NemolchiKZ қоғамдық қоры президентке үндеу жолдады
NemolchiKZ қоғамдық қорының президенті Дина Таңсәрі мектеп оқушыларының өзге жасөспірім қыздарды ұрып-соққаны туралы жазып, Президентке жүгінді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол үндеуді әлеуметтік желіде жариялады.
“Әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының жасөспірім қызды ұрып-соғып жатқан бейнежазба желдей есті. Өскемен қаласының сауда орталығында болған оқиға алғашқысы емес, жәбірленуші үнемі қорланып келген.
Бұған көптеген фотосурет пен бейнежазба дәлел, қызды соққыға жығып, спорттық әдіс-тәсілді қолданып, кеудесін жалаңаштап, сурет пен бейнеге жалаңаш түсіріп, тастай сумен жуындырған, сосын барлық жазбаны интернет арқылы таратқан”, – деп жазды ол.
Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова ұрдажық қызды мектептен шығару жоспарланбағанын айтты.
“Ұрдажық қыз есепке алынды, қазір онымен психолог және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыс істеп жатыр, ол тұрақты бақылауда. Ол тәрбиелі отбасынан шыққан. Бұған қоса, қазір мектепте 5-11 сынып аралығындағы барлық оқушымен профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр, оларға заңнама нормасы мен құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік түсіндіріледі. Оқушыны мектептен шығару жоспарда жоқ, қазір ол 9-сыныпта оқиды, оқу орнын бітіруге мүмкіндік беріледі”, – деп мәлімдеді Алагөзова.
Білім бөлімі мектепте басқа оқушыларға қатысты қысым жоқ екенін атап өтті. Қажет болған жағдайда балалармен психолог жұмыс істейді.
Шығыс Қазақстан облысының ПД оқиға бір айдан астам уақыт бұрын, яғни 2023 жылдың 1-2 наурызында болғанын хабарлады.
“Бұл факт ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі бойынша Өскемен қалалық Ертіс полиция бөлімшесінде тіркелген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, қызға 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылу дейін қауіп төніп тұр”, – делінген хабарламада.
Алайда Дина Таңсәрі іс жүзінде олар айыппұлмен құтылатынына сенімді.
“Сұмдық жағдайға бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында біз не білдік? Полициядан айырмашылығымыз, шындықты білгіміз келеді және оны көпшіліктен жасырмаймыз. Бұл жәбірленушіге ғана емес, бәрімізге де қатысты.
Біріншіден, бұл Өскемен қаласының №44 мектебінде оқитын барлық балаға қатысты, сондықтан оған алаңдаған ата-аналар бізге хат жазып, көмек сұрайды!
Екіншіден, Өскемен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова бұл отбасының тәрбиелі екенін қандай өлшемге сүйеніп айтқан?
Шамасы, анасы мектеп директорларының аттестациясын қабылдаса керек. Жазбаның астындағы пікірлерде жазылғандай, әкесі жергілікті антикор басшыларының бірі ме? Бірақ бүкіл ел оның тәрбиесіз балаларын көрді! Иә, сіз жаңсақ естіген жоқсыз, бұл «тәрбиелі» отбасының екі қызы да жәбірленушіні аяусыз соққыға жығуға араласқан, бірақ біреуіне ғана іс қозғалған. Бұған қоса, басқа да зардап шеккендер бар, олар біздің қордан көмек сұрады!” – деп жазды ол.
Дина Таңсәрі жәбірленушінің екі туысымен сөйлескенін, бірақ олардың қордың араласпауын сұрағанын айтты.
Сондай-ақ оған сенбі күні Өскемен полициясынан өзіне қол салу туралы жалған ақпарат туралы істі тергеп жатқан әлдебір майор қоңырау шалып, бұл туралы жазғандардың телефон нөмірін беруді өтінген. Дина бұл іс азаматтардың аузын жауып, араласпау үшін жасалатын қысымның басы деп күдіктенеді.
Оның айтуынша, ата-аналарға бұл іс туралы жазбаның астына пікір жазуға тыйым салынған, әйтеуір қоғам үнсіз қалып, ұмытып кету үшін істі тездетіп сотқа жеткізгісі келеді.
Жоғарыда айтылғандардан кейін Дина Таңсәрі өз талаптарын айтты:
1. Заң мен тәртіпті елемей, тайраңдаған әкесінің қарындасы мен анасын қызметінен босату.
2. Бүгінге дейін қылмыскерді жасырып келгені үшін Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова мен №44 мектептің директоры жұмыстан шеттетілсін.
3. Қызметтік жағдайын пайдаланып, анасы мен әкесі мектеп директорын қорқытпады ма екен дегенге жайтқа қатысты тексеріс жүргізу;
4. Біз екі қызды да девиантты мінез-құлықты балаларға арналған жабық арнайы интернатқа ауыстыруды және үкімнен кейін сот шешіміне сәйкес мекемеге жіберуді талап етеміз. Қазір олардың мектепте болуына байланысты басқа балалар қорқып білім алып жатыр, олар заң бойынша жауап берсін!
5. Қылмыстық істі АШЫҚ жүргізуді талап етеміз, болжам мен жалған ақпарат тарамау үшін, сонымен қатар, қоғам мен БАҚ тарапынан жағдайды бақылауда ұстау үшін халыққа хабарлауды және жағдай туралы егжей-тегжейлі айтуды талап етеміз!
“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Жаңа Қазақстанда бізде әлі де ескі әдістер жұмыс істеп жатыр! Қазіргі және бұрынғы Оқу-ағарту (білім) министрлері жауырды жаба тоқу, диктатура, қорқыту-үркіту саясатына негізделген және әлі де соны ұстанады! Оқушылар жасаған немесе оқушыларға қатысты барлық қылмыс жылы жабылып, шындық айтылмай қалады. Жәбірленушілерді қорқытады, құжаттарды алуға мәжбүрлеп, басқа мектепке ауыстырады! Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар бойынша #НеМолчиKZ қорына келіп түсетін барлық іс 100% мектеп, колледж, балабақша, интернат аумағынан сыртқа шықпайды.
Осы істі жеке бақылауға алып, барлық күш-жігеріңізді Қазақстанның білім беру жүйесіндегі жағдайды өзгертуге арнауыңызды сұраймыз! Белсенділердің баға жетпес тәжірибесін елеусіз қалдырмауды және біздің ұсыныстарымызды тыңдауды, тәжірибемізді балалар мен алаңсыз балалық шақ үшін пайдалануды өтініп сұраймыз!” – деп жазды қор басшысы.
Сондай-ақ қор президенті осы уақытқа дейін 7 жыл ішінде бірде-бір Оқу-ағарту министрі #НеМолчиKZ қорының жұмысына қызығушылық танытпағанын жеткізді.