Бұл туралы толығырақ Асхат Аймағамбетов айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Назарбаев Университеті ақылы негізде оқуға түсу үшін талаптарды айтарлықтай төмендеткенін жариялағаны жайлы жазба арнады. Ол бұл жаңалық білім сапасына қалай әсер ететіні жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбасында Назарбаев Университетіне түсу үшін ондағы талаптардың төмендетілуі – білімге жол аша ма, әлде сапаға қауіп төндіре ме деген күмәнді ойын жеткізді.
Оның сөзінше, аталмыш мәселенің түп-тамыры Назарбаев Университетінің бюджеттен қаржыландыруының күрт қысқаруында жатыр.
«Жоғары талаптар студенттерді жаңа шыңдарға жетелейтін стимул болды. Білім алуға дайындық және тиісті білім деңгейі туралы да ұмытпаған жөн. Университет неге осындай қадамға барды? Менің ойымша, мәселенің түп-тамыры Назарбаев Университетінің бюджеттен қаржыландыруының күрт қысқаруында жатыр. Инфрақұрылымды ұстап тұру, оқытушылардың еңбекақысы — мұның бәрі үлкен ресурстарды талап етеді. Өкінішке қарай, қаражат тапшылығын өтеу үшін университет талаптарды төмендетіп, ақылы негізде оқитын студенттер санын көбейтуге мәжбүр болып отыр», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Алда не істеу керектігіне тоқталған Мәжіліс депутаты Қазақстанға бұл университеттің қажет екенін айтты.
«Жаңа Бюджет кодексінде университеттің қаржыландыру ашықтығын және есептілігін арттыруға бағытталған нормаларды енгіздік. Қоғамда осыған қатысты көптеген сұрақтар болды. Енді оқу құнының есептеу әдістемесін нақты әзірлеп, жоғары оқу орнына жеткілікті және лайықты қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет. Университет сапасының және оның позициясының төмендеуіне жол беруге болмайды. Кім не десе де, Қазақстанға бұл университет сөзсіз қажет деп санаймын», – деді депутат.