Оның айтуынша, кейбір режиссер Үкіметтен қомақты қаражат алып, “бизнес” жасап жатыр
Белгілі продюсер, шоумен Нұрлан Қоянбаев “Бірінші бол” подкастында кейбір режиссердің кино түсіруіне Үкіметтен қаражат бөлінуіне қарсы екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, кейбір режиссер Үкіметтен қомақты қаражат алып, “бизнес” жасап жатыр.
"Үкіметтен ақша алып үйреніп қалған адамдардың бақшасына да кіріп жатқан жоқпыз. Олар әлі ақша алып жатыр. Бір көпшілік танитын режиссер бар. Кеше 2 млн долларға ауылда кино түсіріпті. Мен Бразилияға барып түсіріп келдім. Жол қымбат, тамақ, қонақүйге қаншама ақша кетті. Өз қалтамнан шығып жатқаннан кейін, маған ауыр тиіп жатыр. Ал ол кісі халықтың ақшасына, Үкіметтен 2 млн доллар алып, ауылда түсіреді. Ауылда қай жерде ақша жаратады? Бизнес бізде емес, сол кісілерде. Маған “Нұрлан, ол кісілер үлкен кісілер ғой” дейді. “Онша емес үлкен кісілер де бар ғой” деймін мен. Жалпы, біз дұрыс емес нәрсені айтудан қорқамыз”, – дейді Қоянбаев.
Оның сөзінше, ондай режиссерлерге Үкіметтен қаржы бөлінбеуі керек.
"Халықтың ақшасына кино түсіретін ағаларға ақша бермеу керек. Олардың халықтың ақшасына кино түсіруге интеллекті, мәдениеті жетіспейді. Халықтың ақшасына кино түсіріп, “комедиясы нашар” деп бізге тиіседі. Өздері Испанияда үй соғып алған. Өз қалтамыздан шығарғаннан кейін, бізде жоғалтатын нәрсе бар, оларда жоқ”, – деп ойын бөлісті продюсер.