×

Қыс мезгілінде балалардың оқу үлгерімі неге төмендейді? Сарапшымен сұхбат

«Дәл қазір мұғалімдердің оқу жүйесіне деген көзқарасын өзгерту керек»

Қыс мезгілінде балалардың оқу үлгерімі неге төмендейді? Сарапшымен сұхбат
Фото: ашық дереккөзден

Қаңтар айында оқу жылындағы ең ұзақ тоқсан басталды. Ал ақпан айы – ең ұзақ тоқсанның ортасы болып саналады. Сондықтан бұл кезең мұғалімдер мен оқушылар үшін оқу жылында қиындау кезең болып есептеледі. Осыған орай білім ордаларының тыныс-тіршілігін, ондағы білім жүйесінің, мұғалімдер мен оқушылардың қазіргі жай-күйін білу мақсатында ұстаздармен тікелей жұмыс істеп, кәсіби бағыт-бағдар беріп жүрген білім сарапшысы Атабек Жиембаевпен Qaz365.kz тілшісі сұхбаттасты. Ол неліктен оқушылар үшін контенттік білімнің актуалды емес екенін және не себепті қазір мұғалімдердің көзқарасын өзгерту керек деп есептейтінін айтып берді.

Білім саласында жүргеніне 16 жыл болған Атабек Жиембаев – қазіргі таңда Қазақстандағы 3500-ге жуық оқушысы бар жекеменшік мектептерінің академиялық департамент басшысы. Ол мектептердің директорлары, орынбасарлары, әдіскерлеріне білім жүйесінің стандарттары, сабақтың сапасы, мұғалімдердің кәсіби дамуы мәселелерінде қолдау көрсетеді.

– Атабек мырза, оқу жылындағы ең қиын кезең туралы жазған екенсіз. Бұл тұжырымға қалай келдіңіздер?

– Біз оқу жылында мұғалімдер мен оқушылар үшін қай ай ауыр өтетінін зерттедік. Мұғалімдердің, кураторлардың жұмыстарын талдай келе, ақпан айының басы – оқу жылының ең қиын кезеңдерінің бірі деген тұжырымға келдік. Мысалы, көбісі оқу жылының басы (қыркүйек, қазан айлары) қиын деп ойлайды. Бірақ жылдың басы болғанымен, ол кезде мұғалімде іштей мотивациясы, энергиясы көп болады. Одан кейін желтоқсанда мейрамдар көп болғандықтан, қараша-желтоқсан айлары жеңіл өтеді. Содан қаңтар айы да демалыстан шыққан мұғалім үшін аса қиын емес. Ал ақпан айы мұғалім үшін ауырлау, себебі қыс аяқталуға жақын, бірақ әлі де суық, күн ұзарып, ұйқы ырғағы бұзылады. Бұл – ең ұзақ тоқсанның ортасы. Бұл кезде оқушылардың мотивациясы төмендейді: қаңтардағы ҰБТ-дан кейін бітіруші сыныптар босаңсиды, ал кіші сыныптарда да ынта азаяды. Мұғалімдер жаңа тақырыптарды түсіндірумен қатар оқушылардың оқу үлгерімін сақтап қалу жолдарын іздеуге мәжбүр. Сонымен қатар есеп беру, олимпиадалар мен емтихандарға дайындық, артта қалған оқушылармен жұмыс сияқты міндеттер көбейе түседі.

Зерттеулерге сәйкес, қыс мезгілінде когнитивті функциялар төмендеп, күйзеліс деңгейі артады. Гарвард ғалымдарының айтуынша, күн сәулесінің жетіспеуі мен шаршау зейін қою қабілеті мен мотивацияны әлсіретеді. Ақпанның алғашқы екі-үш аптасында бұл әсер айқын сезіледі. Бұл кезең мұғалімдерден барынша шыдамдылық пен сабырлықты талап етеді. Бірақ бұл уақытша құбылыс екенін есте ұстау маңызды.

– Осы орайда мына бір сұрақ туындайды. Байқасақ, қазір жағдайы келетін ата-ана баласын жеке мектепте оқытқысы келеді. Жекеменшік мектептердің артықшылығы қандай? Мәселен, кейбір жеке мектептердегі оқу ақысы жылына 630 мың теңгеден бастап, 10-12 млн теңгеге дейін барады екен. Олардың мемлекеттік мектептерден айырмашылығы неде? 

