×

Министр аттестациядан өту ережесі өзгергенін мәлімдеді: ұстаздар неліктен наразы?

Министр аттестациядан өту ережесі өзгергенін мәлімдеді: ұстаздар неліктен наразы?
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанның оқу-ағарту саласында өзгеріс болды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалау сынағының (ОЗП) тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл шешім қоғамда, әсіресе мұғалімдер арасында қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жалпы елімізде мұғалімдерді аттестатциядан өткізу үш кезеңнен тұрады: ұстаздың біліктілігін бағалау сынағы, портфолио өткізу, нәтижелерді кешенді жалпылама жинақтау. Кеше министр педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалау сынағының тоқтатылғанын мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары жаңа өзгеріске байланысты түрлі көзқарас білдіріп жатыр. Бірі бұл бастаманы қолдаса, енді бірі білім сапасына әсері туралы алаңдайтынын жеткізді.

Меңсұлу Жарықова есімді желі қолданушысы:

«Портфолио жинап әуре болғанша, тест тапсырған дұрыс. Әр жолы бір жаңалық шығады: бірде есепке алынады, бірде алынбайды. «Ұстаз» жүйесіне тұрақты қолжетімділік болып, Е-портфолиодағыдай барлық құжатты жүйелі түрде жүктеп отыру мүмкіндігі болса жақсы болар еді. Ал қазір аттестация алдында қарбалас көбейіп, жүйкеге салмақ түсіреді».

Ал Бақытгүл Батышева бұл өзгеріс кейбір қызмет түрлеріне әсер етуі мүмкін екенін айтты:

«Біраз адамдардың жүргізіп отырған бизнесіне тосқауыл қойдыңыздар-ау шамасы. Олар төбесінен жай түскендей отырған шығар (тест центр, авторлық, тестке дайындық т.б.). Осы жерде тест қалсын деп отырған адамдар — сол орталықтардың адамдары ғой шамасы».

Тағы бір желі қолданушысы білім сапасына қатысты күмәнін жасырмады:

«Тесттен өте алмағандар сізді қолдап жатыр, ал осыдан кейін білім сапасы қалай болар екен?! Портфолио үшін құр грамота жинап, сатып алып ақша шашқанша, тек білімін тест арқылы ғана дәлелдеп, категориясын алса жеткілікті болар еді. Нақты білімді педагог ешқашан тесттен өтпей қалмайды».

Құндыз Уәлиханова министр шешімін қолдап пікір білдірді:

«Рақмет, мұғалімдердің мұңын, жан айқайын түсінген жалғыз министр — сіз ғана. Мұғалім өз еңбегімен, жетістіктерімен, оқушының жетістігімен біліктілікті ақтай алады».

Ал Әділхан Оспан тест жүйесін сақтауды ұсынды:

«Тест қалып, портфолио алынып тасталсын. Қазір пәнін білмесе де, өтірік қағаз жинай береді. 1000 теңге беріп, өтірік тест тапсырып, мақтау қағаз жинап алады. Тест — өз пәндері ғой. Соны тапсыра алмаса — ұят қой».

Тағы бір желі қолданушысы осы өзгерістерге байланысты үстемақыдан айырыламыз деп алаңдайтынын жазды.

«Осы өзгерістен соң біз модераторға берілетін мұғалімдер сыйақылардан айырылдық. Жалақыға ешқандай сыйақы қосылмайды. Егер ештеңе өзгермесе, біз сынақтан өтіп, қыркүйек айында сыйақы ала бастайтын едік. Енді біз қашан үстемақы аламыз? Өзгерістерге байланысты жарты жыл немесе бір жыл күту керек пе?», — деп жазды мұғалімдердің бірі.

Айта кетейік, педагогтердің кәсіби жетістіктерін бағалау жүйесінің (ОЗП) тоқтатылғанына қуанып, пікір жазып жатқан ұстаздардың да қарасы көп. Енді жас мамандар ғана біліктілік тестін тапсырады. Ал бұрыннан қызметте жүрген мұғалімдер бұл сынақты тапсырмайды. 

Еске сала кетсек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында педагогтердің біліктілік тестіне қатысты талаптардың өзгергенін мәлімдеген еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →