Оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен штаб отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта қолайлы оқу жағдайы бар 1,5 млн оқушы орнын ашу мәселесі қаралды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың баяндауынша, 2020-2022 жылдары республикада түрлі қаржыландыру көздері есебінен 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп пайдалануға берілген. Биыл 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр, оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ.
Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Премьер-Министр ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.
«Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет», - деді Әлихан Смайылов.