×

“Қажет емес”: Бейсембаев депутат Аймағамбетовтың бастамасын қолдамайтынын айтты

Qaz365.kz тілшісі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан депутаттар ұсынған бастама жайлы жеке көзқарасын сұрады

“Қажет емес”: Бейсембаев депутат Аймағамбетовтың бастамасын қолдамайтынын айтты

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде ағылшын тілі пәнін аптасына бес рет оқыту туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Qaz365.kz тілшісі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан депутаттар ұсынған бастама жайлы жеке көзқарасын сұрады. Ғани Бейсембаев бұл мәселе жан-жақты сарапталып жатқанын айтты.

Бұл мәселе бойынша біз сарапшылармен, әріптестермен ақылдастық. Олардың айтуынша, қазіргі сағат саны жеткілікті. Ең бастысы — сабақ беру сапасын арттыру. Егер білім сапасы жоғары болса, сағаттың көптігіне емес, оның тиімділігіне қарап нәтиже көруге болады. Егер сапа көтерілетін болса, сағаттың қанша болғанына байланысты емес, дәрістің сапалы берілуіне байланысты мақсатқа жетуге болатындығы. Сондықтан сарапшылардың ойымен мен келісемін. Аптасына 5 сағат қою міндетті емес. Онсыз да 5 сағат математика бар, қазақ тілін де көбейтіп отырмыз. Бірақ ең бастысы оның берілуіне ден қоюымыз керек, — деді министр.

Сондай-ақ  Qaz365.kz тілшісі бұрынғы министрдің тұсында қолға алынған "ағылшын тілін 5 күн оқыту" бастамасының аяқсыз қалуы туралы сұрақ қойды. Сонымен қатар, министр ауысқан сайын жаңа реформалардың білім беру жүйесіне кері әсер ететіні жайлы алаңдаушылық та барын атап өтті.

Ешқандай эксперимент жүргізіп жатқан жоқпыз. Бұған дейінгі реформалар аяғына дейін жеткізіліп, жүйеленіп, ары қарай жалғасын тауып отыр. Өйткені, қайта-қайта жаңалықтар енгізе беру, бір мәселені алып тастап, екінші мәселені енгізу нәтижеге әкелмейтіндігі белгілі. Сондықтан ең бастысы, баланың қауіпсіздігі мен сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстар басты назарда болу керек. Бұл бірінші кезекте мектептегі сабақтың сапалы берілуіне тікелей байланысты екенін ұмытпау керек, — деп жауап берді Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, жақында депутат Асхат Аймағамбетов ағылшын тілін ерте, мектептен бастап сапалы түрде оқытуды әрі қарай күшейту қажеттігін, мектепте ағылшын тілін 5 күн оқыту керек екенін айтқан еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →