ЖОО оқытушыларының көбінің бүгінде алып жүрген айлығына көңілі толмайды
Бұрын Білім және ғылым министрлігін басқарған, бүгінде Мәжіліс депутаты болып отырған Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындары оқытушыларының айлығы жөнінде пікір білдірді.
Айта кетсек, ЖОО оқытушыларының көбінің бүгінде алып жүрген айлығына көңілі толмайды.
«Бізге төленетін айлық аз болса, ғылымға қалай мойын бұрамыз?» – дейді олар.
Аймағамбетов таяуда әлеуметтік желіге пост жариялаған кезде оған пікір қалдырған университет оқытушылары осындай уәж келтірген еді.
Бүгін Qaz365.kz тілшісі ЖОО оқытушыларының айлығы жөнінде Аймағамбетовтың пікірін біліп көрді. Оның айтуынша, шын мәнінде, мектеп мұғалімдерінің жалақысы, балабақша тәрбиешілері мен қызметкерлерінің, колледж қызметкерлерінің жалақысы екі есе және одан жоғары, әртүрлі деңгейде көтерілген. Қазір де олардың айлығы жылына 25 пайызға көтеріліп отырады.
«Жоғары оқу орындарының оқытушыларына келер болсақ, 2021 жылы мен өзім бұйрыққа қол қойдым. Сол бұйрық бойынша бір дегенде оқытушылардың жалақысы ең азы 200 мың теңгеден, профессорлардың жалақысы 350-400 мың теңгеден кем болмауы керек, ал олардың жүктемесі 680 сағаттан аспауы керек деген норманы қабылдап, барлық университеттерді, шыны керек, мәжбүрледік. Бұған дейін де өсірдік. 2019 жылға дейін оқытушылардың жалақысы 67 мың теңге еді. 2021 жылы кемінде 200 мың теңгеден аз болмауы керек деген шешім қабылдадық», – дейді ол.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, 2022 жылы бұл жалақыны «қосымша тағы өсіреміз» деген жоспар болды.
«Бұл жоспар туралы көктемде барлық ректорларға айтып, олар тиісті қаражатты дайындап қойған еді. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап... Бірақ жазда министрліктің екіге бөлінуіне байланысты мен жоғары оқу орындарына жауапты министр болмадым. Тек Оқу-ағарту министрлігі. Сондықтан, біз биыл қаңтардан мұғалімдердің айлығын тағы көтердік, ал жоғары оқу орындарының жалақысы сол беті аталған шешім қабылданбай қалды», – дейді ол.
Мәжілісмен қазір жоғары оқу орындарының барлық оқытушыларының айлығын көтеруге барлық мүмкіндік бар деп есептейді. «Неге?» деген сұраққа 2020 жылы Президент қолдауының арқасында грант сомасын 2 еседен артық көбейтілгенін еске салады.
«Мен тек ректорларды мәжбүрлеген жоқпын. Біз бір жыл бойы дайындық жұмысын жүргіздік. Мұның алдында грант алған студентке жоғары оқу орнынан алатын қаражаты 400 мың теңге болса, біз оны бір дегенде 800 мың, 1 млн теңгеге көтердік. Ол қандай мүмкіндік берді? Ол университеттерге қосымша қаражат әкелді. Сол бір жыл өткеннен кейін мен университеттердің ректорларына «Президент қолдауының арқасында грант сомасын өзгеруіне байланысты қосымша қаражатты мұғалімдердің, оқытушылардың жалақысын көтеруге жіберіңдер» деп оларды мәжбүрлеп, шыны керек, жақсы өсірдік. Бірақ 2022 жылы тағы бір рет өсіреміз деген кезде менің ондай мүмкіндігім болған жоқ.
Біз комитет отырысында министр келген кезде (Саясат Нұрбек) тиісті ұсыныстарымызды айтып, биыл қыркүйекте де жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеруге мүмкіндіктері бар болғаннан кейін айтып отырмыз», – деп түйді сөзін Асхат Аймағамбетов.