×

Қазақстанда жекеменшік мектептерге бөлінген бюджет қалай талан-таражға түсті

Қазақстанда жекеменшік мектептерге бөлінген бюджет қалай талан-таражға түсті
Үкіметтің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының бюджеттік тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында Үкімет қаражаттың тиімді жұмсалуына кешенді талдау жүргізіп келеді. Осы жұмыс шеңберінде Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрі Мәди Такиев ұсынған жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қатысты аудиттің алдын ала нәтижелерін тыңдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020–2025 жылдары жекеменшік мектептер саны 203-тен 878-ге дейін көбейген. Осы кезеңде оқушылар контингенті 53 мыңнан 322 мыңға өсіп, алты есе артты. Тиісінше, бюджеттен бөлінген қаржы көлемі де 13,3 млрд теңгеден 248 млрд теңгеге дейін ұлғайып, шамамен 20 есе көбейген.

Аудит қорытындылары 2025 жылдың соңына дейін қаржыландыру жүйесінің шашыраңқы әрі бақылауы әлсіз болғанын көрсетті. Бұл деректерді бұрмалауға және бюджет қаражатын орынсыз пайдалануға жол ашқан. Осы себепті 2024 жылдың соңынан бастап қаржыландыру Orta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына толық көшіріліп, үдерістердің ашықтығы мен автоматтандырылуы күшейтілді. Министрлік жаңа тәсіл тәуекелдерді айтарлықтай азайтқанын атап өтті.

Тексеру барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды:

  • оқушыларды бірнеше мектепке қайта-қайта тіркеу арқылы санын қолдан арттыру;
  • ғимараттардың нақты сыйымдылығын ескермей, оқушы орындарын нормативтен үш есеге дейін асырып көрсету;
  • бюджеттен қаржы алу үшін кірістерді төмендетіп көрсету және салық төлемдерін қысқарту әрекеттері.
  • жобалау-сметалық құжаттамасыз «күрделі жөндеу» көрсетіп, іс жүзінде тек ағымдағы немесе косметикалық жөндеумен шектелу фактілері тіркелген.

Министрдің айтуынша, бұл жекеменшік мектептердің бір бөлігі мемлекеттік қолдауды білім сапасын арттыру тетігі емес, табыс көзі ретінде қарастырғанын аңғартады.

Қазіргі уақытта аудит жалғасуда. Оның нәтижесі бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге арналған нақты ұсыныстар әзірленіп, Үкіметке енгізіледі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →