Биыл еліміз бойынша 36 ғалым жаңа баспананың кілтіне ие болды
Ғаламның қозғаушы күші – ғылым. Ғылымға бөлінген көңіл, жұмсалған қаражат далаға кетпесі анық. Соңғы жылдары мемлекет отандық ғылымды нысанаға алып, ерекше көңіл бөліп отыр. Әсіресе, қолына шамшырақ алып, ғылым мен білімнің ізіне түскен жас ғалымдарға деген қолдау айырықша.
Биыл еліміз бойынша 36 ғалым жаңа баспананың кілтіне ие болды. Солардың бірі – SDU University оқытушысы, математик, білікті маман Баян Бекболат. Ғылым мен ұстаздық қызметті қатар алып жүрген жас ғалым кері есептер мен Данкл анализіне қызығушылық танытады.
Ғылымдағы жетістігі үшін Алматы төрінен үш бөлмелі пәтердің иесі атанған жас ғалыммен сұхбат құрып, ғылым жолындағы алғашқы қадамдары, мемлекеттік қолдау және ұстаздық қызметі жайында Qaz365.kz тілшісі әңгімелесіп, сұхбат құрған болатын.
– Баян мырза, ең алдымен сізді баспаналы болуыңызбен құттықтаймыз! Ғылым жолына қалай келдіңіз? Неліктен математиканы таңдағаныңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– Рақмет! Математика – мен үшін тек пән емес, өмір сүрудің бір формасы сияқты. Жалпы мектепте математиканы қатты жақсы көрдім деп айта алмаймын. Маған көбірек шығармашылық бағыт ұнайтын. Көркем әдебиет оқып, өлең шығаруға әуестенетінмін. Бірақ, ұстазым “сен нақты ғылымды таңдағаның дұрыс” деп мені үнемі осы бағытқа бұрып отырды. Математикадан үздік болдым деп айта алмаймын. Сыныпта есепті жақсы шығаратын 5 бала болса, соның біреуі болдым. Мектепте түрлі олимпиадаларға қатысып жүрдім. Уақыт өте келе бұл қызығушылық терең зерттеуге, нақты ғылымға айналды. Осылайша, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне тапсырып, 2015 жылы ғылыми математика бойынша бакалавр дәрежесін алдым. Бір жылдан кейін дайындалып Математика және математикалық моделдеу институтына магистратураға түстім. 2019 жылы докторантураға түсіп, қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша ҚазҰУ мен Бельгияның Гент университетінде білім алдым.
– Қазіргі таңда немен айналысып жатырсыз? Ғылыми тақырыбыңыз қандай?
– Қазір мен университетте математика пәнінен сабақ беремін, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысамын. Нақтырақ айтсам, кері есептер мен Данкл анализі бағытында зерттеу жүргізіп жүрмін. Бұл – өте қызықты, әрі күрделі салалар. Теория мен нақты қолданбалы нәтижелердің арасындағы көпірді табу мен үшін үлкен шабыт көзі. Бұл – қолданбалы математика саласында өте маңызды бағыт. Мысалы, нақты өмірдегі кейбір физикалық процестерді модельдеу үшін кері есептерді шешу қажет болады. Мұндай есептерді шешу арқылы біз диагностика, экология, медицина сияқты салаларға нақты үлес қоса аламыз. Сонымен қатар, университет қабырғасында осы бағыт бойынша студенттермен бірлесіп шағын жобалар да жүргізіп келемін.
– Жаңа пәтердің кілтін алғанда қандай әсерде болдыңыз? Жалпы жаңа баспанаға қалай қол жеткіздіңіз, айтып өтіңізші.
– Шыны керек, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Менің таныстарымның арасында жеңілдікпен үй алған, сыйақы ретінде стипендия алып отыратын және тағы да басқа мүмкіндіктерге ие болған жандар бар. Осындай жеңілдіктің бірі маған да бұйырып қала ма деген үмітпен жас ғалымдарға арналған талай конкурстарға құжат тапсырғам. Алайда, нәтижесін көрмеген едім. Бұл жолы да “тізімге ілінем” деген үміт болған емес. Өйткені, республика бойынша 300-ден астам ғалым құжат тапсырған конкурста «дәл мені таңдап алады-ау» дегенге сенбедім. Қорытынды шығатын сәтті ұзақ күттік, құжаттарды қарайтын комиссияның жұмысы созылып кетті. Үнемі математика институтына жазамын, жауап жоқ. «Жарайды, бұйырмаған шығар» деп үмітімді үзе бастадым. Бір күні ойда жоқ сәтте институт директоры хабарласып: “Сізге үй берейін деп жатыр, Астанаға бару керек” – деді. Не сенерімді, не сенбесімді білмедім. Сонда да ұшаққа билет алып Астанаға бардым. Пәтердің кілтін табыстаған кезде ғана рас екен ғой деп көзім жетті. Негізі Алматыдан жаңа пәтерді теп-тегін бере қояды деп ойламадым. Себебі, басқа да әріптестерім осындай бағдарламаларға қатысып, үйді жеңілдікпен алып жатты. Маған да солай жеңілдік қана жасап беретін болар деп ойладым. Бүгін міне енді сол 3 бөлмелі пәтерде отбасыммен бірге тұрып жатырмыз.
– Сіз үшін ұстаздық пен ғылымның арақатынасы қандай?
– Бұл екеуі – бірін-бірі толықтыратын ұғымдар. Ғылыммен айналысу – үнемі жаңалық іздеу, зерттеу, үйрену. Ал ұстаздық – соны өзгеге жеткізу, бөлісу. Студенттермен жұмыс істеу мені де үнемі даму үстінде ұстауға көмектеседі. Өз білгенімді үйретіп қана қоймай, олардан да шабыт аламын. Шынымды айтсам, студенттерімнің ғылымға деген қызығушылығы, ынта-ықыластары маған үлкен күш-қуат береді. Әр студентімнің мінез-құлқына мән беремін. Өз басым “ғылым адамы үшін ең бастысы – мінез” деп есептеймін. Қалыптасқан көркем мінез адамды жетістікке жетелейді. Табандылық, еңбекқорлық, еңбекке адалдық сынды мінездегі қасиеттерді дамыту маңызды. Себебі, адамның жасағанын адам жасай алады. Тек сол ілгері жылжуға итермелейтін қасиеттерді дамыту керек. Сонда ғана адам ғылымның даңғыл жолына түседі.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Ғылымдағы ізденістерімді жалғастырып, халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысқым келеді. Сонымен қатар, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп, ғылыми ортада олардың да өз орнын табуына ықпал етуді мақсат етемін.
– Сұқбатыңызға рақмет! Ел игілігіне айналар сүбелі еңбектеріңіздің қатары арта берсін!