Қоянбаев жақында жаңа қызметке тағайындалған
Күні кеше Түркістан облысының әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған Нұрлан Қоянбаев «сайқымазақ» деп жазатындарға ренішін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мен Қазақстан Республикасының азаматымын. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасымын. №45 гимназия мектебін алтынға бітірдім. Қазақ Ұлттық Әл-Фараби университетінің тарих факультетінде білім алдым. Экономика және құқық академиясында финанс және кредит мамандығын бітірдім. 300 милиондық аудиториясы бар, ең ірі жастардың ойынында, Мәскеу қаласында қазақтың әзілін төрге шығарған команданың капитаны болдым. (тек мықты мемлекеттердің ғана әзілі дамыған: АҚШ, Англия, Франция т.б) Телеарна саласында бағдарламамыз 9,3 рейтингімен рекордтық нәтиже көрсетті», – деп Қоянбаев өзін тағы бір мәрте таныстырды.
Сосын кино саласына келіп, ол саланың маманы болмасам да, Голливудтың дәуірін тоқтаттым деп отыр. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын алмай, жұмыс істеуге болатынын көрсеткенін жеткізген.
«Бұл үрдіс жас режиссерлерге серпін беріп, жол ашып, кейінгі уақытта жылына 120 ға жуық отандық фильмдер түсіріліп жатыр. Яғни, жыл сайын Голливудқа кететін 100 млн долларға жуық ақша, енді елімізде қалуда. Ол дегеніміз 4-5 жылда 500 млн доллар. Мұның барлығы креативтің арқасында. Осы креативті ойларымды пайдаланып еліме қызмет еткім келеді. Облыс әкімдерімен кездесіп, көп ойларыммен бөлісіп жүрмін. Әзірге тек Түркістан облысы ғана креативті идеяларымды қолдады. Ешқандай айлықсыз және бюджеттен тыс. Байқағаным, кейбір журналистердің мақалаларында «Сайқымазақ», «Клоун» деген сияқты сөздер шығуда. Мен сайқымазақ емеспін, мен қазақпын! Ешкімге керек емес, ешкім мән бермейтін әзіл саласында 25 жыл еңбек етіп, 5 мың теңгелік айлықтан, 100 миллион долларлық индустрияны қалыптастырған креативті продюсерлердің бірімін», – дейді әзілкеш.