Әкім арнайы тілегін де жеткізді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақшұқыр мектеп-лицейінде өткен мектеп бітірушілерге арналған салтанатты жиында үздік оқушыны марапаттады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Желіде тараған бейнежазбада әкім мектеп бітірушілерге ақ жол тілеп, «Алтын белгіге» үміткер Аманқос Бекжанға арнайы естелік сыйлық ұсынғанын көруге болады. Құттықтау сөзінде Қилыбай Аманқосқа ел игілігі үшін еңбек ететін азамат болуға тілектестік білдірді.
Аманқос Бекжан 11 жыл бойы үздік оқушы атанып келеді. Қазақта ырым бар – осы бала біздің жолымызды жалғастырсын. Ертең еліміздің мақтанышы болып, президентпен кездесіп, елдің мүддесін қорғап жүрсін деген ниетпен мойнымдағы галстугымды сыйлаймын, — деді облыс басшысы.
Аманқос Бекжан өңір басшысының ерекше ықыласына ие болып, республикалық «Үздік ауыл мектебінің оқушысы-2025» атағын жеңіп алды. Сонымен қатар Ақшұқыр мектеп-лицейі еліміз бойынша Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік мектеп-2025» марапатына лайық деп танылды.