Бұл қаражат негізінен мүмкіндігі шектеулі 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген
Бұған дейін Жамбыл облысында 200-ден астам педагог заңсыз жалақы алғанын жазған едік. Осыған байланысты Жамбыл облыстық білім басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл қаражат негізінен мүмкіндігі шектеулі 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген. Бірақ мектеп мұғалімдері оларға мүлдем сабақ бермесе де, жалақы жаздырып, алып келген.
Басқарма осы жағдайға байланысты аудандық, Тараз қалалық прокуратуралары 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларына талдау жасағанын мәлім етті.
“Талдау қорытындысына сәйкес, мәліметтерде балалар күндізгі стационарларда ем алып жатқан кезеңдерде мұғалімдерге 24,1 миллион теңге заңсыз айлық жалақы төленгені анықталды. Осыған орай, облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдерінен жоғарыда аталған заң бұзушылыққа жол берген басшылар мен жауапты мамандардан түсініктемелер алынды”, - делінген хабарламада.
Берілген түсініктемелерге сәйкес, кейбір балалардың денсаулығы бойынша порталға тіркелгенімен, ауруханаларға жатпағандары да белгілі болыпты.
Сондай-ақ, қызметтік қажеттілікке сәйкес, биылғы жылдың 8-10 және 13-14 ақпан күндері 6 аудандағы (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандары) үйден оқытылып жатқан балаларға беріліп жатқан білімнің сапасы, педагог кадрлардың біліктілік арттыру курстарынан өтуі, т.б. жұмыстары зерделенген. Оның қорытындысы 2023 жылғы 9 наурыз күнгі басқарманың кеңейтілген мәжілісінде қаралыпты.
Жамбыл облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды үйден оқытудан кеткен заңсыздықтың ең көбі Байзақ ауданында тіркелген. Байзақ ауданындағы білім бөлімінің заңгері Мейіржан Тәжібайұлы осы оқиғаға қатысты аудан тарапынан біршама жұмыстардың атқарылғандығын атап өтті.
“Байзақ ауданы прокуроры мүмкіндігі шектеулі үйде оқытылатын балалардың еңбекке жарамсыздық парағының негізінде әртүрлі себептермен білім алмау деректеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет есебіне келтірілген залалды анықтау үшін «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 2023 жылдың 10 қаңтарында №2-0702-23-00009 хаты жолданып, білім бөлімінің тарапынан мемлекетке келтірілген залалға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет есебінен келтірілген залал сомасы толық есептеліп, 2023 жылдың 12 қаңтарында аудандық прокуратураға жолданды. Аудандық прокуратура тарапынан 2023 жылдың 14 қаңтарында «Заң бұзушылықтарды жою туралы» №2-0702-23-00024 Ұсыну жолданды. Осыған орай мектеп басшыларымен Ұсынуды орындау мақсатында талқылау жұмыстары жүргізіліп, балалардың білім алуына жауапты мектеп директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – деді Мейіржан Тәжібайұлы.
Сонымен қатар, балалардың ем алған уақытындағы өткізілмеген сабақтары кіріктіру жолдарымен оқытылып, мемлекетке келтірілген залал соммасы ҚР Еңбек кодексінің 115-бабы 2-бөлігі 5-тармағына сәйкес мектеп қызметкерлерінің келісімімен 2023 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларындағы айлық жалақыларынан ұсталып, мемлекет есебіне толық көлемде қайтарылды. Осы кеңейтілген мәжілісте облыс прокурорының аға көмекшісі Е.Қуанышев Тараз қалалық білім бөлімдерінің басшыларына қатаң ескерту жасаған.
“Кеңестің хаттамалық шешімімен білім бөлімдерінің басшыларына үйден оқытылатын балалардың білім сапасын қатаң бақылауға алуды, олардың құқықтарының бұзылуларына жол бермеу мақсатында аудандық, қалалық ауруханалардан «Damu Med» кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы балалардың республикалық немесе облыстық деңгейдегі ауруханаларда немесе оңалту орталықтарында ем алулары туралы мәліметтерді ай сайын сұратып, салыстырмалы талдаулар жасау тапсырылған”, – делінген хабарламада.
Заңсыз төленген 24,1 млн теңге түгел қайтарылып, 78 педагогке тиісті тәртіптік шаралар қарастырылған.