×

Данияр Саламат: Біз олар үшін жаңадан ашылған арал болдық

Әлемнің 14 кинотуындысының арасынан бас жүлде иеленді

Данияр Саламат: Біз олар үшін  жаңадан ашылған арал болдық
Фото: Мирас Мукаш / Facebook

Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген «Талақ» фильмі Шанхай фестивалінде «толықметражды фильм номинациясы» бойынша «Алтын кубок» жеңіп алды. «А» санатына жататын фестивальде қазақ фильмі әлемнің 14 кинотуындысының ішінен «Үздік фильм» деп таңдалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Отандық кинотарихында болмаған бұл қуаныш қазақ елінің мерейін асқақтата түскендей. Фильм режиссері Данияр Саламаттың өзі фестивальді жай ғана тамашалауға барып, жүлде аламын деп ойламағанын айтады.

Ескі тұрмыс – мүсәпірлікті білдірмейді

«Әлемнің ең үздік 14 кинотуындыларының барлығы да жеңіске лайық. Өз басым дәл біздің фильмнің үздік деп таңдалғанына сене алмай тұрмын. Шанхай фестиваліне келіп, қонақ болғанымызға қуанып отырғанбыз. Мүлде күтпедім», – дейді ол.

Айта кетейік, аталмыш фильм Бейімбет Майлиннің «Талақ» шығарма желісімен түсірілген. Әңгімеде кейіпкерлер тұрмысы жұпыны суреттелсе де, мүсәпір хәлі айтылмайды. Шығарма соңы «Ескі тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес – некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді» деп аяқталады. Фильмде де сол ерлі-байлы адамның арасындағы жібін талақ үзе алмағанын режиссер сол күйі көрсетуге тырысады. Ал басты рөлді сомдаған Амира Омарова көрермен көзайымына айналып, «Ең үздік әйел рөлі» аталымы бойынша үздік деп танылды.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы қазақтың басынан өткен нәубетті жеткізгісі келген режиссер бұған дейінгі фильмдерге көңілі толмай, өзі түсірмекке бекінген екен.

«Маған дейін қаншама қазақ халқының зұлмат тағдыры жайлы фильм түсіргендер бар. Бірақ оны қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан алыстау адамдар түсірді. Содан болар, бәрібір бір шарттылық көрініп тұратын», – дейді режиссер.

Ұлтжанды Данияр

Данияр Саламат бұл тақырыпты жайдан-жай таңдамаған. Себебі отандық өнімді шынайы көрсету арқылы қазақтың этнотарихынан сыр шерткен. Шетелдік көрермен нәубет жылдардағы халық қасіретін түсініп, қазақ тарихын терең тануына мұрындық болған. Бұл туралы режиссердің өзі:

«Шетелдік көрермен үшін біз жаңадан ашылған арал болдық. Ұлтымның мәдениет мен әдебиеті, ғасырларға бергісіз терең тарихы, киносы әлемдік деңгейде жалаулап тұрса деп армандайтын едім. Себебі елімді, жерімді шексіз сүйемін. Біз бұл фильмді жүлде үшін емес, халық үшін түсірдік», – дейді.

Өз бас пайдасынан бұрын өзгеге қызмет қылуды мақсат еткендер жетістікке жетпей қоймайды. Бұл – өмір заңдылығы. Режиссер Данияр Саламаттың көздегені де осы еді.

Эстетикаға толы фильм

Режиссер фильмде эстетикаға баса мән берген. Қызығы, картинада тек қоңыр мен қызыл түс қана таңдалған. Дәл осы ерекшелік отандық өнімнің үздік бағалануына сеп болған көрінеді:

«Фильмде екі түсті ғана таңдадық. Алғашқысы қоңыр түс – ол қазақтың дархан даласының, қос ішектен шығатын күмбір күйінің бейнесі. Ал екінші таңдалған қызыл түс – сол қазақтың қоңыр күйге, қазақтың қоңыр өміріне тамып кеткен қан секілді», – дейді.

Әлеуметтік желіде «Талақ» отандық фильміне түскен әртістердің киімі дау туғызуда. Сын айтушыларға режиссер Данияр Саламат фильмді көрмей жатып, баға беру жөн емес дейді.  

«Әлеуметтік желіде әртістердің киімі шу туғызып, оны БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Фильмді көрмей жатып, сынағандарға таңмын. Желідегі суреттер әртістердің кадрдан тыс түсірілген. Ал фильмдегі костюмдер стильдендірілген. Біз күнделікті өмірде киіп жүргеніміз алба-жұлба киім емес қой. Фильмдегі костюм үлгіміз фестивальде оң баға алды», – дейді режиссер.

 

Майлин суреттеген қазақ өмірі

Драматург Бейімбет Майлин «Талақ» шығармасында «Текшелеп ораған ақ жаулық – Күләмзаның қуыршағы секілденіп ұшты» деп әдемі суреттейді.  Осылайша жұпыны көрінген тұрмыстан қазақтың салт-дәстүрін сақтаған тарих қойнауы көрінеді. Ақ жаулығын басынан тастамаған келіншектер мен апаларымыздың ибалылы мен әдебін жазушы көркем жеткізе білген. Ал шығарма желісімен түсірілген «Талақ» фильмі де автордың ойын сол күйі беруге тырысқан көрінеді.

«Жас кезден Б.Майлиннің, М.Әуезовтің шығармаларына қанып өстік. Сол замандағы қазақ өмірі мен тұрмысы қаз қалпында боямасыз жеткізуге тырыстым. Әртістеріміз де жай орындаушының емес, театр заңдылығына сай «сезіну өнерін» өз деңгейінде сомдап шықты», – дейді режиссер.