– Әрине, әр мектептің өзіндік артықшылығы болады. Мен былай айтар едім. Жас маман үшін мемлекеттік мектептен жұмысын бастауы қиындау болуы мүмкін. Себебі мемлекеттік мектептерде қалыптасқан бір жүйе, ұжым бар. Жас маманға ол ұжымға бірден сіңісіп кету қиындау болады. Себебі, мұғалімдіктен тыс басқа да талаптар, жұмыстар бар. Қағаз жұмыстары көп. Сондықтан жас мамандардың көбісі бір-екі жыл жұмыс істегеннен кейін өзінің мамандығынан бас тартып жатады. Осындай артық қосымша жұмыстар жекеменшік мектептерде көп емес. Бірақ бәрі сондай деп айта алмаймын. Өзім әртүрлі жеке мектептерде істеп көрдім. Кейбірінің мемлекеттік мектеп форматында жұмыс істейтіндері де бар, керісінше мұғалімнің шығармашылығына, дамуына жақсы орта қамтамасыз ете алатындары да бар. Жеке мектептің артықшылығы – мұғалімнің дамуына, жақсы, пайдалы әдіс-тәсілдерді еркін қолдануына мүмкіндік бар. Жас маман үшін жалақы жағынан қатты айырмашылық жоқ. Ал өзін кәсіби дамытқан, тәжірибесі мол мұғалімдер үшін жеке мектептерде мүмкіншіліктер көп, жалақысы да жақсы. Ал мемлекеттік мектептерде қолыңызға алатын ақша көбеюі үшін бекітілген категорияларды жоғарылатып отыруыңыз қажет. 

– Сіздерде сынып жетекшілік қызметін пән мұғалімдері атқара ма? Әлде жеке кадр қарастырылған ба? Оқушылар қандай білім беру бағдарламамен оқиды?

Бізде пән мұғалімдері бөлек болады. Ал сынып жетекшілікті кураторлар атқарады. Олар оқушылардың мектепке келуі, сабаққа кешікпеуі, ата-аналармен қарым қатынас, оқушының жеке дамуы, белгілі бір қабілеттерін дамытумен айналысады. Пән мұғалімдері де, әрине, бұл процеске араласады, бірақ бірінші кезектегі жұмысы – сабақ беру, өздеріне берілген жүктемені орындау. Жеке мектеп болғанымен, министрліктің бекіткен білім стандарты бойынша оқытамыз. Оқу талаптары, сабақ жүктемесі Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сай. Сонымен қатар заманауи жаңа әдістерді, 7-9 сыныптарда оқушыларды жобалап оқыту әдістерін қолданамыз. Жоғары сынып түлектеріне ҰБТ-ға дайындалуына жол ашамыз. Оқушылар үшін өздерінің келешекте таңдайтын мамандықтарына қарай бейімдік пәндеріне көбірек фокус беретін мүмкіндік бар.

– Оқушылардың сабақ оқу процесінде қандай проблемалар бар? Мәселен, қазір ұялы телефон ұстамайтын бала жоқ шығар. Ол гаджеттерге тәуелділік балалардың оқуға деген ынтасының төмендеуіне, алған білімді қабылдауына кері әсерін де тигізіп жатқаны белгілі...

Әрине, жаңағы гаджеттердің қолжетімділігі қазіргі заманда білім жүйесіне кері әсерін тигізіп жатыр. Ол мәселе анық. Бірақ сондай-ақ пайдасы да көп. Оқушы тұрғысынан қарасақ, олар көп уақытын қысқа-қысқа видеоларды көрумен, өз зейіндерін толтырып тастап, оқуға деген қызығушылығы төмендейді. Дәл осы жағдайда айыптай аламыз ба, жоқ па, ол – бөлек мәселе. Оқушы өз заманының талабына сай iPHONE ұстап жүр. Мұғалімдердің де осындай шындықты қабылдай отыра, сабақ беру әдіс-тәсілдерін, талаптарын күшейтуі тиіс. Әрине, оқушы әлеуметтік желіде отырсын, бірақ сабақ барысына қатал талап қойылуы керек. Екінші, мұғалімдер перспективасынан қарасақ, қазіргі заманда ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді қолданбай, оқушыларға дәстүрлі форматта сабақ беруге тырысады. Өйткені, ол – оңай, сабақтың тақырыбы, мазмұны, материалдары дайын. Ал оқушы мұғалімнің айтып жатқан тақырыбының бәрін ютубтан немесе басқа жерден көре алады. Ұстазы басқа форматқа ауыса алмаса, оқушыға сабақ қызық емес. Мұғалімдердің өзіне де жаңаша бір форматқа өту, оқушыға білімді беріп қана қоймай, білім алуды, оқуды үйретуі керек. Кейбір дағдыларды қалыптастыру мәселесін қарастыру керек деп ойлаймын.

