×

Аймағамбетов мақтаған вице-министр Бейсембаевқа ұнамай қалды ма

Шолпан Каринова Оқу-ағарту бірінші вице-министрі қызметінен босатылған болатын

Аймағамбетов мақтаған вице-министр Бейсембаевқа ұнамай қалды ма
Коллаж: Qaz365.kz

Бұрынғы Оқу-ағарту министрі, бүгінгі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің бұрынғы орынбасары, бүгінде қызметінен кетіп жатқан Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова жөнінде пост жазды. Ол Қаринованы «адал, принципшіл, бір адамның бұйрығынан өзінің адалдығын, бір адамның мүддесінен қоғамның игілігін жоғары қоятын» маман деп атады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгін мен өте тәжірибелі, майталман маман – Шолпан Каринова туралы сөз қозғамақпын» деп басталатын постта Асхат Аймағамбетов Шолпан Қаринованың мансабындағы қызықты деректі келтіреді. Атап айтқанда Қаринованың мұғалім, директордың орынбасары, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы, облыстық білім басқармасының орынбасары, кейін басшысы, әлеуметтік мәселелер жөніндегі қала әкімінің орынбасары, Министрлікте департамент басшысы, вице-министр, бірінші вице-министр болғанын еске алады. Сонымен қатар ол Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жүйесінде де жұмыс істегенін атап өтеді.

«Сондықтан Шолпан Таңатқызы білім саласының жілігін шағып, майын ішкен өзінің ісінің һас шебері деуге болады. Оның еңбек тәжірибесі білім саласы үшін де, министрліктегі жұмыс үшін де өте пайдалы болды. Бастысы, ол адамгершілігі мол тұлға: таза, адал, принципшіл, өз ісіне мығым және білікті маман. Сондай-ақ Шолпан Таңатқызы бір адамның бұйрығынан өзінің адалдығын, бір адамның мүддесінен қоғамның игілігін жоғары қояды. Егер бір шешіммен келіспейтін болса, үндемей қалмайды, өз позициясын дәлелдеп шығады», – дейді ол.

Аймағамбетов «эмоция деңгейінде бұл мінездің ешкімге ұнамайтыны анық, алайда жүйе үшін, дұрыс шешім қабылдау үшін өте маңызды мінез» дейді. Экс-министрдің сөзінше, вице-министрдің көбі, тіпті кейбір министрлер Парламентке, жұмыс тобының отырыстарына Шолпан Таңатқызы сияқты сенімді, әрі байсалды түрде бара бермейді. 

«Депутаттар мойындайтын және қабылдайтын бірден бір маман. Әркез Шолпан Таңатқызын жіберуді талап ететін. Маманның біліктілігі мен кәсібилігін мойындау емес пе бұл? Нәтижесінде, бірқатар заң қабылданып, нәтижелі жұмыс атқарылды. Министрлік ұжымында да, басқарма басшыларының арасында да сыйлы, беделі жоғары. Әріптестер одан ақыл сұрап, көмек сұрап, қолдау іздейтін. Пандемия кезінде Ковидпен бірнеше рет науқастанып қалса да, барлық қатерге төтеп бере алды. Марқұм Гүлмира Райынбекқызы екеуі ешқандай тыйымға қарамастан жұмысты тоқтатпай, өздерінің денсаулықтарына қарамай пандемия кезінде жұмыс істеді», – дейді ол.

Аймағамбетов Қаринова жайлы айта келе оның сұхбат беріп, «өз жұмысының ұтымды жақтарын көрсетіп, өзін мақтап, БАҚ-қа шыққанды ұнатпайтып адам» екенін еске алады. «Басқалары шықсын, көрсетсін, мен тек өз жұмысыммен айналысамын деген ұстанымын өзгерте алмадық» дейді экс-министр.

Еске сала кетейік, Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі болып осы жылдың сәуірінде тағайындалған. Қазір министрліктің ресми сайтында оның үш орынбасары (Оспан Еділ, Айбат Ілиясов, Тимур Әбілмәжінов) бары жазылған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →