Қазіргі таңда Қазақстанның орта білім беру жүйесінде барлығы 8 848 мектеп бар
Қазақстанның білім министрі Жұлдыз Сүлейменова жалпы білім беретін мектептер директорларының қызмет мерзімін шектеу және ротация жүйесін енгізу туралы бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл ұсыныс кеңінен талқыланды және министрлікте аналитикалық және сараптамалық зерттеу тақырыбына айналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство басшысы атап өткендей, ол бұған дейін мынадай үлгіні бекітуді ұсынған болатын: мектеп директоры екі оқу жылына тағайындалады, ал оң нәтижелермен оның өкілеттігі тағы екі жылға – нәтижесінде бір мектепте ең көп дегенде төрт оқу жылына ұзартылуы мүмкін.
“Мен осыдан бірнеше апта бұрын жалпы мектеп директорларының тағайындалуы, олардың жұмыс істеу ұзақтығына байланысты бір ұсынысымды ортаға салған болатынмын. Яғни, кез келген директор тағайындалғаннан кейін 2 оқу жылы және жақсы нәтиже көрсетіп жатса тағы да екі оқу жылы, сонда түбінде 4 оқу жылына тағайындалуы қажет дегенді айтқанмын”, – деді Сүлейменова.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанның орта білім беру жүйесінде барлығы 8 848 мектеп бар. Оның ішінде 5233 мектеп ауылдық жерде, 2815 мектеп қалалық жерде орналасқан. 2026 жыл 24 қаңтардағы жағдайға сәйкес, 7238 мектеп директоры жұмыс істейді. Олардың олардың 810-ы, яғни 10 пайызы, – мектеп басшысы қызметін уақытша атқарушылар.
“Мені мектеп директорының міндетін уақытша атқарушылардың сандық үлесі алаңдатады. Ең жоғарғы көрсеткіш БҚО-да – 15,6 пайыз. СҚО-да –13 пайыз, ШҚО-да – 12 пайыз. Біз басшылардың осы санатына да көбірек көңіл бөлуіміз керек”, – деп атап өтті министр.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, мектеп басшыларының арасындағы әйелдердің үлесі – 62 пайыз, ерлердің үлесі – 38 пайыз. Мектеп басшыларының орташа жасы – 48,5 жас. Директорлардың басым бөлігінің магистр деңгейі бар: олардың ең жоғарғы үлесі Астана қаласында – 43 пайыз. Алматы қаласындағы мұғалімдердің 32 пайызының, шымкенттік ұстаздардың 27,5 пайызының магистрлік атағы бар.
“Менің ойымша, бұл өте жақсы көрсеткіш”, – деп ойын білдірді Сүйоейменова.
Министр мектеп директорларының жалпы еңбек өтіліне ерекше назар аударды. Қазақстандағы мектеп директорларының орташа еңбек өтілі – 26 жыл. Оның ішінде 86 мектеп директорының (1,2 пайыз) еңбек өтілі 5 жылға дейінгі уақытты қамтиды екен. 6-10 жылдың еңбек өтілі бар директорлар (328 адам) 4,5 пайызды, 11-15 жыл аралығында өтілі бар басшылар (759 адам) 10,5 пайызды құрайды. Ал 16 жылдан және одан да жоғары уақыт мектеп директоры қызметін атқарғандардың үлесі – 84 пайыз, яғни 6065 педагог.
“Енді бір қызығын айтқым келеді, мен 20 жылдан жоғары қызмет еткендерді қарастырдым. Олардың саны 129 екен. Оның ішінде Ақмола облысында 23 директор, Жамбыл облысында 10 директор, СҚО-да 24 директор, Павлодар облысында 13 директор, ШҚО-да 12 директор, Ақтөбе облысында 6 директор, Абай облысында 14 директор, Жетісу облысында 5 директор бар”, – деді министр.
Сүлейменованың айтуынша, нақты шешім әлі қабылданбаған, өйткені бұл мәселені толық зерделеу қажет. Бірақ, менің ойымша, бір жерде ұзақ отырған жандарға бәрібір ротация жасалуы тиіс.
“Біз әлі бір шешімге келген жоқпыз. Бірақ, менің ойымша, 20 жыл бойы директорлық қызмет атқарған басшыға қатысты ротация қолданылуы тиіс. Егер жақсы қызмет етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізсе, онда басқа мектепке барып, оны да дәл солай дамытсын. Оларды ешкім қайтадан мұғалімдікке түсіріп тастайын деп жатқан жоқ”, – деп түсіндірді ол.
Министр басшы кадрлардың орнын ауыстыру арқылы мектептерді дамытуға қол жеткізу мақсатын көздейтінін жасырмады.
“Бірақ бір мектепте алғашқы екі жылда, одан кейінгі төрт жыл көлемінде қызметін жақсы жағынан көрсетсін деп тұрмыз ғой. Одан кейін басқа мектепті де көтерсін. Сондай ұсыныстарды қарастырып жатырмыз”, – деді Жұлдыз Сүйлейменова..