– Жаңа сіз дәстүрлі форматта сабақ беруге тырысады деп айтып қалдыңыз. Бұрынғы дәстүрлі оқыту бойынша сабақтың 80 пайызында мұғалім сөйлеп, 20 пайызында оқушы сөйлесе, ал қазіргі оқуда ол керісінше болу керек деген ұстаным бар ғой. Жалпы жаңартылған білім мазмұны бойынша мұғалімдер түрлі біліктілік арттыратын курстарды оқыды. Олар мұны қаншалықты өз тәжірибелерінде қолданып жатыр. Әлде дәстүрлі форматтан ауыса алмай жүргендер көп пе?

– Сабақта мұғалім оқушыларды сөйлеткенімен, ол да кейде қызық емес болуы мүмкін. Балаларға қазір контенттік білім қолжетімді. «Кім? Не?» деген фактологиялық сұрақтарды айтатын болсаңыз, оның бәрін оқулықтан қалаған жерінен таба алады. Білім жүйесінің қиындауы – заман талабы. Мұндай сұрақтардан білім жүйесін тереңдетіп оқытуға мүмкіндік бар. Дәстүрлі форматта сабақ беру жеңіл болғандықтан, мұғалімдер көбінесе сол жолға түсіп алады. Жас мамандардың өзі контенттік білім беруге тырысады. Ал оқушы соншама контенттік білімге негізделген сабаққа қызыға ма? Сондықтан мұғалімнің сабақ беру форматы қандай болуы керек? Білім жүйесінде фасилитатор деген термин қолданамыз. Фасилитатор деген – сабақ барысында білім алуды ұйымдастыру. Мұғалім белгілі тақырып бойынша білімді оқушының бойында қалыптастыру. Жаңартылған білім мазмұнында тақырыппен бірге мақсаты жүреді. Сабақ мақсаты өте маңызды. Онда оқушы нені біліп шығуы керек, қандай дағды қалыптастыруы керек екені жазылған. Яғни, мұғалім үшін ең бастысы – сабақ соңында оқушысы сол мақсатқа жетті ме, жетпеді ме, соған мән беру керек.

– Мемлекеттік мектепте сынып жетекшілігі бар мұғалімдер үшін жүктеме көп. Ал алатын үстемеақысы ол жауапкершілікке татымайтынын білеміз. Таразының бір жағында пән мұғалімі ретіндегі міндеті тұрса, енді бір жағында сынып жетекшілігі бар. Көбісі жетекшіліктен бас тартып жатса да мектеп әкімшілігі талап етеді. Ал жеке куратор сияқты вакансия ашу үшін Оқу-ағарту министрлігі қыруар қаржы керек екенін айтты. Сіздің білім сарапшысы ретінде осы мәселеге көзқарасыңыз қандай?

– Бұл жерде мына мәселені ұмытпау керек. Мемлекеттік мектептерде мұғалімдердің көбісі бір ставкаға жұмыс істемейді. Кемінде 1,5-2 ставка алады. Әркімнің қаржылық жағдайына да байланысты болады. Содан көбірек жалақы алғысы келеді. Екіншіден, мұғалім жетпегендіктен 16 сағат жүктемемен жүретіндер аз. Ойлап қараңыз, бір мұғалімнің бір аптада 40 сағат жұмыс уақыты бар. Яғни, күніне 8 сағаттан 5 күнде 40 сағат жұмыс уақыты бар. Мұғалім бір аптада 30 сағат сабаққа кіретін болса, оның дайындығы бар, сонда 30-35 сағат жоқ боп кетеді. Демек, мұғалімнің 4-5 сағат уақыты ғана қалады. Әрине, мұндай жүктемемен жұмыс істейтін мұғалімнің сыныбы болса, оған үстемеақы төленгенімен, ол уақытта мұғалім шын мәнінде жетекшілік міндетін атқарып үлгермейді. Шешім ретінде НЗМ-дегідей кейбір сабақтар енгізілгенімен, куратор алынбады. Әрине, сынып жетекші (куратор) жеке болуы керек. Бірақ біздің нарық дайын ба, жоқ па деген сұрақ туындайды. Сондай-ақ мұғалім де тапшы және қаражат мәселесі де бар.

– Біздің елде жұмыс іздеп жүрген мұғалімдер көп емес пе? Мәселен, мектептердегі конкурсқа қатысқанда 1 орынға 70-80 адам таласады ғой?

– Көбі солай ойлайды. Белгілі бір жұмыс орындарында солай болуы мүмкін. Алайда статистиканы қарап көрсеңіз, елімізде шамамен 20-30 мыңға жуық мұғалім тапшылығы бар. Қазақстан көлемінде мектептер саны, сабақ саны, штат санымен қарағанда мұғалім жетіспейді. Әсіресе, сапалы, өз ісіне адал, педагог стандартына сай мұғалім тапшы. Сондай-ақ тәрбие процесі тәрбие сағатында ғана жүреді деп ойлау – жаңсақ түсінік. Әр сабақта тәрбие элементтері болуы керек. Мектептегі іс-шаралар тәрбие форматына ыңғайластыра өту керек. Сонымен қатар мұғалім өзінің педагог ретінде үлгілі тұлға болуымен де оқушыларға әсер ете алады. Ал мұғалім үшін үлкен жүктеме, ыңғайсыз форматтар болғанда ол мүмкін емес.

– Қазіргі цифрлық дәуір заманының мұғалімдері қандай болуы керек? Мәселен, сабақ беру процесінде қандай өзгерістер болуы керек?

– Заман талабына сай кейбір мәселелер өзгеруі керек. Біріншіден, қазір мұғалімнің сабаққа деген көзқарасы өзгеру керек. Ол сабақ беру процесіне «мен білемін, саған үйретемін» деген форматпен қарайтын болса, бұл актуалды емес. Ал мұғалім сабақ үдерісіне «мен, оқушыға үйренуге көмектесемін, үйрену процесін ұйымдастырамын» деп келетін болса, нағыз мұғалімдік осы. Неге десеңіз, қазір білім қолжетімді. Осыдан 30 жыл бұрын қазіргідей ютуб, онлайн платформалар, кітаптар, әлеуметтік желілер немесе қазіргідей курстар, мамандар болған жоқ. Ол кезде мұғалімнің білуі және білгенін үйретуі – сол кезең талабы. Заман өзгергеніне қарамай мұғалім сол бұрынғы форматта жұмыс істей беретін болса, оқушыға ол сабақ қызық емес. Сонда не істеу керек?.. Мұғалімдер жұмысын тастап, сабақты онлайнға тапсыру керек пе? Әрине, жоқ. Онда білім беру болмайды, оқушылар тек қалаған білімін алады. Бірақ тәрбиелік элемент, тұлғалық даму, қабілеттерді қалыптастыру болмайды. Дәл осы кезеңде мұғалімнің нақ жұмыс істеу форматы алға шығуы керек. Мәселен, Қазақстандағы экологиясы нашар аймақтар туралы айтылды делік. Сабақ сонымен бітті ме? Ары қарай экологияны ластамаумен байланысты белгілі тұжырымдарды алды ма, жоқ па, соны ойлану керек. Мұғалім өзінің сабақ беруге деген көзқарасын өзгерту керек. Сондай-ақ кейбір материалдық мәселелер маңызды емес деп есептеймін. Себебі «ақылды тақта, заманауи технологиялар жоқ» дейтін ұстаздар бар. Мен былай дер едім. Егер шебер мұғалімге бір бор мен тақта берсең, ол сабағын керемет өткізеді. Ал нашар мұғалімге бүкіл жағдайын жасап берсеңіз де, ол сапалы, пайдалы өткізбеуі мүмкін. Мәселе осында.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

                                                                                                Нұрән Әділет

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →