанынан хабар береді. 
Шара кезінде көрсетілген садақшылар мен найзашылардың өнері көшпелілердің соғыс басталмас бұрын ашық майданда тынымсыз дайындалып, садақшылар мен найзашылар қосыны жаудың алдыңғы лебіне ойсырата соққы беріп, аттары мен әскеріне айтарлықтай шығын әкелгенін түсіндіріп, ежелгі тарихты еске түсірді.