Ол желідегі парақшасында өнер иесінің дүниеден озғанын жазып, ертең жаназасы оқылатынын айтқан
ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаева дүниеден өтті. Бұл қаралы хабарды журналист Оралхан Дәуіт жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол желідегі парақшасында өнер иесінің дүниеден озғанын жазып, ертең жаназасы оқылатынын айтқан.
«Қайран, Гүлнәр әпке... Бір ауылда туып-өссек те жүзбе-жүз сөйлесуді Алла Тағалам жазбаған екен. Телефон арқылы талай мәрте әңгімелесіп, сұхбат та алдым. Өте ашық жарқын, керемет жан едіңіз. Өмірден ерте өткен анаңыз туралы жиі айтып, мұңайып қалушы едіңіз. Енді міне, аяқ астынан анаңыздың артынан аттанып кете барыпсыз...
Алла Тағалам о дүниеңізді берсін.
Ағайын, бүгін белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Гүлнар Сиқымбаева қайтыс болды.
Жаназасы ертең Түркістан облысы Төлеби ауданы Жамбыл ауылында өтеді»,- делінген Оралхан Дәуіттің парақшасында.
Айта кетейік, Гүлнәр Сиқымбаева соңғы бірнеше жыл көлемінде сахнадан көрінбей кеткен еді. Дегенмен кейінгі 10 жылда Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде сабақ берді.
Бүгін 63 жасында өмірден өткен әнші отбасындағы он бес баланың үлкені. Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Майбұлақ таулы ауылында өскен. 1985 жылы Гүлнәр Сиқымбаева «Гүлдерге» қабылданып, танымал ансамбльде өнер көрсеткен. Ол қазақ, орыс, түрік, тәжік тілдерінде ән шырқаған. Қырғызсатан және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.