ҰТО директоры ең креативтілерін көрсетті
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектер шпаргалкаларды қалай қолдануға тырысқанын көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның сөзінше, статистика бойынша жыл сайын ҰБТ-дағы ережебұзушылардың саны азайып келе жатыр. Мәселен, 2019 жылы тестілеуге кіргізу барысында 128 мың, 2020 жылы 2522, 2021 жылы 756, 2022 жылы 327 тыйым салынған зат анықталған. Яғни, көрсеткіш 400 есеге азайған.
"Дегенмен сақтықта қорлық жоқ деп, шпаргалкаларға жүгінетін талапкерлер әлі де бар. Мысалы, ҰБТ-ның 5 аптасы бойынша ең креативтілерін осы жазбада ұсынып отырмын. Талапкерлер өкінішке қарай, біздің қырағы бақылаушыларды алдай алмады. Балалардың ерекше шығармашылық жұмыстары бірден анықталды.
Айта кетейін, тестілеу ережелерін бұзу туралы бізге келіп түскен әрбір өтініш қарастырылады. Естеріңізде болса, өткен жылы постмониторинг нәтижесінде 200-ден аса адамның нәтижесін жойдық, оның ішінде 137-сі грант иегері болған. Биыл да бұл жұмыс өз жалғасын табады", – деп жазды ол.