×

«Той мен эфирді шатастырып алды»: Белгілі жазушы телеарналарда тіл мәдениеті жойылып бара жатқанын айтты

Эфирде қазақ тілі мәдениетін қалай дұрыс қалыптастыру керек

«Той мен эфирді шатастырып алды»: Белгілі жазушы телеарналарда тіл мәдениеті жойылып бара жатқанын айтты
Фото: ашық дереккөзден

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» демекші, соңғы уақытта тіліміздің қадірін қашырып жүргендерге шырылдағандардың жанайқайы жиі естіліп жүр. Қазақ тілінің шұбарланып кетуіне алаңдайтын Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Роза Мұқанова алдымен халықтың сауаты мен мәдениеті эфирде қалыптасатынын айтып, екі тілді араластырып сөйлейтін телехабар жүргізушілерін шектеу керегін ұсынды. Бұл жайында Qaz365.kz тілшісі жазушының өзімен әңгімелесті. 

– Сіздің соңғы уақыттағы жазбаңызды оқыдық, түйгеніміз көп. Расында, эфирде екі тілде араластырып сөйлейтіндер бар-ақ, мұндайда ана тілімізді қалай насихаттай аламыз? 

– Соңғы кезде қоғамда тым көше мәдениетіне ойысу белең алып отыр. Соның бірі — соңғы екі жылда телеарналардың көше мәдениетіне ойысуы, көше үлгісін эфирде әспеттеуі. Керісінше қоғамда мәдениетті қалыптастыратын бірден-бір көрсеткіш – эфир. Телехабарда екі тілді араластырып, басын орыс тілінде, аяғын қазақ тілінде шұбарлап сөйлеу кеңінен етек алды. Расында, бұл ешқандай сын көтермейтін, тыңдаушылардың алдында ешқандай жауапкершілік жүктемейтін тележүргізушілердің әдістеріне айналды. Бәлкім, ана тілінде сөз саптай алмайтын, кәсіби журналист ретінде ойын жинақтай алмайтын, дағдарып қалатын, ортаңқол журналист болар. Өткенде өнертанушы-этнограф орыстілді әйел адам тарихта болған Найман бабамыз туралы аңызды мысалға келтірмек ниетте сөз саптап отыр. Мемлекеттік арнаның эфирінде. Сөзінің сиқы мынау: «Келіні атасының сиген сідігін көріп...» дейді. Мәдениетті былай қойғанда, тарихыңызды күстаналау. Ауызша тарихты, аңызды айтудың, ойды көркем жеткізудің мәдениеті қалыптасқан ел едік қой. «Ұялмаған бұйырмағаннан ауыз тиеді» деген сөз бар. Дәрет сындыру, түзге шығу деген сияқты сөздерден кенде емеспіз ғой. Бірақ осынша қарабайырлану, әсіресе көпшілік ақпарат алаңында ауызға келгенді лақылдап айтып отыру ұрпақты одан сайын дүбәра жағдайға алып барады. Эфир —ұлт мәдениетін, өнерін, тарихын, тілін, тұлғаларын, қаһарманын насихаттайтын интеллектуалды алаң. Эфирге сұраныс та, талап та, жауапкершілік те артуы керек. 

– Телеэфирде сөз тізгіндеген журналист қазақ тілінде еркін сөйлегені жеткілікті ме? Бірақ  қазір ана тілімізді, сөздердің дұрыс қолданылуын дәріптеп жүргендер де бар ғой...

– 2020 жылы Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Бопай ханым» спектаклінің премьерасы болды. Әбілқайыр ханның зайыбы, Нұралы, Ералы, Айшуақ хандардың анасы Бопай ханымды Кенесары ханның қарындасы Бопаймен шатастырған орыс тілінде телехабар шықты. Демек журналист спектакльді көрмеген. Көрсе, ештеңе ұқпай ақпарат дайындай салған. Эфирде ұсақ-түйек деген қате болмайды ғой. Алаш қайраткерлерін шатастырудан бастап, бүгінгі ақынды жазушы деп, жазушыны ақын деп хабар жүргізе береді. Журналистер той мен эфирді шатастырып алды. Әрине, барлық кәсіби журналиске күл шашудан аулақпын. Танымы мол, білімі терең, өте мәдениетті журналистеріміз баршылық. 

– Қазіргі уақытта көгілдір экраннан көрсетілетін отандық кинолардың басым бөлігі – жартылай орыс тілінде. Бұл көрерменнің сұрауымен түсірілсе де, тілімізге деген құрметтің тым төмен екенін көрсетіп отыр. Сонда кино түсірушілерді де бұл саладан шеттету керек шығар?

– Эфирді әлсіз, ортаңқол телесериалдар жаулап кетті. Қазақ ақпарат құралдары ақпарат таратуда әлеуметтік желінің жылдамдығымен бәсекелесе алмай қалғаны шындық. Сондықтан газет-журналдарымыз, телеэфиріміз оқырманы мен көрерменінен ажырап бара жатқандай көрінеді маған. Кино саласының дерті, тіпті күшті. Бұл дерт қазақ киносының түбіне жетіп тына ма деп ойлаймын. Ең әуелгі киносценарий орыс тілінде жазылуы деген шарт бар. Неге? Өйткені киноға кететін шығынды есептейтіндер орыстілді екен. Сондықтан сценарий солар түсінетін өзге тілде жазылуы немесе тәржімалануы шарт. Абсурд! «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ бар. Қаражат қоры дәл осы орталықтан бөлінеді. Білуімше, онда арнайы эксперттік комиссия жұмыс істейді. Бұл орталық ұлттық киноны дамыту үшін құрылды деп те хабарланды. Киносценарий бірыңғай орыс тілінде жазылады. Режиссер, продюсер түсірілім кезінде қазақ тіліне аударамыз деп ант су ішеді. Ал киноға қажет қаражат алып алған соң, қазақ тіліне қалай болса солай аударады. Тіпті аудармасын жасамайды. Бұл не қылған қарама-қайшылық?! Киноны бизнеске айналдырып алғандары аз болғандай, оған Ұлттық деген айдар тағып, ұлт тіліндегі сценарийлерді қабылдамау. Қазақ тілінде сценарий оқитын мамандардың болмауы осындай дағдарыстарды туғызып отыр. Ұлт тіліндегі сценарийлерді тәржімалауды талап ету – өнер адамдарына қазақ тіліндегі кәсіби мамандарға жасалған опасыздық, зорлықшыл қиянаттың түрі деп бағалар едім.

Меніңше, қоғам аталған келеңсіздіктен арылуы қажет. Оған журналистер, жазушылар мен өнердің маңайында жүрген тұлғалар атсалысу керек деп ойлаймын. Бұл – тілді де, тарихымызды да, мәдениетімізді де дағдарысқа апаратын жол. Біз бұдан сақ болуымыз керек.

Еске салайық, бұған дейін танымал жазушының тіл бұзатын тележүргізушілерді шектеуді ұсынғанын жазған едік.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Олар күрделі акробатикалық нөмірді орындады
Бұл айрықша есте қалатын қуыршақ образымен ерекшеленетін спектакль болмақ

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →