Халық әртісін ала алмай кеткендер де бар
Республика күні қарсаңында президент жарлығымен бірнеше азамат Халық әртісі атағына ие болған еді. Өнердегі еңбегі бағаланып, марапат алып жатқандар арасында актриса Лидия Каденова бар. Ол қуанышын бөліскен жанкүйерлеріне, халқына алғысын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Жарлық шықты. Бірақ әлі қолға алғам жоқ. Кеудеме тағылсын, содан кейін көреміз деп ойлағам. Сендер менің жанкүйерлерімнің бірісіңдер. Таңертеңнен бір жылап, бір күліп жүрмін. Менің қатарластарым көп қой. Ала алмай кеткендер де бар. Бүгін бұрынғы Қазақстанның ауыл-ауылында колхоз-совхоз жастығы өткен, айлап-жылдап гастрөлде жүрген апалар, солар есіме түсті. Бұл атаққа 2000 жылдары ұсынған. Ол кезде болмай қалды. Бұйырған күні осы боп тұр ғой. Халықтың танығаны бар, танымағаны бар, бәрі жазып жатыр. «Ура, ура қуанып жатырмыз», «Осындай ардагер адамдардың еңбегі бағалану керек қой» деп. Міне, халқым қуанып, балаларым қуанып, туысқандарым, өздерің сияқты достарым қуанып жатса, одан артық не керек» – дейді Лидия Каденова.
Өнер иесінің жанкүйері Толқын Сейдоллақызы Лидия Каденова үшін қатты қуанғанын айтып, жүрекжарды сөздерін арнады.
«Театрда еңбек етіп жатқаныңызға 50 жыл болды. Халқыңыз сізге риза. Қаншама рөлді сомдадыңыз. Кейінгі жылдары сериалдарда жарқырап көрініп жүрсіз. Сіз алмағанда, кім алады. Еңбегіңіздің ақталғаны ғой. «Халық әртісін енді алып жатыр ма» деп білмейтіндер таңғалып жатыр. Сізге баяғыда беру керек еді» – деді ол.
Лидия Каденова – актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
Марапаттары:
1991 — «Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді
2005 — Құрмет Ордені
2015 — Парасат Ордені
2015 — «Қазақстан еңбек ардагері» медалі
2016 — «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі
2024 (23 қазан) — «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы берілді.