×

Талғар мектебінде тағы шу: Өртенбей қалған чучела мен даулы кадет сыныбы

Талғардағы осы №25 мектеп ашылғалы бері даудан арылмай келеді

Талғар мектебінде тағы шу: Өртенбей қалған чучела мен даулы кадет сыныбы
Коллаж: Qaz365.kz

Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласындағы атышулы №25 мектепте таяуда тағы бір дау-дамай өрттей өршіп барып сөнгендей болды. Бұл жолы орыс сыныбының ата-аналары славяндардың діни мерекесі – Масленицаны өткізіп, мектеп аумағында тұлып (чучела) өртемек болған.

Қазақ сыныбының ата-аналары бұған қарсы өре түрегеліп, ақыры іске аудан билігі араласып, діни мерекені өткізу бастамасын әрең шектеген көрінеді. Қазақ сыныбының ата-аналары оған қоса мектепте кадет сыныбы ашылғалы жатыр дегенді естіген. Оған да наразы.  

Даудың басы

Qaz365.kz редакциясына хабарласқан қазақ сыныбы ата-аналары даудың басы неден шыққанын былай баян етеді: жалпы Масленица мерекесі биыл 20-26 ақпан аралығына тұспа-тұс келеді. Славяндардың діни мерекесінің бірнеше әдет-ғұрпы бар. Олар бұл күндері бір-біріне қонаққа барып, «блины» деген тағамды пісіріп, шана теуіп, тұлып (чучела) өртейді. Осы мерекені орыс сыныбының ата-аналары мектепте өткізіп, директордан рұқсат алған көрінеді. Рұқсат барын олар қазақ және орыс ата-аналар отыратын ортақ чатқа жазған. Даудың басы осыдан басталған.

Қазақ сыныбының 40-тан астам ата-анасы жиылып, бірден мектепке барады. Бұл кезде орыс сыныбынан да төрт ата-ана сол жиында болып, екі жақ тағы дауласқан. «40-50 ата-ананың аузын әлгі төрт әйел жапқызып, директорды орысша сөйлетіп қойды» дейді ата-аналардың бірі. Мәселеге, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы нүкте қойған. Ол Масленица мерекесі мектептің іс-шаралар жоспарында жоқтығын айтып, оны өткізуге тыйым салған.

 

«Кадет сыныбын ашуға рұқсат бермейміз!»

Қазақ сыныбы ата-аналарының тағы бір наразылығы – түп мәні түсініксіз кадет сыныбын ашу бастамасы. Жақында белсенді Дархан Ардақұлы атты азамат өзінің ютуб парақшасында №25 мектепке барған. Ол директордың міндетін атқарушы Бақыт Социалқызымен сөйлесіп отырған видеоны жариялады.

«Кадет сыныбы деген не?» деп сұрайды ол мектеп директорынан. Директор «кадет сыныбы әлі ашылған жоқ» деп күмілжиді.

«Кадет сыныбын ашуға біз рұқсат бермейміз. Егер ашсаңыздар, осы мектептің алдына жиналып, митинг өткіземіз. Кадет сыныбы – ресейлік саясатты насихаттайтын құралдың бірі деп мен санаймын», - деп ескертеді Дархан Ардақұлы.

Qaz365.kz редакциясы осы мәселенің мәнісін Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелден біліп көрмек болған. Ол «№25 мектепте кадет сыныбы ашылған жоқ» деп қысқа қайырды.

Әйтсе де, қазақ сыныбы ата-аналары мектептің инстаграмдағы парақшасында «кадет сыныбы» жөнінде суреттер, тіпті видеолар жарияланғанын, алайда кейін олардың жойылғанын хабарлайды. Ал мектептегі Ақнұр Бестерекова атты мұғалім инстаграмдағы парақшасында әскери форма киген бір топ оқушының суретін жариялап, оның астына «біздің мектептің кадет сыныбы, болашақ отан қорғаушылар» деп жазба қалдырған.

Сондай-ақ редакцияға ата-аналар балаларының мектеп ішінде түсірген фотоны айғақ ретінде жіберді. 

 

Қазақ мектебі болуға бұйырмаған білім ордасы

Жалпы Талғардағы осы №25 мектеп ашылғалы бері даудан арылмай келеді. Әуелі қазақ мектебі болып ашылғалы тұрған мектеп аяқ астынан аудандық білім басқармасының шешімімен аралас мектеп болып шыға келген. Бұған наразы болған жұрт былтыр 25 тамызда мектептің алдына жиналып, мұның шуы бүкіл ел деңгейінде талқыланған еді.

№25 мектептің мәселесі республикалық БАҚ беттерінде мақала болып жарияланып, бұдан кейін де ата-аналар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен бірнеше жиын өткен-ді. Алайда жергілікті тұрғындардың наразылығына қарамастан, оқу орны аралас мектеп болып ашылды.

Экс-депутат Жұлдыз Сүлейменова журналист Самал Ибраеваға берген сұхбатында қазақ мектебінің аралас мектеп болып ашылуына жергілікті атқарушы билік өкілдерінің мүдделі болғанын айтқаны бар. Тіпті, олар министрліктің бұйрығын да елемеген.

«Ол жерде мен бар, экс-депутат Жанарбек Әшімжан бар, қазақ мектебі болып ашылуына бүкіл жағдай жасадық. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы болды. Бірақ бұл жергілікті атқарушы биліктің құзіретіндегі шаруа. Біз Алматы облысы әкімінің орынбасары мен Білім басқармасы басшысы және орынбасарымен бір апта барып келіссөз жүргіздік. Бұл мәселені шешуге келгенде жергілікті атқарушы билік органдарының жаны ашымайтынын байқадық, басқаша айта алмаймын. Біздің тараптан барлық жағдай жасалды. Оқу-ағарту министрлігі бұйрықты да шығарып берді. Құзірет әкімнің қолында», - дейді экс-депутат.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады
Бүгін, 16:25

Отандық дрондар мен роботтар: Farabi Hub қандай инновациялық жобаларды жүзеге асырады

ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →