×

Аймағамбетов: Ерекше балаларға қоғамның қауіп төндірушісі ретінде қарау – қате

Педагогтер тарапынан да алаңдаушылық жоқ емес

Аймағамбетов: Ерекше балаларға қоғамның қауіп төндірушісі ретінде қарау – қате
Фото: parlam.kz

Инклюзивті білім беру бағытта жұмыс істеп жатқан педагогтер мен ата-аналар тарапынан екіұшты пікірлер көп. Qaz365.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың бұл мәселеге қатысты көзқарасын білді.

«Меніңше, ерекше қажеттілігі бар балаларға қоғамға қауіпті адам ретінде қарау – қате. Олар – сіз бен біз сияқты азаматтар. ПМПК деген ұйым бар. Солар оқушыны мектепке жібермей тұрып, оның жағдайын толық сараптайды. Егер бала шынымен де айналасына қауіп төндіретін болса, ПМПК ондай шешім қабылдамайды», – деді депутат.

Аймағамбетовтің айтуынша, инклюзивті білім беруге жіберілген балалар оқу бағдарламасын игере алатындай деңгейде, яғни олар мектепке баруға дайын.

«Мәселе ПМПК-ның сапалы жұмыс істеуінде. Олар баланың мүмкіндігін, психологиялық жағдайын, әлеуетін жан-жақты тексереді. Егер бұл комиссия нақты шешім шығарып, бала мектепке жіберілсе, онда біз ол баланы қоғамнан бөліп, шеттетпеуіміз керек. Бұл балаларға оқуға мүмкіндік беру – біздің адамгершілік міндетіміз», – деді ол.

Депутат өз сөзінде ерекше балалардың қылмысқа бейімділігі жайлы да пікір білдірді.

«Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, психикалық ауытқуы бар азаматтар мен ондай ерекшелігі жоқ адамдар арасында қылмысқа бейімділік тұрғысынан үлкен айырмашылық байқалмайды. Тіпті дені сау азаматтардың жасаған қылмыс статистикасын қарасаңыз, жағымсыз деректерге тап боласыз. Демек, баланың ерекше қажеттілігі бар деп оны қауіп көру – қисынсыз», – деді Аймағамбетов.

Алайда педагогтер тарапынан да алаңдаушылық жоқ емес. Кейбір мұғалімдер «Бір сыныпта 30-дан астам бала бар. Солардың арасында ерекше баламен жеке жұмыс істеу өте қиын. Қарапайым жанжалдың өзін реттеуге 10-15 минут уақыт кетіп қалады» деп шағымданған. Бұл мәселеге қатысты да депутаттың пікірін білдік.

«Мектепте істеген адам ретінде айтайын. Бастауышта тәртіп бұзатын, еркелік жасайтын оқушы көп. Бірі парта үстіне шығып алады, енді бірі партаның астына тығылады. Сондықтан бәрі баланың ерекшелігіне қарай жұмыс істеуге байланысты. Мұғалімдерге арнайы курстар өткізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Ең бастысы – бұл балаларға қауіп көзі ретінде емес, махаббатпен, қамқорлықпен қарауымыз керек», – дейді Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, ПМПК деген комиссия баланың диагнозын, психологиясын, қабілетін қарайды. Сол комиссия шешімінен кейін ғана бала мектепке қабылданады. ПМПК балаларды мұқият бақылау керек. Егер ол оқушы бағдарламаны алып кете алмайтын болса, ПМПК жауап береді. Яғни, бала оқи ала ма, жоқ па сол ұйымның жауапкершелігінде.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Оның басты мақсаты – ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайту
Ауқымды жиын өткізу бастамасы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде ұсынылған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →