×

Ұлттық идеологияға IT саласының керегі боп тұрған жоқ: отандық аниматор маман «Ертөстік» ертегісінің ойынын жасап жатыр

Ұлттық идеологияға IT саласының керегі боп тұрған жоқ: отандық аниматор маман «Ертөстік» ертегісінің ойынын жасап жатыр

Қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін онлайн-ойын арқылы түсінуге мүмкіндік беретін жоба дайындалып жатыр. Оған қызылордалық аниматор көп тер төккен. Ол мұндай жобаларға биліктен қолдау керектігін айтады. Тілшімізге IT саласының маманы жоба туралы тың ақпараттарымен бөлісіп, ойынды идеологиялық құрал ретінде пайдалануға болатындығын айтып берді.

Бағлан Төлеубайұлы – 25 жастағы аниматор маман, компьютер ғылымдарының магистрі. Ол – Қызылорда қаласының тумасы. Бала кезінен IT саласына қызығып, қазақ мультфильмдерін көріп өскен. Мектеп жасында тоғызқұмалақ ойынының анимациялық нұсқасын да жасап шыққан. Қаржылық демеушіліктің болмауына байланысты, ол әлі де жарыққа шықпапты. Бүгінде кейіпкеріміз Алматы қаласында жұмыс істейді.

«Үлкен жоба ретінде «Мұзбалақ» көркем анимациялық фильмге де қатыстым. Қазіргі таңда өзімнің жеке жобамды дайындап жатырмын.  Бала кезде «Өрмекші адам», «Наруто» т.б. шетелдік өнімдерді көріп өстік. Бірақ та әкем қазақи кісі еді. Маған «Ертөстік» ертегісінің кітабын сыйлаған. Соның барлығын да оқып, жаттап алғанмын. «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істегенде, осы идея ойыма келді. «Ертөстік» ертегісінің ойын нұсқасын жасап жатырмын. Мұнда анимация, графика бәрі де түйіседі. Біздің қазақ мәдениеті мен музыка өнерін де қостық. Тіпті, психология мен басқа да салаларды да ойында қамтыдық десек болады.  Халқымыз ертеден-ақ аңыз-ертегілерді естіп өседі. Қазіргі кезде ертегілерімізді сандық технологияларға алмастыру керек. Әсіресе, балалар смартфоннан бас алмайды. Сондықтан да заманауи шешім ретінде осы жобаны қолға алдым. Негізінен балалар аудиториясына арналған», - дейді аниматор маман.

Бағлан мырзаның айтуынша, анимация елімізде баяу болса да дамып жатыр. Қазақстанда 20-дан астам анимация орталықтарының барын айтты. 

«Қазақ ертегілерінде идеялар өте көп. «Ертөстік» ертегісін бәрімізге белгілі шығарма болғаны үшін таңдадым. Онда «Желаяқ», «Таусоғар», «Көлтаусар» т.б. кейіпкерлер бар. Әрқайсысын балаларға таңдау қызық болады. Бала әр кейіпкерді өзі сияқты сезіне алады. «Желаяқ» жылдам жүгірсе, күші аз болуы мүмкін. «Таусоғардың» күші көп, бірақ жүгіруі баяу болады», - дейді 25 жастағы жігіт.

Кейіпкеріміз 2018 жылдан бері анимация саласына бет бұрыпты. Өзі Сулейман Демирель атындағы университеттің түлегі екен. Ол кезде «Қаңбақ шал» ертегісінен ойын жасап, дипломдық жұмыс ретінде алып шығыпты. 

«Бұл жерде арнайы екі режим бар. Бастапқыда «Ертөстік» ертегісінен сюжет болады. Одан кейін батырларды кейіпкер ретінде таңдап, бір-бірімен айқасып күш сыңасады. Жеңгені әр кезең сайын ұпай иеленіп отырады. Ертегінің сюжеті де үлкен ғой. Болашақта оны дамытуға да болады. Балалар қазір кітап оқымайды дейміз. Ертегідегі көріністерді ойын арқылы жеткізіп, олардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттыруға да болады. Батырлар арасында қымыз ішіп,  күш жинайды. Сүйектер тауып алып, бәрі «ақсүйек» ойынын ойнап кетуі де мүмкін. Осындай сәттерді ойынға қосамыз. Шамамен 50 шақты кейіпкерді қамтысақ дейміз. Ойын толық аяқталғанда, мұның бәрі де жүзеге асады. Қазіргі нұсқамызда сегіз ғана кейіпкер бар. Оларды жақсы және жаман ретінде бөліп қарастырдық», - дейді ол. 

Сөзінше мемлекеттен қолдау шаралары ауадай қажет екен. Өкінішке орай, биліктен мұндай жобаларға әлі қолдау жоқтығын айтады. 

