Қаршадай қыз ағылшын тілін күніне 10 сағаттан оқыған
Күні кеше әлеуметтік желіде ағылшын тілінен халықаралық емтиханнан рекордтық ұпай жинап, инстаграм парақшасында алғашқы эмоциясын бөліскен Сая Қыдырәлі туралы ақпарат желіге тараған еді. Ол өзінің ең жоғары ұпайды қалай жинағаны туралы Таңғы Studio бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Он бір жыл бойы IELTS емтиханына дайындалып, 9.0 ұпай жинап, әлемдік рекорд орнатқан Сая Қыдырәлі қазір №116 жалпы білім беретін мектепте 11 сыныпта оқиды. Ол IELTS емтиханын 20 рет тапсырған екен.
«Мен негізі IELTS емтиханын 20 рет тапсырғанмын. 9.0 ұпайды алған кезде күтпедім. Өз көзіме өзім сенбедім. Оның алдында 8,5 ұпай алғанмын. Мен үшін 9.0 ұпай деген мақсат болды. Түпкі санамда 9.0 ұпай алу мүмкін емес деген ой да болғандықтан сенбеген едім. Анама қоңырау шалып, жылаған реакциям тарап кетіпті», - дейді оқушы.
Сая 16 жасында IELTS емтиханынан 8,5 ұпай алған кезде халықаралық ұйымдар серіктестігін ұсынған екен. Ол мұндай деңгейге министрліктер мен университеттердің ғана мүмкіндігі болатынын айтады.
«Мен құрған мектептің жүйесін, методикасын қарап, сөйтіп екі бірдей ұйыммен (IDP IELTS және Британ кеңесі) серіктес болдым. Мұндай дәрежеге негізінен университеттер мен министрліктер ғана қол жеткізеді. Яғни, ешқандай білім беру орталығы Қазақстанда екі бірдей шетелдік ұйыммен серіктес емес», - дейді Сая.
Қаршадай қыз IELTS-тан 9.0 ұпайды қалай жинады
Еңбекқор оқушы ағылшын тілін 6 жасынан бастап үйренген. Алғашында анасы үйретіп, бір жыл ішінде меңгеріпті. Содан 7 жасында ағылшынша сөйлеп, 9 жасында өзгелерге үйрете бастаған. Ол тапжылмай еңбектеніп, күніне 10 сағат ағылшын тілін оқығанын айтады.
«Мен күніне 10 сағаттап оқып, ағылшын тілін бір жыл ішінде меңгердім. Яғни, 7 жасымда сөйлей бастадым. Содан 9 жасымда ерікті ретінде сабақ бере бастадым. Мен өзім кішкентай кезімнен әртүрлі ағылшын тілі клубтарына қатыстым. Ондай клубтар тек үлкен адамдарға арналғандықтан, кішкентай балаларға да осындай мүмкіндік берейік деген менде идея пайда болды. Сол идеяны Америкалық кеңестің кураторына бөліскен кезде менің ағылшын тілі деңгейімді біліп, онда жүргіз деді. Сөйтіп, 9 жасымда бірінші жобамды бастағанмын. 10 жасымда үлкен адамдарға сабақ бере бастадым. Ал 11 жасымда 6,5 ұпай ғана жинап қалдым. Сол кезде күйзеліске түстім. Мен содан ары зерттей бастадым. 14 жасымда өзімнің ағылшын тілі мектебімді аштым. 15 жасымда Америкаға грант ұтып алдым. Бірақ Қазақстанда қаламын деген шешім қабылдадым. Сөйтіп, биыл IELTS-тан 9.0 ұпайды жинадым», - дейді талапты жас.
Еске салсақ, Сая Қыдырәлі - Қазақстаннан IELTS халықаралық емтиханынан максималды 9.0 деген баға алған жалғыз адам, әлемдегі ең жас IELTS сарапшы.