«Кез келген ел ұлттық идеологиясымен  дамиды. Жапония немесе Англия, басқа да елдерді алсақ осы. Англияның өзі «Артур Патша», «Шерлок Холмс» секілді жобаларына көптеген қаражат бөледі. Сондықтан бізге биліктен де, қоғамнан да қолдау қажет. Өзімді басқа елдерден жұмысқа да шақырған. Ағылшын тілін жақсы меңгергенмін. Осы салада 12 жасымнан бері жүрмін. Америка, Гонконг, Канада компанияларынан шақыртулар түсті. Еуропа елдерінен де ұсыныстар болды. Онда барған соң кемі бес жылым өтеді. Өйткені, ондағы индустрияны толықтай сезінуім керек. Өзім де шетел мамандарымен байланысып отырамын. Бірақ та өз елімде жоба жасау үлкен мәртебе. Осы жобаны жасап шығарсақ деймін. Жобаны аяқтаған соң, жоғарыдағы кез келген елді таңдап баруға болады», - дейді IT саласының білгірі.

Бағлан мырзаның айтуынша, соңғы үш-төрт жылда аттамаған табалдырығы мен қақпаған есігі жоқ екен. Көптеген атқамінерлердің алдынан өткендігін де қоса кетті.

«Мені қолдайтын адамдар қоғамда көп. Қызылорда облысының тумасы болған соң, бұрынғы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жеке қабылдауында болдым. Олар нақты қолдау көрсетпей, тек бір-біріне жол сілтейді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына баруымызды айтты. Бірақ олардың стандарттарына сай келмейміз. Олар дайын бизнесті ғана қолдайды. Бізідкі IT саласы ғой. Мәдениет министрі, мемлекеттік хатшы, Ақордаға дейін кіріп шықтық. Ешкімнен нақты қолдау болмады. Қазақстандағы саяси ахуалға байланысты, бізде мұндай өнімдерді қолдау қиын. Одан кейін біздегі үкіметтің деңгейі бұған жетпейді деп ойлаймын. Бізде шетелеге шыққаннан кейін ғана, өз ісімізді дәлелдеуге болады. Бірақ та ешкімге өкпем жоқ», - дейді ер азамат. 

Кейіпкеріміз ойында әлі жетілмеген тұстардың барын айтады. Бастысы, ол қазақтардың да ойын жасай алатынын көрсеттік дейді. 

«Ойынды жетілдіру үшін үлкен қолдау керек. Ойынды алдағы сәуір айында толықтай  шығарсақ дейміз. Сол кезде Google Play мен Apps Store-ға жүктейміз деген ниет бар. Мамандарымызға да айлық керек қой. Қазіргі жұмыстарымызға өз қалтамнан қаржы кетп жатыр. Бірақ, соған дейін жеткіземін деген ойдамын», - дейді ол. 

Аниматор маман Қазақстандағы IT жүйесі толыққанды емес деген пікірде. Тек қаражаты бар өкілдерге ғана арналып, соларға қызмет етеді дейді. Бұған Банк немесе мұнай компанияларын жатқызады. 

«Ұлттық идеологияға IT саласының керегі боп тұрған жоқ. Ойын дегеніміз де ұлттық идеология ғой. «Осыған қаржы бөліңіздер» десек, көптеген адамдар түсінбейді. Ойын сиқырлы әлем. Оған бағдарламалар жасап, қаржы бөлдіреміз дегенше, қартайып кететін шығармыз. Одан да өзім жасағаным тиімді.  Жапондар ұлттық идеологияларын ойынға сіңірді. Нарутоның анимесімен бірге ойындары да көп. Бұл жерде ешкім «жапон бол» демейді. Ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері, міңез-құлқы, киімі – жапондықтардың көрінісі. Бала көрген сайын жапондардың әлемінде отырады. Осылайша, астыртын үгіт-насихат жасалынып жатыр деуге де болады», - дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ешбір елде ойын саласына қаражат бөлмейді екен. Қайта IT технологиясы әрбір ғылыммен қарастырылып отырады дейді. 

«Ойындағы графикалар да ғылымға саналады. Америка, Жапония, Германия елдері ғылымға көп көңіл бөледі. Ғалымдарына университеттен арнайы кампустар береді. Бізде мұндай жоқ. Ойын мен ғылымды бөліп қарайды. Басқаларда ойын саласы бізден 60 жыл бұрын ілгері кеткен. Бізде мұндай нарық пайда болу үшін, ғылымға да көп көңіл бөлу керек. Бізде тек ән айту мен би билеуге ғана басымдық береді. Ешқашан да көңіл-күйімді түсірмеймін. Бізде әлі де жақсы болады деген ойдамын. Біздің халқымыз көптен бері ұйқыда. Қазақ руханияты әлі де дамиды. Біз құлдық санадан шығып, тарихымыз жайлы ізденіп, шынайы білім мен ғылымға бет бұруымыз қажет. Жас ұрпақтың қамы мен олардың тәрбиесі үшін осындай тың дүниелерді өзіміз жасауымыз керек», - дейді аниматор маман. 

Автор: Қадірәлі Сарыпбек

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Ақтөбеде Димаш Құдайберген атындағы арена пайда болады
Кеше, 15:16

Ақтөбеде Димаш Құдайберген атындағы арена пайда болады

Қалада жаңа бірнеше нысан пайда болады
Қала әкімі дарынды әншіні ел Президентінің атынан 85 жылдық мерейтойымен құттықтады
Ол түйткілді тұстардың уақытылы түзетілмеген болып шыққанын жеткізді
Күні кеше  «Қазақфильм» алдында «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігінің қызметкерлері наразылық білдірді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →